Өзбекстан Президенті Францияның жетекші компаниялары және банк басшыларымен кездесті

    Билік 21 Noyabr 2022 4481

    Бүгін, 21 қарашада Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияев Францияға ресми сапары аясында осы елдің жетекші компаниялары мен қаржы құрылымдарының басшыларымен кездесу өткізді.

    Іс-шараға «MEDEF» Францияның іскерлік қозғалысы бас директоры Филипп Готье, «Airbus», «Orano», «Suez», «Alstom», «Total Eren», «EDF», «Schneider Electric», «Natixis» сынды 20-ға жуық ірі компаниялардың жетекшілері қатысты.

    Мемлекет басшысы кездесуге қатысушыларды қарсы алып, ресми сапардың бірінші күніндегі іс-шаралар іскерлік мәселелерге арналғанына назар аударды.

    – Бұл Өзбекстанның маңызды әрі сенімді серіктесіміз – Франциямен экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге бел байлағанын тағы да көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.

    Бүгін Өзбекстанда шетелдік инвесторлар үшін кең мүмкіндіктер жасалғаны айтылды. Валюта нарығы ырықтандырылды, пайданы репатриациялау бойынша барлық шектеулер жойылды, банктерді, ірі өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық нысандарды жекешелендіру бағдарламасы іске қосылды, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері белсенді түрде енгізілуде.

    Жаңа Өзбекстанның даму стратегиясына сәйкес, кәсiпкерлiктi одан әрi ынталандыру, инвесторлардың құқықтарын қорғау, меншiк тұтастығын қамтамасыз ету және басқа да салаларда нақты шаралар жүзеге асырылуда.

    – Біз әрбір инвестор Өзбекстанды ойлаған кезде тұрақтылық пен болашаққа деген сенімді елестетуі үшін әрекет етудеміз, – деді Шавкат Мирзияев.

    Бүгінгі әлемдік тұрақсыздық жағдайында мүдделерді ескеру және өзара сенімге негізделген көп қырлы және сындарлы серіктестікті тереңдету маңыздырақ болып отырғаны атап өтілді.

    Осы тұрғыда француз бизнесінің Өзбекстан нарығына шығуына үлкен перспективалар ашылуда. Өзбекстанның тартымдылығы халық саны жөнінен Орталық Азиядағы ең ірі мемлекет болуымен қатар, отандық өнімдер ТМД-ның алып нарығына баж салығынсыз жеткізілуімен де ерекше.

    Өзбекстан француз кәсіпкерлерін өндіріске қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге, жеңілдіктер және кепілдендірілген сатып алу түрінде қолдау көрсетуге және басқа да көмек көрсету шараларын ұсынуға дайын екендігі атап өтілді.

    Президент Шавкат Мирзияев жоғары қосылған құнды өнімдерді өндіру қуатын салу, «жасыл» энергетика, тамақ өнеркәсібі, химия және автомобиль өнеркәсібі, электротехника және электроника өнеркәсібі, денсаулық сақтау салаларын ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастықтың ең перспективалы бағыттары ретінде атап өтілді.

    Кездесуде серіктестікті кеңейту жоспарлары жөнінде жан-жақты пікір алмасу болды. Француз іскер топтарының өкілдері өз сөзінде Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан экономикалық реформаларды жоғары бағалады. Олар Өзбекстанда қандай нақты жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырғанын жеткізді.

    Француз бизнес-делегациясының әрбір мүшесімен сөйлескен Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді елімізге келіп, Өзбекстан инвестиция салуға ең қолайлы жер екеніне көз жеткізуге шақырды.

    Жиын соңында Өзбекстанның жауапты басшыларына шарада жарияланған барлық бастамаларды қамтитын және оларды жүзеге асыру тетіктері, нақты мерзімдері мен орындаушылар көрсетілген практикалық шаралар жоспарын әзірлеп, бекіту тапсырылды.