баннер
21 Mar 2025
15:42

    Мемлекет басшысы шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесу өткізді

    Президент Шавкат Мирзиёев 19 наурыз күні шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесу өткізді.

    Өзбекстанда бұл сала жұмыс орындарын ашуда, инвестиция тартуда, инновация енгізуде, бәсекелестікті арттыруда, қосылған құн мен экспортты ұлғайтуда басты қозғаушы күшке айналды. Соңғы бес жылда шағын және орта бизнес өкілдерінің саны екі есеге көбейді. Бүгінде бұл салада 10 миллион 500 мың адам, яғни жалпы жұмыспен қамтылған халықтың 74 пайызы нәпақасын тауып отыр. Экономика көлемінің жартысынан астамы, өнеркәсіп пен экспорттың үштен бірі осы сектордың үлесіне тиесілі.

    Бұл көрсеткіштердің өзі шағын және орта бизнестің ел экономикасы үшін қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетіп тұр. Осыған байланысты Мемлекет басшысы бұл бағытты қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.

    – Бизнеске қолдау көрсету – біздің стратегиялық жолымыз, – деді Шавкат Мирзиёев.

    Кездесу барысында шағын және орта бизнес саласындағы басым міндеттер талқыланды.

    Атап айтқанда, 2025 жылы оның экономикадағы үлесін 55 пайызға жеткізіп, 70 миллиард доллар көлемінде қосылған құн қалыптастыру;

    - жаңа нарықтарғашығуда көлік, сертификаттау жәнестандарттау мәселелерінекөмек көрсетіп, шағын бизнесэкспортының көлемін 9 миллиардтан 12 миллиард долларға ұлғайту;

    -ауыз су, канализация, жол, құрылыс, коммуналдық шаруашылық, жеткізу қызметтері, қалдықтарды өңдеу, миграция, мәдениет және әлеуметтік қызметтер саласында шағын бизнестің үлесін 2-3 есеге арттыру;

    - 1,5 миллион тұрақты жұмыс орнын құрып, саладағы жұмыспен қамтылған халық үлесін 75 пайызға жеткізу;

    - 100-ден астам жұмысшысы бар кәсіпорындардың санын 4 мыңға дейін арттыру;

    - шағын бизнес негізінде 100 жаңа бренд өнімін шығару;

    - шағын бизнес негізінде 200 стартап-жобаны қаржыландыру сынды үлкен мақсат қойылып отыр.

    Бұл бағытта халықаралық сарапшылармен бірлесіп арнайы бағдарлама әзірленді. 2025 жылы бұл мақсаттарға барлық көздерден 10 миллиард доллар қаржы бөлінеді.

    Президент осы шаралардың нәтижесінде шағын және орта бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашылатынын ерекше атап өтті.

    Атап айтқанда, тұрғындарды кәсіпкерлікке тарту үшін 22 триллион сум жеңілдетілген несие бөлінеді. Оның 2,5 триллион сумы жастарға, тағы 2,5 триллион сумы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жобаларына бағытталады. Әйел кәсіпкерлер үшін несие мөлшерлемесі басқа кәсіпкерлермен салыстырғанда 2 пайызға төмен болады.

    Биылдан бастап шағын бизнеске 300 миллион сумға дейін несие беріле бастады. Ал соңғы бір жылда кеңейіп, шағын немесе орта кәсіпорынға айналған кәсіпкерлерге 150 миллион сум кепілсіз беріледі. Сонымен қатар, отбасылық кәсіпкерлік бағытында 50 миллион сумға дейін кепілсіз несие қарастырылған.

    Кәсіпкерлікті қаржыландырудың баламалы көзі ретінде венчурлық қорлар кең таралуда. Соңғы бес жылда олардың қатысуымен 145 миллион долларлық 53 стартап-жоба жүзеге асырылды.

    Бұл бағытты кеңейту мақсатында мемлекеттік банктер тағы 3 венчурлық компания құрып, 50 миллион долларлық қор қалыптастырды. Сонымен қатар, шетелден қосымша 50 миллион доллар инвестиция тартылады. Бұл жаңадан кәсіп бастаған кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндік болмақ. Ең бастысы, мұндай жобалар экономикаға жаңа бағыттар, жаңа технологиялар, инновациялар мен жоғары қосылған құн алып келеді.

    Стартаптар негізінде жасалған тиімді инновациялық өнімдер мен қызметтер техникалық регламент пен стандарттарға енгізіледі. Бұл өз кезегінде оларға мемлекеттік тапсырыстарға қатысу мүмкіндігін ашады.

    Кәсіпкерлікке жасалған жағдайдың арқасында соңғы үш жылда 250 мың жаңа кәсіпорын құрылды. Енді олардың ауқымын кеңейту үшін орын мен ғимарат қажет. Осыған байланысты, әкімдер ең алдымен жұмысын жолға қойып, дамуға ұмтылып отырған кәсіпкерлердің сұраған жерлерін аукционға шығаруы қажет екені атап өтілді.

    Кәсіпкерлікке қолдауға тағы бір жаңалық: биылдан бастап «Қоңырат», «Чимбай», «Асака», «Ғиждуван», «Ғаллаарал», «Яккабағ», «Хатирчи», «Чортоқ», «Булунғур», «Сырдария», «Денау», «Қува», «Шовот» аудандары, сондай-ақ «Янгийул» және «Марғилан» қалаларындағы барлық мемлекеттік мекемелер бір ғимаратқа көшіріледі. Бұл шешімнің нәтижесінде 150 ғимарат босағаннан кейін аукционға қойылып, кәсіпкерлерге ұсынылады.

    Осы сынды жаңалықтар ауыл шаруашылығы саласында да бар. Қарақалпақстан, Жызақ, Ташкент және Ферғана өңірлерінде 5 мың гектардан астам жер жаңа жүйе негізінде жалға беріледі. Кәсіпкерлер бұл жерлерге өзі қалаған дақылдарын егіп, қосымша сақтау, сұрыптау және қаптау инфрақұрылымдарын құра алады. Жыл соңына дейін тағы 30 мың гектар жер дәл осындай тәртіпте саудаға шығарылады.

    Аграрлық сектордағы жаңашылдықтар қатарында «Узагростар» холдингтік компаниясы құрылған еді. Бұл холдинг құрамында жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеуге мамандандырылған 16 компания жұмыс істейді. Олар әр облыста агроөнеркәсіптік кешендер құрып, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын болады. Алғашқы кезеңде осы мақсатқа 200 миллиард сум бөлінеді.

    Жергілікті жерде кәсіппен айналысқысы келетіндердің саны көп, алайда бәрі бірдей жұмысты неден бастау, қажетті мамандар мен технологияларды қайдан табу керектігін білмейді.

    Осы себепті 20 ауданда шағын және орта өнеркәсіп кәсіпорындарын дамытуға арналған жоба кеңселері ашылады. Оларға шетелден инженерлер, технологтар, дизайнерлер, бухгалтерлер және маркетологтар тартылады. Бұл бастама үшін 100 миллиард сум бөлінеді.

    Бұдан бөлек, шағын бизнесте жаңа серпін беретін құрылғылар мен жабдықтар, медициналық құралдар, электроника өндірісі, логистика сияқты салаларда кәсіпкерлерді қолдауға арналған арнайы бағдарламалар қабылданатыны мәлімделді.

    Жаңа кәсіпкерлердің қалыптасуына ерекше көңіл бөлінеді. Бизнесін жаңадан бастағандарға алғашқы жылы қолдау көрсету мақсатында «Бірінші мүмкіндік» қағидасы енгізіледі. Яғни, егер кәсіпкер алғаш рет әкімшілік құқық бұзушылық жасаса, ол жауапкершіліктен босатылады және қателігін түзетуге мүмкіндік беріледі.

    Кәсіпкерлік қызметті тоқтату рәсімдері жеңілдетіледі. Егер кәсіпкердің соңғы үш жылдағы айналымы 10 миллиард сумнан аспаса және салық бойынша қарызы болмаса, оның ерікті түрде жабылуы тексерусіз жүзеге асырылады.

    2028 жылдың 1 қаңтарына дейін қосылған құн салығы мен пайда салығы мөлшерлемесі көтерілмейді. Сонымен қатар, шағын және орта бизнеске қосымша талаптар мен міндеттемелер жүктейтін нормативтік құжаттарды қабылдауға үш жылдық шектеу енгізіледі.

    Ауыл шаруашылығы кәсіпкерлері үшін маңызды жаңалық: салықтық берешегін уақытында төлей алмаған фермерлердің 1 триллион сум көлеміндегі өсімпұлы кешіріледі.

    Әлемде кеңінен тарап жатқан жасанды интеллект, цифрлық және «жасыл» технологиялар, креативті қызмет көрсету саласындағы жобаларға қолайлы жағдай жасалатыны атап өтілді.

    Өзбекстанда шағын бизнес стратегиясын халықаралық қаржы ұйымдары да қолдайды. Президент бұл бағыттағы ынтымақтастықты кеңейту үшін Азия даму банкі, Еуропа қайта құру және даму банкі, Франция даму агенттігінің өкілдерімен кездесу өткізді. Мемлекет басшысы халықаралық қаржы ұйымдарына белсенді серіктестігі мен көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді.

    Кездесу барысында кәсіпкерлер бизнесті кеңейту, жаңа нарықтарға шығу, стандарттарды меңгеру, бренд қалыптастыру және стартаптарды дамыту бойынша өз ұсыныстарын айтты. Осыған байланысты Президент Шағын кәсіпкерлік қауымдастығын құру бастамасын қолдады.

    Кездесу соңында Президент кәсіпкерлерге әрдайым мемлекет қорғауында болатынын атап өтті:

    – Президент әрдайым сіздерге ең жақын көмекші, тірек және сенімді серіктес болады. Сіздер жаңашыл енгізуден қаймықпаңыз, мен сіздерді қолдаудан шаршамаймын! – деді Шавкат Мирзиёев.

    Жиында көтерілген мәселелер негізінде Президенттің арнайы жарлығы қабылданатын болады. Бұл құжаттағы барлық жеңілдіктер қосымша қағазбастылықсыз бірден іске қосылады.

    No date selected
    March 2025
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    31
    Use cursor keys to navigate calendar dates
    Мы в Телеграм
    Text to speech