– Кейінгі тоғыз жылда сіздер және ел-жұртымызбен бірге үлкен даму жолынан өттік. Экономикамыз қайта қалыптасты, нарықтық қатынастарды дамыттық, әлеуметтік қорғауды кеңейттік, заң үстемдігін нығайттық. Ең бастысы, жүргізілген реформалардың нәтижесін әрбір махалла, әрбір отбасы және әрбір адам күнделікті өмірінде сезініп отыр, – деді Мемлекет басшысы сөзінің басында.
Қаншалықты қиын екеніне қарамай, басталған демократиялық реформалардың табандылықпен жалғасуы, халқымыздың қолдауы мен жастарымыздың жігер-қайраты, қоғамның бірлігі мен ынтымағының негізі саналатын махалланың өміріміздегі рөлі мен ықпалының артуы, адамдардың санасы мен дүниетанымының өзгеруі, ел-жұртымыздың бұрынғыдан да топтасуы, кәсіпкерлер, диқандар мен фермерлердің бастамашылдығы мен адал еңбегі, өзара тиімді ынтымақтастыққа негізделген достық сыртқы саясаттың арқасында 2025 жылы барлық салаларда зор жетістіктерге қол жеткізілді.
Биыл еліміз тарихында алғаш рет жалпы ішкі өнім көлемі 145 миллиард АҚШ долларынан асты. Осы жыл экспорт көлемі 23 пайызға өсіп, 33,4 миллиард долларға жеткені атап өтілді. Ең маңыздысы, алтын-валюта резервтері алғаш рет 60 миллиард доллардан асты.
Экономикаға тартылған шетелдік инвестициялар көлемі 43,1 миллиард долларға жетті. Жалпы инвестициялардың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 31,9 пайызды құрады. Жетекші халықаралық рейтинг агенттіктері еліміздің егемендік рейтингін «BB-« деңгейінен «BB» деңгейіне көтерді.
Энергетика саласында түбегейлі бетбұрыс жасалуының нәтижесінде электр энергиясын өндіру көлемі 85 миллиард киловатт-сағатқа жеткізілді.
Биыл 188 махаллада тұратын 715 мың тұрғынның үйіне алғаш рет таза ауызсу жеткізілді, сондай-ақ шамамен 2 миллион 300 мың азаматты ауыз сумен қамтамасыз ету жақсарды.
Биылғы жылы 5 миллион адам тұрақты табысқа ие болып, жұмыссыздық деңгейі 5,5 пайыздан 4,9 пайызға төмендеді. Шамамен 1,5 миллион әлеуметтік жағынан мұқтаж тұрғын кедейліктен шығарылды, алғаш рет 1435 махалла «кедейлік жойылған» аумаққа айналды.
Кедей отбасылардан шыққан 168 мың бала мемлекеттік балабақшаларға жеңілдетілген негізде қабылданды. Биылдан бастап 208 балабақшада алғаш рет инклюзивті білім беру жүйесі енгізілді.
Елімізде кедейлік деңгейі жыл басындағы 8,9 пайыздан 5,8 пайызға дейін төмендеді.
– Бұл жұмыстарды бастаған кезде халықтың үштен бірі кедейлік шегінде өмір сүріп жатқан еді. Несие, субсидия, өтемақы секілді 100-ден астам қызмет түрлері арқылы әлеуметтік қорғаудың мүлде жаңа жүйесін қалыптастырып, оны махаллада жұмыс істейтін «жетілікке» бергеніміз нәтижесінде 8,5 миллионнан астам адам кедейліктен шықты, ал жұмыссыздық деңгейі екі есе қысқарды.
Осының арқасында үш жыл бұрын кедейлікті 2026 жылдың соңына дейін екі есе азайту жөнінде қойған мақсатымызды биылдың өзінде орындап шықтық, – деді Президент.
Сондай-ақ дарынды ұл-қыздарымыздың білім, ғылым, мәдениет, өнер, спорт және басқа да салаларда қол жеткізіп жатқан ірі жетістіктері Жаңа Өзбекстанның өркендеуіне лайықты үлес қосып отырғаны атап өтілді.
Соңғы жылдары еліміз жаһандық мәселелер талқыланатын халықаралық диалог алаңына айналып келе жатыр.
Атап айтқанда, биыл Парламентаралық одақтың 150 жылдық мерейтойлық Ассамблеясы, ЮНЕСКО Бас конференциясының сессиясы, «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» саммиті және халықаралық Климат форумы Өзбекстанда өтті.
Сондай-ақ, наурыз айында Худжанд қаласында өткен Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан көшбасшыларының кездесуінде алғаш рет үш елдің мемлекеттік шекаралары түйісетін нүкте туралы тарихи келісімге қол қойылып, «Мәңгілік достық туралы декларация» қабылданды.
Жуырда Ташкентте өткен аймақ елдері басшыларының Консультативтік кездесуінде интеграциялық үдерістерді сапалық жаңа деңгейге көтеру мақсатында Орталық Азия қауымдастығының стратегиялық форматын құру идеясы ұсынылды. Әзербайжанды Орталық Азия форматына толыққанды мүше ретінде қабылдау жөніндегі қаулы тарихи маңызға ие болды.
Президентіміз атап өткендей, бұл қадам Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ арасындағы стратегиялық байланыс пен тұрақтылықты күшейтетін болады.
Қазан айында Брюссельде Өзбекстан мен Еуропалық Одақ арасында Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Қараша айында өткен Орталық Азия – АҚШ саммиті көпжақты және ұзақ мерзімді серіктестікті сапалық тұрғыдан мүлде жаңа деңгейге көтеруге қызмет етті. Өткен аптада Токиода Орталық Азия және Жапония көшбасшыларының кездесуінде білім беру, денсаулық сақтау, цифрлық технологиялар, инфрақұрылым және өнеркәсіп салалары бойынша маңызды келісімдерге қол жеткізілді.
Ал осы аптаның басында Санкт-Петербургте Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы басшыларымен өткен кездесу де ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындап берді.
– Мұның барлығы халықаралық байланыстарды мазмұндық тұрғыдан жаңа кезеңге шығарып отыр. Біз әлемнің алыс-жақын елдерімен, Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасында ынтымақтастық көпірін құруды жалғастырамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Махалла мен тату көршілік – өзара үйлескен құндылықтар. Олар қоғамдағы әлеуметтік капиталды одан әрі байытуға өлшеусіз үлес қосады.
Елімізде жүргізілген әлеуметтік сауалнамаларға қатысқандардың 90 пайызы өзін махалла қауымдастығының бір бөлігі санайтыны да осыны дәлелдейді. Осы негізде махаллада Отан тағдырына қатысты жауапкершілік сезімінің жоғары болуы бұл институттың, ең алдымен, әлеуметтік бірліктің қайнар көзі екенін көрсетеді.
– Тарих барысында қаншалықты ауыр сынақтарға тап болсақ та, біз ең алдымен бірліктен күш алдық. Қиын кезеңдерде халқымыз, махалла тұрғындары иық тірестіріп, қиындықтарды еңсерді. Отбасы – отбасына, көрші – көршіге қолдау көрсетіп өмір сүрді. Біз осындай бірегей құндылығымызға әрдайым адал болып, жас ұрпақты дәл осы рухта тәрбиелеуіміз қажет.
Бүгінгі таңда қоғамда түрлі пікір мен көзқарастың болуы – табиғи құбылыс. Бұл – демократияның басты талаптарының бірі.
Алайда ұлтына, тіліне, дініне қарамастан, 38 миллион халқы бар ел-жұртымызды біріктіретін ұлы бір идея бар. Ол – Отан мүддесі, халық мүддесі.
Осындай асқақ мақсатқа жетуде махалла жүйесінің орны мен ықпалы айрықша. Өйткені махалла тыныш әрі тату болса, қоғам да бейбіт әрі ынтымақты болады. Махалла дамыса, бүкіл еліміз өркендейді, – деді Президентіміз.
Осының барлығын ескере отырып, Мемлекет басшысы 2026 жылды елімізде «Махалланы дамыту және қоғамды өркендету жылы» деп жариялауды ұсынды.
Бұл бастаманы жиналғандар қуана қолдады.
Жаңа жыл бағдарламасында республикадағы 9 мыңнан астам махалланы, ең алдымен, мейірім мен ынтымақтың, әділдік пен тәрбиенің ордасына айналдыру секілді өзекті мәселелер қамтылатын болады.
– Біз Жаңа Өзбекстанды қалыптастыруда шешуші кезеңге қадам басып отырмыз. Бұл жолдағы жұмыстарымыз әрбір сала мен бағытта терең трансформацияны талап етеді.
Мақсатымыз айқын: таяу жылдары табысы ортадан жоғары елдер қатарына қосылу.
Ферғана аңғарынан Арал өңіріне дейін, Зарафшан алқабынан Қашқадария мен Сұрхандарияға дейін, Ташкенттен бастап Жызақ пен Сырдарияға дейін – еліміздің қай өңірінде тұрмасын, әрбір азаматымыз бүгіннен бастап реформалардың нәтижесін күнделікті өмірінде бұрынғыдан да айқын сезінуі тиіс.
Сондықтан алда келе жатқан 2026 жыл мемлекеттік басқару, сот-құқық жүйесі, экономиканың барлық салалары, білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және экология жүйесін қоса алғанда, барлық бағыттарды дамытуда түбегейлі бетбұрыс жылы болады, – деді Президент.
Мемлекет басшысы 2026 жылы орындалатын ең маңызды басым бағыттарға жеке-жеке тоқталып өтті.
Бірінші, махалла инфрақұрылымын одан әрі жақсарту және оған Жаңа Өзбекстанның жаңа келбетін енгізу.
Махалла инфрақұрылымын түбегейлі жаңарту арқылы елімізді жан-жақты дамыту, оның көркін көркейту және абаттандыру жұмыстары жалғасын табады.
Келесі жылдан бастап махалланы дамытуда кешенді тәсіл енгізіледі. Урбанизация мен қалаларды орнықты дамытуға бағытталған жаңа реформалар басталады.
Кәсіпкерлікті қолдау саясаты жалғасып, 2026 жылы негізгі салық мөлшерлемелері өзгеріссіз қалады. Кәсіпкерлік инфрақұрылымы жобаларына 10 триллион сумнан астам қаражат бөлінеді. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін 140 триллион сум көлемінде ресурс қарастырылады. Оның ішінде 43 триллион сум қыз-келіншектер мен жастар кәсіпкерлігін қолдауға бағытталады.
Екінші, экономиканы технологиялық және инновациялық өсу моделіне көшіру.
Бұдан былай әрбір доллар инвестиция, ең алдымен, озық технологиялар трансферіне, сыртқы нарығы айқын, қосылған құны жоғары өнім өндіруге, энергия, су, жер және өзге де табиғи ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыруға, жергілікті мамандарды жаңа технологиялармен жұмыс істеуге үйретуге және еңбек өнімділігін өсіруге қызмет етуі тиіс екені атап өтілді.
Жаңа технологиялық кезеңге өту және қосылған құн тізбегін кеңейту мақсатында өнеркәсіпті дамыту бағдарламасы іске қосылады. 2026 жылы жалпы құны 52 миллиард доллар болатын 782 жаңа өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жобаға старт беріледі. Ал келесі жылдың өзінде 14 миллиард долларлық 228 ірі өндірістік қуат пайдалануға беріледі.
Келесі жылы экономикада 6,6 пайыз өсу қамтамасыз етіліп, жалпы ішкі өнім көлемін 167 миллиард долларға жеткізу болжанып отыр.
Инновацияға негізделген жоғары технологиялық өнім өндіретін кәсіпорындар ынталандырылады. Кәсіпорын мамандарының ғылыми-зерттеу және конструкторлық әзірлемелерден тапқан табысы салықтан босатылады.
Келесі жылы Ташкент қаласы, Бұхара, Ферғана мен Ташкент облысында 4 дата-орталық, 2 суперкомпьютер және 15 жоғары оқу орнында жасанды интеллект зертханалары іске қосылады. Бұл медицина, көлік, ауыл шаруашылығы, геология, банк-қаржы, қоғамдық қауіпсіздік секілді маңызды салаларда 100-ден астам жасанды интеллект жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
– Бүгін сіздерге тағы бір маңызды жаңалықты айтқым келеді. Тәуелсіз Өзбекстан тарихында алғаш рет ғарыш саласында жасанды жер серігін ұшыру және еліміз азаматы, тұңғыш өзбек космонавтын ғарышқа жіберу жөніндегі жұмыстарды бастадық, – деді Президент.
Мемлекет басшысы үшінші басты бағыт – ішкі нарықтағы сұранысты ынталандыру мәселесіне тоқталды.
Соңғы тоғыз жылда қолайлы бизнес ортасы қалыптасып, тауарлар мен қызмет түрлері мен көлемі артты. Табысы аз отбасыларға жыл сайын кемінде 1 миллиард доллар көлемінде жеңілдетілген несие берілуі, инфляция деңгейінің «бір таңбалы» көрсеткішке түсуі нәтижесінде халықтың сатып алу қабілеті екі есе өсті.
Халықтың қажеттілігін ескере отырып, экономикада ең жоғары сұраныс тудыратын тұрғын үй ипотекасына 2026 жылы 23 триллион сум ресурс бөлінеді. Тұрғын үй сатып алуда бастапқы жарна мен пайыздық төлемдердің бір бөлігін өтеу үшін 2 триллион 700 миллиард сум субсидия қарастырылады. Сондай-ақ бір пәтерге берілетін жеңілдетілген ипотекалық несие көлемі 15 пайызға арттырылады.
Қызметтерге деген сұранысты ынталандыру үшін 2026 жылы салаға 85 триллион сум несие, 9 триллион сум субсидия бөлінеді. Атап айтқанда, білім беру қызметі үшін бюджеттен 7 триллион сум қарастырылады.
Алдағы бес жылда шетелдік туристер санын екі есе арттыру, туризм қызметінің көлемін 20 миллиард долларға жеткізу жөнінде ауқымды меже қойылып отыр. Осы мақсатта туризм инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.
Туристер ағынының жыл санап артуы әуе және теміржол көлігімен жолаушы тасымалдау қуатын екі есеге ұлғайтуды талап етіп отыр. Осыған байланысты 2026 жылға қарай әуе паркіндегі әуе кемелерінің саны 120-ға жеткізілмек.
Ішкі теміржол инфрақұрылымын дамыту жөнінде бес жылдық бағдарлама қабылданады. Қалаларды жүрдек пойыздармен байланыстыру мақсатында 2026 жылдан бастап қосымша 500 шақырым теміржол құрылысы басталады. Автомобиль жолдарының сапасын жақсарту және транзиттік әлеуетті арттыру үшін де бес жылдық бағдарлама орындалады.
Кәсіпті дамыту және жаңа еңбек нарығы архитектурасын қалыптастыру – келесі жылға арналған бағдарламаның төртінші басты бағыты.
Қазіргі таңда жаңа технологиялар, цифрландыру және жасанды интеллекттің ықпалымен әлемде жұмыс орындарының саны, формасы мен мазмұны түбегейлі өзгеріп келеді. Алдағы бес жылда қолданыстағы кәсіптердің 30 пайызы толық автоматтандырылып, 50 пайызы бойынша жаңа дағдылар талап етіледі.
– Енді еліміздің еңбек нарығы кәсіп, біліктілік, технология және білім беруді біріктіретін бірыңғай тетік ретінде мүлде жаңа архитектура негізінде жұмыс істеуі қажет, – деді Президент.
2026 жылдан бастап жыл сайын кемінде 100 техникалық колледж толық жөндеуден өтіп, технологиялық және сұранысқа ие мамандықтарға сай жабдықталады. Германия, Швейцария, Ұлыбритания, Қытай, Корея секілді елдердің озық білім беру бағдарламалары енгізілген техникалық колледждердің саны 100-ге жеткізілмек.
2026 жылы 7 облыста, ал 2027 жылы қалған өңірлерде Алдыңғы қатарлы кәсіби шеберлік техникумы мен «Өнер-кәсіп қалашығы» өз жұмысын бастайды.
Денсаулық сақтау саласында да кәсіби білім беруді дамыту мақсатында Ұлыбританияның «Пирсон» компаниясымен әр өңірдегі бір техникумда халықаралық стандарттарға сай мейірбикелер даярлау жолға қойылды. Енді бұл техникумдарға Германия, Швейцария, АҚШ, Жапония секілді елдердің білім беру бағдарламалары да енгізіледі.
Осының нәтижесінде халықаралық талаптарға сай, шет тілдерін меңгерген мейірбикелер корпусы қалыптасады.
Бесінші, экологиялық тепе-теңдікті қамтамасыз ету, «жасыл» энергетиканы дамыту және су ресурстарын ұтымды пайдалану.
Ірі кәсіпорындарға сүзгілер, тазарту нысандары мен атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтарды бақылау станцияларын орнату үшін 100 миллион доллар көлемінде кредиттік желі ашылады.
Қалалардағы көлік кептелісі адамдардың өмір сүру сапасын төмендетіп қана қоймай, экологияға да елеулі зиян келтіріп отырғаны атап өтілді. Осыған байланысты әлемдік тәжірибе негізінде автокөліктерден шығатын зиянды заттар деңгейіне қарай экологиялық стикерлер беру жүйесі енгізіледі.
Қоршаған ортаға көп зиян келтіретін автокөліктердің елордаға, облыс орталықтары мен қалаларға кіруі шектеледі. Мұндай көліктерді жаңасына ауыстыру немесе оларға сүзгі орнату үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі.
Ескі көлігін ауыстырғысы келетін азаматтарға автонесие пайыздарының бір бөлігі өтеледі. Ал сүзгі орнатып, зиянды шығарындыларды азайтуға дайын жүргізушілерге шығындарының бір бөлігі субсидия ретінде беріледі.
Ташкент қаласы мен ірі қалаларда қоғамдық көлікті дамыту маңызды бастамалардың бірі болады.
Экологиялық таза көліктерді көбейтуге арналған бес жылдық бағдарлама іске қосылады. Бағдарлама аясында отандық электромобильдерге 12 пайыздық, ал шетелдік электромобильдерге 16 пайыздық автонесиелер ұсынылады.
Электромобильдерді қуаттау станцияларын салу үшін кәсіпкерлерге 10 пайыздық жеңілдетілген несие беріліп, жер телімдерін аукцион арқылы екі есе арзан бағамен сатып алу мүмкіндігі жасалады.
Қуаттау станцияларында электромобильдерді зарядтау кезінде 1 киловатт-сағат электр энергиясының 300 сумнан асатын бөлігі мемлекеттік бюджет есебінен өтеледі. Сонымен қатар электромобильмен такси қызметін көрсететін азаматтарға да бірқатар жеңілдіктер қарастырылады.
Шаң-тозаңның алдын алу мақсатында Сұрхандария өңірінде 10 мың гектар аумақта «жасыл аймақ», ал Сырдарияда ұзындығы 84 шақырымдық «жасыл белдеу» құрылады. Қарақалпақстан, Хорезм, Бұхара және Науаи өңірлерінде жалпы 250 мың гектар жерге, соның ішінде Арал теңізінің құрғаған аймағындағы 115 мың гектар аумаққа ағаштар мен бұталар отырғызылады. Әр өңірде ботаникалық және дендрологиялық бақ, сондай-ақ 20 көлеңкелі серуен көшесі салынатын болады.
Жалпы алғанда, 2026 жылы экология саласына 1 триллион 900 миллиард сум бағытталады.
Суды үнемдейтін технологияларды енгізу шараларына 2026 жылы жалпы 3 триллион 300 миллиард сум бөлінеді.
Сондай-ақ 1300 шақырым ірі магистральды канал бетонмен қапталады. Бұл қосымша түрде жылына 500 миллион текше метр су үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, жергілікті жерлердегі ашық дренаж және коллектор жүйелерін жабық жүйеге көшіру бойынша арнайы бағдарлама қабылданады. Каналдарды жабық жүйеге көшіру бағытында ірі жобалар іске қосылады.
160 миллион долларлық ауқымды бағдарлама аясында Ташкент қаласында 150 шақырым жабық дренаж жүйесі салынады, 197 шақырым канал мен коллектор жөнделеді, 63 шақырым жаңа канал құрылысы жүргізіліп, қалада салқын микроэкологиялық орта қалыптастырылады.
Алтыншы, заманауи мемлекеттік басқару мен әділетті сот-құқық жүйесін қалыптастыруға бағытталған реформаларды жалғастыру.
Ең алдымен, 2026 жылдан бастап Электронды үкімет платформасы түбегейлі жаңартылады.
Енді барлық мемлекеттік органдардың 1 мыңнан астам мемлекеттік қызметі, 5 мыңнан аса функциясы мен міндеті, 240 дерекқоры мен ақпараттық жүйесі, сондай-ақ 100 мыңнан астам мемлекеттік қызметшінің махалла, аудан, облыс және республика деңгейіндегі өкілеттіктері Бірыңғай цифрлық платформаға интеграцияланады.
– Ең бастысы, мемлекеттік қызмет көрсетуде адам факторынсыз, сыбайлас жемқорлық пен бюрократиясыз экожүйе қалыптастырамыз. Мемлекеттік қызметтерді проактивті және кешенді түрде көрсету жүйесін дамытамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан былай мемлекеттік сатып алуларда тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді тікелей сатып алу жағдайлары тек заңмен ғана белгіленеді.
Конституциялық реформалар аясында облыс әкімдері мен жергілікті кеңестер төрағаларының лауазымдары бөлінген болатын. Енді бұл жүйе 2026 жылдан бастап 208 аудан мен қалада енгізіледі.
Мемлекет басшысы реформалардың тиімділігін қамтамасыз етуде азаматтық қоғам институттарының рөлі аса маңызды екенін атап өтті. Осыған байланысты оларды қолдау саясаты алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады. Атап айтқанда, азаматтық қоғамды дамыту жөніндегі бес жылдық стратегия әзірленеді.
– Тағыда қайталап айтамын, еліміздегі кең ауқымды жаңғырулар кезеңінде ашықтық саясатынан ешқашан бас тартпаймыз. Сөз бен баспасөз еркіндігін қамтамасыз ету – басты ұстанымымыз болып қала береді, – деді Президент.
Сот-құқық жүйесін халыққа жақындату бағытындағы жұмыстар дәйекті түрде жалғастырылады.
Әділетті сотты орындауда қоғамдық қатысу мен рөлді арттыру қажеттігі айтылды. Енді қылмыстық процеске ағылшын құқығы қолданылатын елдерде оң нәтиже берген «Алқабилер институты» кезең-кезеңімен енгізіледі.
Есірткі қылмысына қарсы күрес жалпыұлттық қозғалысқа айналып, қоғамда бұл індетке мүлде төзбеушілік ортасы қалыптастырылады.
Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін барлық мемлекеттік органдар мен кең жұртшылықты жұмылдыра отырып, мұндай келеңсіз жағдайларға тосқауыл қоятын тиімді жүйе құру тапсырылды.
– Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің дамуына кедергі келтіретін, әділет пен заң үстемдігін әлсірететін, қоғамдағы сенім ортасын бұзатын ең қауіпті қатер. Оған жол беру – реформаларымызға жасалған сатқындық!
Осы кеселге қарсы күрес аясында 2026 жылы «төтенше жағдай» жариялаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Барлық ведомстволарда комплаенс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы ішкі бақылауға жауапты орынбасар лауазымы енгізіледі. Есеп палатасының өкілдері жұмыс істейді. Мемлекеттің әрбір теңгесі мен ресурсына қатысты жеке жауапкершілік күшейтіледі.
Әлемде күрделі геосаяси және экономикалық мәселелер ушығып отырған жағдайда, барлық мемлекеттермен тең құқықты әрі конструктивті қатынастарды нығайтуға, теңгерімді әрі ашық сыртқы саясат жүргізуге бағытталған жұмыс жалғасады. Беделді халықаралық және өңірлік ұйымдармен, экономикалық институттармен ынтымақтастық жаңа деңгейге көтеріледі.
– Қол жеткізілген ауқымды нәтижелер мен жаңа өзекті міндеттер «Өзбекстан – 2030» стратегиясын қайта қарауды талап етеді.
Еліміздің алдағы бес жылдық дамуына қатысты бұл құжат кең қоғамдық талқылаудан өтіп, халықтың пікір-ұсыныстары негізінде жетілдіріледі, – деді Президент.
Алдағы жылы әлеуметтік-мәдени өміріміздегі маңызды даталар кең көлемде атап өтіледі. Атап айтқанда, Отанымыз тәуелсіздігінің 35 жылдығы ауқымды мереке ретінде тойланады. Сондай-ақ Әмір Темір мен Әлішер Науаи бабаларымыздың мерейтойларына дайындықты қазірден бастау қажеттігі айтылды.
– Бүгін тарихтың өзі, өмірдің өзі бізге орасан зор жауапкершілік жүктеп отыр. Қасиетті Отанымыз жаңа саяси-құқықтық, әлеуметтік және рухани қатынастар негізінде өмір сүріп, еңбек ететін, еркін ойлайтын, азат азаматтар мекеніне айналуда.
Бірлесе, бір халық ретінде, бір ұлт болып әрекет етсек, көздеген ұлы мақсаттарға міндетті түрде жетеміз! Мен осы жолда батыр әрі еңбекқор халқымызға, Өзбекстанның шексіз қуаты мен мүмкіндіктеріне, сондай-ақ ардақты жастарымыздың жігері мен қайратына сенемін! – деді Мемлекет басшысы Жолдау соңында.