Мемлекет басшысы Қашқадария облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша кеңес өткізді

    Билік 25 Oktabr 2022 5447

    Президент Шавкат Мирзияевтің төрағалығымен 25 қазанда Қашқадария облысының әлеуметтік-экономикалық даму шаралары бойынша бейнеселекторлық кеңес өтті.

    Осы жылдың сәуір айында халық депутаттары Қашқадария облыстық Кеңесінің кезектен тыс сессиясы өтіп, онда кәсіпкерлік пен өнеркәсіпті дамыту, сол арқылы халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету бағытында үлкен жоспарлар айқындалған болатын.

    Атап айтқанда, биылғы жылы 10 мың кәсіпкерлік субъектісін құру және олардың санын 80 мыңға жеткізу, 9 трлн сум инвестиция тарту, 810 индустриялық жобаны жүзеге асыру, 430 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Ауыл шаруашылығында 12,5 мың гектар жер халыққа үлестіріліп, 3 млн 200 мың тонна азық-түлік өсіру, 11 мың гектар қарқынды бау-бақша мен жүзім алқабын жасау, жеміс-көкөніс экспортын 60 мл долларға жеткізу міндеті жүктелген. Әлеуметтік салада 174 мектеп, балабақша мен емхана салу және жөндеу, 1,5 мың шақырым ауыз су тарту, 1,8 мың шақырым ішкі жолдарды жөндеу жоспарланған.

    Жиында Қашқадария облысының әкімі М.Азимов осы бағытта атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Оның негізінде жыл аяғына дейін және келер жылға атқарылатын міндеттер талқыланды.

    Ең алдымен кәсіпкерлік пен қызмет көрсету саласын дамытуға көңіл бөлініп, алдағы жылы облыста 207 мың жұмыс орнын ашуға болатыны көрсетілді.

    Бұл үшін көптеген мүмкіндіктер бар. Атап айтқанда, сағатына 1,5 мың көлік жүретін Шахрисабз-Китаб жолының бойында қызмет көрсетуді ұйымдастыруға 3 мың кәсіпкерді тартуға болады.

    Өңірдегі әлеуеті зор тағы бір сала – өнеркәсіп. Бұл бағытта 960 жоба жүзеге асып, 20 мың адамды жұмыспен қамтуға болатыны айтылды.

    Атап айтқанда, 22 шахтада кенішті игеріп, сұранысы жоғары құрылыс материалдарын шығаруға болады. Химия, мұнай-газ, энергетика жүйесіндегі ірі кәсіпорындармен өндірістік кооперацияны жолға қойып, 65 жергіліктендіру жобасын жүзеге асыру қажет. Кластерлер ұсынған 12 жоба мақтаны терең өңдеу деңгейін арттырады.

    Үшінші маңызды бағыт – ауыл шаруашылығы. Атап айтқанда, 18 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуін жақсарту, қосымша 90 млрд сумдық өнім өсіру, 66 мың гектарға су үнемдеу технологиясын енгізу, 300 млн текше метр суды үнемдеу, 10 мың гектар мақта және астық алқаптарын қысқарту арқылы 32 мың отбасын жұмыспен қамтуға болады. Жалпы, мүмкіндіктер дұрыс пайдаланылса, бұл салада 295 мың адам жұмыспен қамту мүмкін.

    Жиында әлеуметтік мәселелер де талқыланды. Атап айтқанда, келесі жылы Қашқадария қаласын орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтамасыз етуді 60 пайызға жеткізу, 6 мың шақырым ішкі жолдар мен көпірлерді жөндеу бойынша тапсырмалар берілді.

    Ауылдарда мектепке дейінгі білім беру мекемелері мен емханалар салу, тұрғын үйге мұқтаж халықтың жағдайын жақсарту шаралары белгіленді.

    -Адам капиталы қағидасы негізінде жұмыс істей отырып, барлығын халықтың мәселесіне қарап жасаймыз. Инвестициялық бағдарламада махалланың үлесі болуы керек. Оны әкімдер халықпен ақылдаса отырып ұсынып, оның орындалуын жергілікті кеңестер қадағалайды. Соңғы бес жылда сала көп жерде дамыды. Енді инвестицияны ең қиын аудандарға бағыттау, оларды абаттандыру керек, - деді Шавкат Мирзияев.

    Жиында облыс және аудан әкімдері қай ауылдарда жұмыссыздық көп, қай елді мекенде инфрақұрылым мәселесі бар, қандай тәжірибені кеңінен насихаттау керектігі жөнінде ұсыныстарын айтты.

    Солардың негізінде Қашқадарияда кәсіпкерлікті дамытуға, инфрақұрылымды жақсартуға және әлеуметтік саладағы мәселелерді шешуге 2023 жылы республика бюджетінде 685 млрд сум қарастырылатыны айтылды.

    Сондай-ақ «Бастамалық бюджет» аясында аймақтық аудандарға 135 млрд сум, 670 жобаны жүзеге асыруға қосымша 265 млрд сум бөлінетіні айтылды.

    Сонымен қатар, 2023 және 2024 жылдардағы ауыз су мен автокөлік жолдары жобаларына қосымша 410 млн доллар тарту бойынша тапсырма берілді.

    Осы тәртіппен жыл соңына дейін барлық облыс әкімдерінің есебі қаралып, соның негізінде келесі жылдың инвестициялық бағдарламасы жасақталатын болды.

    No date selected
    November 2024
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    Use cursor keys to navigate calendar dates