Мемлекет басшысы алдымен жерасты автотұрағы мен жаяу жүргіншілер өткелін салу барысын көрді.
Құрылыс алаңы 40 мың шаршы метрді құрайтын, құны 100 миллион АҚШ долларына бағаланған бұл автотұрақтың бірінші кезеңінде 200 жеңіл автокөлікке, сондай-ақ 30 мотоцикл мен скутерге арналған орын қарастырылған. Қозғалыстың төрт тараптан да қолайлы әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз ету мақсатында жаяу жүргіншілер өткелі салынады.
Мұнда автоматтандырылған автотұрақ жүйелері, велосипедтерді жалға беру орындағы ұйымдастырылып, электромобильдерді қуаттайтын станциялар да орнатылады. Аталған автотұрақты 2026 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Президент заманауи автотұрақтар санын арттыру, олардың тұрғындар үшін барынша ыңғайлы болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ болашақта электромобильдердің үлесі артатынын ескере отырып, оларды қуаттау инфрақұрылымын одан әрі дамыту жөнінде тапсырмалар берді.
Жаңа Ташкентте министрліктер мен ведомстволардың жұмысын ұйымдастыру үшін әкімшілік ғимараттар салынып жатыр.
Атап айтқанда, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық министрлігінің модульдік үлгідегі жаңа ғимараты бой көтерді.
1,4 гектар аумақта жалпы көлемі 5751 шаршы метрді құрайтын, бір қабатты 5 ғимарат жеңіл металл конструкциялар мен базальт жамылғылы сэндвич-панельдерден салынған.
Бұл ғимарат министрліктің орталық аппараты мен жүйедегі ұйымдарды бір жерде орналастыруға мүмкіндік беріп, мекемелер арасындағы өзара ықпалдастық пен жұмыс үдерістерінің тиімділігін арттырады.
Жеңіл конструкциялар, энергия үнемдейтін сэндвич-панельдер, дербес кәріз жүйесі, тиімді орталықтандырылған жылыту, салқындату және желдету жүйелері ғимараттың пайдалану шығындарын азайтуға, болашақта оны кеңейтуге немесе демонтаж жасауға мүмкіндік береді әрі икемділігін қамтамасыз етеді.
Қазіргі таңда жаңа ғимаратта министрліктің орталық аппараты мен жүйеге тиесілі ұйымдарда жұмыс істейтін жалпы саны 550 қызметкер еңбек етуде.
Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық министрлігі жанындағы Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту республикалық орталығы да осы ғимаратта орналасқан.
Қазіргі уақытта орталық «Ашық құрылыс» ұлттық ақпараттық жүйесі негізінде бірқатар платформаларды іске қосты.
Мемлекет басшысына платформалардың қызметі туралы ақпарат берілді.
Атап айтқанда, «Өзбекстан Республикасының мемлекеттік қала құрылысы кадастры» геоақпараттық жүйесінде қала мен аудандар аумағына қатысты барлық әлеуметтік-экономикалық деректер бірыңғай цифрлық базаға жинақталған. Геопортал арқылы елді мекендердің 3D форматтағы «цифрлық егіздері» жасалып, реконструкция және реновация аймақтары айқындалды, сондай-ақ аумақтарды кешенді талдау мүмкіндігі жасалды.
Бас жоспарларды әзірлеу және қоғамдық талқылаудан өткізу, сондай-ақ солардың негізінде құрылысқа рұқсат беретін құжаттарды рәсімдеу үдерістері толық цифрландырылды.
Бүгінге дейін 20 қала, 22 кент және 843 аудан елді мекенінің цифрлық бас жоспарлары әзірленіп, геопорталға орналастырылды.
«Рейтинг» электрондық платформасында құрылыс ұйымдарының қызметін бағалау автоматтандырылды. «Тендер» электрондық платформасы министрліктер мен ведомстволардың электрондық жүйелерімен ықпалдастырылды. «Құрылыс саласында мемлекеттік қызметтер көрсету» электрондық платформасының жаңа нұсқасы дайындалып, саладағы барлық 9 қызметті қамтыды.
Сондай-ақ «Жобалық-сметалық құжаттарды сараптамадан өткізу», «Құрылыста мемлекеттік бақылау», «Менің үйім», «Менің аумағым», «Жылумен жабдықтау биллинг жүйесі» секілді бірқатар платформалар да іске қосылған.
Жүйені одан әрі жетілдіру және ашықтықты арттыру бойынша жауапты тұлғаларға тапсырмалар берілді.
Мемлекет басшысы осы жерде жас мамандармен де сұхбаттасты.
– Кешегі алған біліммен бүгін үлкен нәтижеге жету қиын. Ол үшін күн сайын ізденіп, нақты ғылымдарды, әсіресе ақпараттық технологияларды терең меңгеру қажет. Бұл құрылыс саласы үшін де аса маңызды, – деді Президент.