Мемлекет басшылары Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективаларын егжей-тегжейлі талқылаған кездесуде, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, оның ішінде өзара тауар айналымын арттыруға, бірлескен ынтымақтастық жобаларын іске асыруға, транзиттік-логистика, энергетика, су және ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен күш-жігерді жандандыруға басымдық берілді. Өңіраралық және мәдени-гуманитарлық алмасуларды жеделдету шаралары қарастырылды.

– Бүгін біз ынтымақтастығымызды одақтастық қатынастар деңгейіне көтеріп, тарихи шешім қабылдап жатырмыз. Біз ғасырлар бойы қалыптасқан достықты, тату көршілікті, өзара сенім мен кең ауқымды серіктестікті одан әрі нығайтуға бел байлаймыз. Ол үшін барлық мүмкіндіктер мен ресурстарды пайдаланамыз. Біздің мақсатымыз – бауырлас халықтарымыздың сан қырлы ынтымақтастығын нақты мазмұнмен байыту, – деді Шавкат Мирзияев.

Екі ел басшылары стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту мақсатында Өзбекстан Республикасы мен Қазақстан Республикасының Мемлекетаралық Жоғарғы кеңесі, Парламентаралық ынтымақтастық кеңесін және Сыртқы істер министрлері кеңесін құруға келісті.

Келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықтың жаңа «өсу нүктелері», басымдықтары мен маңызды міндеттері белгіленді.

Тараптар экономиканың түрлі салаларында жаңа бірлескен кәсіпорындар құру арқылы өзара тиімді серіктестікті дамытудың маңыздылығын атап өтті. Инвестицияларды тарту, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, энергетика, фармацевтика, құрылыс салалары басым бағыттар ретінде белгіленді.

Өзбекстан Президенті біздің елдер мен үшінші елдердің нарықтарына шығуды қамтамасыз ету үшін жаңа дәліздер құрудың маңыздылығын атап өтті. Басшылар «Үшқұдық-Қызылорда» теміржолы мен автомобиль жолының, сондай-ақ «Түркістан-Шымкент-Ташкент» жүрдек теміржолының құрылысын жеделдетуге келісті.

Сондай-ақ су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері қозғалды. Осы мақсатта екі ел арасындағы су қатынастарының барлық бағыттары бойынша өзара тиімді ынтымақтастықтың тұрақты, ұзақ мерзімді тетіктерін әзірлеу және ұсыныстар дайындау жөніндегі Жұмыс тобының жұмысын жалғастыру келісілді. Суды үнемдейтін жаңа технологияларды жеделдете енгізу, Арал өңірінде орман өсіруді қалыптастыру бойынша бірлескен іс-шараларды жүзеге асыру бойынша бірлескен практикалық жұмыс қажет екендігі айтылды.

Тараптар Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында өзара мүдделер мен аймақтық жақындасу идеясын ілгерілете отырып, сыртқы саясат саласында тығыз жұмыс істеуге ниет білдірді. Президенттер Орталық Азия мемлекеттері басшылары саммитінің форматын қатысушы мемлекеттердің мүдделерін қатаң сақтау негізінде бар әлеуетті толық пайдалану үшін жетілдіру бойынша мақсатты жұмыс істеуге келісті.

Сонымен қатар, гуманитарлық алмасуларды кеңейту, білім, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет және өнер, туризм және спорт салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.

Қазақстан Президенті халықтарымыздың рухани жақындығы мен көп ғасырлық достығының символы ретінде Нұр-Сұлтан қаласында Әлішер Науаи мүсіні орнатылатынын атап өтті.