Өзбекстан мен Түркия Президенттері көпжақты әріптестікті одан әрі кеңейту мәселелерін талқылады

    Билік 16 Mart 2023 5662

    Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 15 наурызда Анкараға келгеннен кейін Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесті.

    Мемлекет басшысы Түркия басшысына өткен айда осы елдің оңтүстік-шығыс провинцияларында болған жойқын жер сілкінісіне байланысты көңіл айтты. Зардап шеккен аумақтарды қалпына келтіру және жаңа инфрақұрылымдар салу бойынша қабылданған шараларды толығымен қолдады.

    Түркия Президенті, өз кезегінде, Өзбекстан Президенті мен халқына табиғи апаттың салдарын жоюға көрсеткен бауырластық көмегі, құтқару жұмыстарына белсенді қатысқаны, зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсеткені үшін шынайы алғысын білдірді.

    16 наурызда өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммиті ұйым елдері арасындағы ынтымақ пен бауырластық байланыстардың жарқын көрінісі болатынына сенім білдірілді.

    Кездесуде Өзбекстан-Түркия жан-жақты стратегиялық серіктестік қарым-қатынастарының даму қарқыны атап өтілді.

    Өзара тауар айналымының көлемі артып келеді, өткен жылы 370 жаңа кәсіпорын құрылды. Кейінгі алты жылда Түркияның Өзбекстан экономикасына салған инвестициясы 3,5 миллиард долларды құрады.

    Энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс материалдарын өндіру, жеңіл өнеркәсіп және басқа да салаларда ірі жобалар жүзеге асырылуда.

    Сондай-ақ алдағы жоғары деңгейдегі іс-шаралардың жоспары, оның ішінде Стратегиялық әріптестік кеңесінің келесі отырысына дайындық мәселелері талқыланды.

    Мемлекет басшыларының кездесуі әдеттегідей ашық, сенімді және достық жағдайда өтті.

    Кездесу соңында Өзбекстан мен Түркия арасындағы көп қырлы және өзара тиімді қарым-қатынастарды жан-жақты дамытуға қосқан зор үлесі үшін Түркия Республикасының вице-президенті Фуат Октай «Достық» орденімен марапатталды.