Кеше бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының COVID-19 бойынша  төтенше жағдайлар жөніндегі комитетінің жиналысында айтылды.

Онда айтылуынша, өткен аптада әлемде коронавирустан қайтыс болғандар саны соңғы екі жылдағы ең төменгі көрсеткішке тең болған. Бірақ бұл пандемия аяқталды дегенді білдірмейді.

— Ауруды жұқтыру қарқыны жоғары, емдеу деңгейі көптеген мемлекеттерде өте төмендігінше қалуда, — дейді ДДСҰ-ның басшысы Тедрос Гебрейесус. — Карантинге байланысты шектеулерді жеңілдету инфекциялардың кең таралуы және жаңа штаммдардың пайда болу қаупін арттырады. Сондықтан пандемияның аяқталуына әлі ерте.

Сондай-ақ, Т. Гебрейесус пандемияның қазіргі кезеңінде үш фактордың «өте маңызды» екенін атап өтті. Бірінші фактор ретінде – халықтың карантинге байланысты әлеуметтік шектеулерден мезі болғанын айтқан.

Екінші фактор, бірінші кезеңде екпе алған немесе ауруға шалдыққан адамдарда қалыптасатын иммунитет қанша уақытқа созылатыны белгісіз.

«Ал, үшінші фактор - біз вирустың қалай дамитынын болжай алмаймыз», - дейді Гебрейесус.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жетекшісінің басты алаңдаушылығы – вакцинацияланбаған медицина қызметкерлерінің және дүние жүзіндегі басқа да қауіп тобына кіретін тиісті тұрғындар бөлігінің көптігінде.

Оның ескертуінше, табысы жоғары елдердің азаматтары әлдеқашан төртінші дозадағы екпені салуды бастаған. Бірақ әлем халқының үштен бірі әлі вакцинаның бірінші дозасын алған жоқ.  Африкада жасайтын адамдардың 83 пайызы мүлдем вакцинацияланбаған, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.