Әскердің жауынгерлік қабілетін нығайтуда әскери қызметшілердің кәсіби дайындығымен қатар, қорғаныс өнеркәсібін дамыту маңызды рөл атқарады. Президент бастамасымен Өзбекстанда заманауи қорғаныс өнеркәсібінің негізі қаланғаны тарихи маңызға ие болды. Қорғаныс министрлігі жанындағы агенттік қару-жарақты жаңғырту, жаңа технологияларды игеру және перспективалы әзірлемелерді әскерге енгізу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Аталған Инновациялық технологиялар орталығында 80-ге жуық әскери және қос мақсаттағы өнім түрлері шығарылады. Сондай-ақ робототехника мен ұшқышсыз аппараттар бойынша стартап-жобалар қолдау табуда.
Танысу барысында әскери техниканың жаңа үлгілері, қорғаныс саласын одан әрі дамытуға арналған перспективалы жобалар мен жоспарлар таныстырылды.
Мемлекет басшысы бұл – алғашқы қадамдар екенін атап өтіп, қорғаныс жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Өндірісті үздіксіз жетілдіріп, жаңа өнімдерді игеру, бұл ретте инновациялық технологиялар мен жасанды интеллектті кеңінен пайдалану қажеттігі баса айтылды.
Сонымен қатар салаға жеке секторды кеңінен тартып, әскери және қос мақсаттағы өнім түрлерін көбейту бойынша тапсырмалар жүктелді. Жаңа жұмыс орындарын ашу, мамандарды жүйелі түрде дайындау, жаңа техникалар бойынша ғылыми зертханалар құру мәселелеріне назар аударылды.
Айта кету керек, Өзбекстан қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындары халықаралық мамандандырылған көрмелерге белсенді қатысып келеді. Атап айтқанда, биыл 17-21 ақпан аралығында Абу-Даби қаласында (БАӘ) өтіп жатқан “IDEX-2025” көрмесінде Өзбекстанда өндірілген 100-ден астам әскери техника мен өнімнің үлгілері көрсетілуде. Шетелдік серіктестердің ерекше қызығушылығын тудырған “Арслан 8×8” және “Арслан 6×6” бронетранспортерлері, “Тофон” өздігінен жүретін гаубицасы да солардың қатарында.
Танысу соңында Президент қорғаныс өнеркәсібін одан әрі дамытудың стратегиялық бағыттарын белгілеп, жауапты басшыларға өнім сапасын жоғарылату, өндірістік әлеуетті кеңейту және жергілікті кәсіпорындардың халықаралық нарықтағы орнын нығайту жөнінде нақты міндеттер жүктеді.