Электротехника саласы – еліміз өнеркәсібінің жетекші күштерінің бірі. Соңғы жеті жылда экспорт көлемі 7 есеге артып, өнім жеткізілетін елдердің саны 63-ке жеткен. Бүгінде бұл салада 500-ге жуық кәсіпорын жұмыс істеп, онда 27 мыңнан астам азамат еңбек етуде.

Аталған әлеуетті одан әрі арттыру мақсатында биылғы жылдың 22 қаңтарында Өзбекстан Республикасы Президентінің «Электротехника өнеркәсібін дамытудың жаңа сатысына шығару жөніндегі қосымша шаралар туралы» қаулысы қабылданды. Қаулыға сәйкес, жоғары қосылған құны бар өнім өндіруді ынталандыру, инвестицияларды және шетелдік брендтерді тарту, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды дамыту бойынша нақты қадамдар белгіленген.

2025 жылдың бірінші тоқсанында салада өндіріс көлемі 7 триллион сумнан асты. 310 миллион АҚШ долларына жуық өнім экспортталып, бұл көрсеткіш 1,3 есеге өскені байқалды.

Аталған кезеңде 55 миллион доллар инвестиция игеріліп, оның 48 миллионы тікелей шетелдік инвестициялар мен несиелер есебінен қамтамасыз етілді.

Шетелдік брендтер аясында нарықта сұранысқа ие өнімдер өндіруге бағытталған, жалпы құны 900 миллион доллар болатын жобалар әзірленді. Қазіргі уақытта техникалық процестерді үйлестіру және қажетті технологияларды енгізу бағытында жұмыстар жүргізілуде.

Тұсаукесерде екінші тоқсан мен жыл соңына дейін жүзеге асырылатын негізгі жоспарлар да айтылды.

Биыл өндіріс көлемін 43 триллион сумға дейін жеткізу, шамамен 5 триллион сумға тең өнімдерді жергіліктендіру көзделіп отыр. Жалпы құны 656 миллион доллар болатын 71 жобаны жүзеге асыру арқылы 4 600 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Экспорт көлемі 1 миллиард 700 миллион АҚШ долларына дейін өсіп, өнім жеткізілетін елдердің саны 68-ге жетеді деп күтілуде.

Мемлекет басшысы қазіргі әлемдік экономикалық тұрақсыздық жағдайында электротехника өнеркәсібінде дұрыс даму бағытын таңдап, нарық талаптарына жедел бейімделудің маңыздылығын атап өтті. Жергіліктендіруді тереңдете отырып, жоғары қосылған құны бар өнімдер өндіру және заманауи технологияларға сай білікті мамандар даярлау қажеттігіне назар аударылды.

Сала бойынша жауапты тұлғаларға әрбір кәсіпорынмен жеке жұмыс істеу, өндірістік және логистикалық тізбектерде туындайтын мәселелерді шешу, экспорт географиясын әртараптандырып, жаңа нарықтар табу жөнінде нақты тапсырмалар берілді.