Мемлекет басшысы Қазақстан Президентінің Өзбекстанға мемлекеттік сапары тарихи оқиға болғанын және Өзбекстан–Қазақстан стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастары дамуының маңызды кезеңін бастап бергенін зор ризашылықпен атап өтті.

Сапар аясында Жоғары Мемлекетаралық кеңестің екінші отырысы өтті, онда екіжақты күн тәртібіндегі маңызды мәселелер талқыланды.

Экономикалық ынтымақтастық мәселелеріне басым назар аударылды. Қазақстан – Өзбекстанның маңызды сауда серіктестерінің бірі екені айтылды.

Биылғы жылдың басынан бері тауар айналымы 15 пайызға өсіп, шамамен 4 миллиард долларға жетті. Оның көлемін 2030 жылға қарай 10 миллиард долларға жеткізу бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының ашылуы сапардың маңызды оқиғасы болды.

Бұл ілгері жоба елдеріміз арасындағы кооперациялық байланыстарды тереңдетуге және заманауи қосылған құн тізбектерін қалыптастыруға бағытталған.

Сонымен бірге, басым салаларда жалпы құны 1,3 миллиард доллар болатын жаңа жобалар іске қосылды.

Бұдан бөлек, көлік байланыстарын дамыту бағыттары жан-жақты талқыланды. Заманауи көлік дәліздерін бірлесіп дамыту, шекара маңы инфрақұрылымының тиімділігін арттыру, жүк тасымалдарын, соның ішінде Ақтау және Құрық порттары арқылы арттыру жөнінде келісімге қол жеткізілді.

Энергетика саласындағы ынтымақтастық, соның ішінде дәстүрлі және баламалы энергетика жөніндегі бірлескен жобаларды алға жылжыту стратегиялық бағыт ретінде белгіленді.

Тараптар қоршаған ортаны қорғау және суды тиімді пайдалану саласындағы, ең алдымен Орталық Азия өңіріндегі ынтымақтастықты кеңейтетін болды.

Мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелері де айрықша маңызға ие. Биыл Алматы мен Астанада «Лазги» балетінің қойылымы, суретшілер көрмесі, әдебиет форумы және жастар фестивалі табысты өтті. Өзбекстанда өткен Қазақстан медицинасы күндері халық арасында үлкен қызығушылық тудырып, жылы әсер қалдырды.

Ғылым мен білім мекемелері, шығармашылық және жастар ұйымдары арасындағы алмасуларды жандандыру, туризм саласындағы бірлескен бағдарламаларды кеңейту жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Тараптар өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға деген ұмтылыстарын тағы бір мәрте растады. Осы тұрғыдан алғанда, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесулері маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.

Ертең Ташкентте өтетін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының жетінші Консультативтік кездесуі аймақтық интеграция мен тұтас Орталық Азиядағы бірлікті нығайту үдерістеріне жаңа серпін беретіні айрықша атап өтілді.

Көпжақты құрылымдарда, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы, ШЫҰ, ТМД, Түркі мемлекеттері ұйымы және «Орталық Азия плюс» форматтарында өзара қолдауды жалғастырудың маңыздылығы айтылды.

– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлының сапары елдеріміз арасындағы одақтастық қатынастардың жоғары деңгейде екенін тағы бір рет айқын көрсетті, – деді Өзбекстан басшысы.

Соңында Президент Шавкат Мирзиёев қол жеткізілген уағдаластықтар мен жасалған келісімдер екіжақты серіктестікті нақты мазмұнмен байытатынына, бірлескен жобалар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына және бауырлас мемлекеттердің орнықты дамуына берік негіз қалайтынына сенім білдірді.