Мемлекет басшысының бастамасымен соңғы жылдары Қорғаныс министрлігі әскерлерінің барлық далалық оқу полигондары, әскери бөлімдері мен мекемелерінде ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, олар халықаралық стандарттарға сәйкестендірілді.

Арнайы бөлімшелерді тиімді даярлау мақсатында халықаралық тәжірибе мен әскерлерді дайындаудың заманауи үрдістері ескеріле отырып құрылған Арнайы операциялар күштерінің жаңа полигоны аталған жұмыстардың логикалық жалғасына айналды.

Полигон нысандарында жеке құрамның жауынгерлік машықтарын жетілдіруге, даярлық сабақтарын тиімді ұйымдастыруға және олардың моральдық-рухани тұрақтылығын арттыруға қажетті барлық жағдай жасалған.

Мемлекет басшысы мұнда жауынгерлік және арнайы даярлық сабақтарын ұйымдастырудың жаңа тәсілдерімен танысты. Сондай-ақ Қарулы Күштер бөлімшелерінің қатысуымен өтіп жатқан оқу-жаттығулардың белсенді кезеңін бақылады.

Оқу барысында әртүрлі әскер тектеріне тиесілі бөлімшелердің жауынгерлік мүмкіндіктері, олардың бірлескен әрекеттерінің үйлесімділік деңгейі, сондай-ақ әскерлер мен қару-жарақты басқарудың жаңа цифрлық жүйелері көрсетілді.

Әртүрлі жауынгерлік операцияларды жүргізу кезінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын тиімді пайдалану әдістері, сондай-ақ оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында артиллерия, авиация, әуе шабуылына қарсы қорғаныс және құрлық әскерлерінің өзара ықпалдасқан қимылдары паш етілді.

Бұл ретте кіші командирлердің заманауи цифрлық технологияларды пайдалана отырып дербес шешім қабылдау дағдылары мен басқару шеберлігіне, сондай-ақ әскери қызметшілердің жедел өзгеріп отыратын жауынгерлік жағдайда заманауи қару-жарақ пен техниканы тиімді қолдану кәсіби деңгейіне ерекше назар аударылды.

Оқу-жаттығу соңында Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы бөлімшелердің даярлық деңгейін және олардың бірлескен іс-қимылдарындағы үйлесімділікті жоғары бағалады.

Мемлекет басшысы Қарулы Күштердің қолбасшылық құрамымен сұхбат барысында қазіргі таңда әлемде қауіпсіздікке төнетін қатерлер күшейіп отырған күрделі жағдайда армиямыздың әлеуетін одан әрі нығайту, халық пен армияның бірлігін қамтамасыз ету, жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеу әскери саладағы реформалардың өзегіне айналуы тиіс екенін атап өтті.