Соңғы бес жылда Өзбекстанда энергетика саласында көптеген жобалар жүзеге асырылып, электр энергиясын өндіру көлемі 30 пайызға артып, 81,5 миллиард киловатт сағатқа жетті. Артып келе жатқан сұранысты өтеу мақсатында қайта жаңғыртылатын энергия көздері де белсенді дамытылуда. Бүгінде бұл көздердің жалпы генерациядағы үлесі 16 пайызға жетіп, былтыр қосымша 3,2 гигаваттық қуат іске қосылды.
Бұл салада болашақты ойлап, бүгіннен бастап дайындық көру қажет. 2035 жылға қарай елдегі электр энергиясына сұраныс 121 миллиард киловатт сағатқа жетеді деген болжам бар. Осыған байланысты энергетиканы барлық бағыттарда дамыту шаралары қабылдануда.
Атап айтқанда, 2030 жылға дейін жалпы генерацияда «жасыл» энергияның үлесін 50 пайызға жеткізу жоспарланған. Ұзақ мерзімде атом энергиясы негізгі базалық көздердің бірі ретінде қарастырылып отыр.
Қазіргі таңда шағын қуатты атом электр станциясын салу жобасы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл жобаны жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылау және «жол картасын» әзірлеу мақсатында жұмыс топтарының кездесулері өтті.
Халықаралық атом энергиясы агенттігімен (МАГАТЭ) 2025–2027 жылдарға арналған Бірлескен іс-қимыл жоспары әзірленді. Болашақ станция құрылысының әрбір кезеңі – жобалаудан бастап іске қосуға дейін МАГАТЭ-нің қатаң бақылауында болады және онда әлемдік үздік тәжірибелер мен қауіпсіздік талаптары қолданылатын болады.
Жиында жауапты мамандар жоба барысы және әріптестермен келіссөздер туралы есеп берді. Сондай-ақ рұқсатнамалар алу, қаржыландыру мәселелері мен ірі қуатты атом электр станциясының техникалық-экономикалық көрсеткіштері және оны салу жоспарлары қаралды.