Өзбекстан мен Еуропалық Одақ арасында тарихи келісімге қол қойылды

    Саясат 24 Oktabr 2025 2620

    24 қазан күні Брюссель қаласында Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Еуропалық кеңестің Президенті Антониу Кошта және Еуропалық комиссияның Президенті Урсула фон дер Ляйеннің қатысуымен Өзбекстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға арналған салтанатты рәсім өтті.

    Аталған құжат 1996 жылғы Серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім негізінде құрылған Өзбекстан мен Еуропа арасындағы құқықтық базаны жаңартып қана қоймай, оны айтарлықтай кеңейтеді.

    Жаңа келісім жобасы бойынша келіссөздер 2019 жылдың ақпан айында басталып, 2022 жылдың шілде айында аяқталған. Құжатқа 2022 жылғы 6 шілдеде Брюссель қаласында параф қойылған болатын.

    Келісім 9 бөлімнен, 356 баптан және 14 қосымшадан тұрады. Ол екіжақты қатынастардың дерлік барлық саласын қамтиды және саяси диалогты нығайтуға, сауда мен инвестицияларды арттыруға, тұрақты дамуға, ғылым мен білімді, инновациялар мен жоғары технологияларды дамытуға, сондай-ақ қоршаған орта мен климаттың өзгеруіне ерекше назар аударып, өзара тиімді бағыттарда ынтымақтастықты кеңейтуге арналған жан-жақты құқықтық негіз қалыптастырады.

    Бұл келісімнің қабылдануы Өзбекстан мен Еуропалық Одақ арасындағы қатынастарда жаңа кезеңнің басталуын білдіреді және көпқырлы серіктестікті бұрын-соңды болмаған деңгейге көтереді.