Өткен жылы республикада 23 миллион тонна жеміс-жидек пен көкөніс өсіріліп, тамақ өнеркәсібінде 86 триллион сумдық өнім өндірілді.

Қорытындыға сай бұл өнімдерден 5 миллиард доллар экспорттау мүмкін еді. Бірақ министрлер мен әкімдердің жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмауынан, экспорттаушылардың мәселесін шеше алмауынан бұл көрсеткіш 2 миллиард доллардан аспаған.

Жиында экспорттың құрамы мен географиясы сараланды. Атап айтқанда, өткен жылы Австралия, Жаңа Зеландия, Сингапур, Колумбия, Индонезия сияқты 10-нан астам жаңа нарық ашылып, олардың саны 85-ке жетті. Дегенмен, экспорттың 80 пайызы 5 елдің нарығына сәйкес келеді. Сондай-ақ, жеміс-көкөніс экспортының жалпы көлемінде 10 өнім түрінің үлесі 60 пайызды құрайды.

Жыл сайын ауылшаруашылық өнiмдерiнiң экспортын қолдауға 700 миллиард сум, өндiрiстi арттыруға 1 триллион сум бөлiнуде. Бірақ нәтиже соған сай емес. Осы орайда халыққа берілген 1 миллион гектар егістік жердің, 508 мың гектар үй бақшасының, 260 мың гектар адамдарға берілген жердің әлеуеті толық игерілмей жатыр. Кейбір облыстар жеміс-жидек пен көкөністі мүлдем экспорттаған жоқ.

Мемлекет басшысы биылғы жылы ауыл шаруашылығы мен азық-түлік экспортын жеделдету үшін тағы қандай шарттар қажет екенін қарастыруға дайын екенін айтты.

- Инфляцияны бақылау және валюта тұрақтылығын қамтамасыз ету экспортпен тығыз байланысты. Көптеген өнім шығарумен қатар экспорттық қуаттарды да кеңейтпесек, нәтиже күткендей болмайды, – деді Мемлекет басшысы.

Жиынға экспорттаушы бизнесмендер мен логистикалық кәсіпорындардың өкілдері қатысты. Президент олармен тілдесіп, проблемалары мен бастамаларын тыңдады.

Атап айтқанда, Германия, Венгрия, Польша, Испания, АҚШ және Қазақстандағы сауда үйлерін кәсіпкерлердің басқаруына беру, Нагоя, Мерсин, Роттердам, Циндао, Клайпеда, Доха сияқты ірі порт қалаларында сауда үйлерін ашу ұсынысы қолдау тапты.

Жуырда Жоғарғы Шыршықтағы «Агроқызмет» орталығында халықаралық аккредитациядан өткен алғашқы жекеменшік зертхана ашылды. Биылғы жылы 8 миллион доллар инвестиция арқылы Зеңгіата ауданы, Ферғана, Самарқанд қалаларында дәл осындай заманауи зертханалар іске қосылмақ.

Ташкент қаласында Референс зертхана құрылып, жеке зертханалардың жұмысы халықаралық стандарттарға сай болуы қамтамасыз етіледі. Оған Дүниежүзілік банктен тартылған қаражат есебінен 12 миллион доллар беріледі. Бұдан былай халықаралық деңгейде мойындалған реагенттер импорттық баж салығынан босатылады, олардан міндетті экологиялық сертификат талап етілмейді.

Шенеуніктерге басқа зертханаларды халықаралық аккредиттеуден өткізу, жеміс-жидек пен көкөністердің сапасына шет мемлекеттердің ұлттық талаптарын зерделеп, республиканың экспорттаушыларына жеткізу міндеті жүктелді.

Халықаралық көрмелерге қатысу жүйесін қайта қарау керектігі айтылды. Бұл жағдайда кәсіпкерлердің рейтингі негіз болады. Жоғары және орташа рейтингі бар кәсіпкерлер үшін көрмелерге қатысу құны 100 пайыз алдын ала төленеді. Рейтингі төмендер көрмеге қатысуын растайтын құжатты ұсынғаннан кейін қаражаттың 50 пайызы өтеледі.

Көптеген экспорттаушы кәсіпорындарды толғандыратын мәселе – айналым қаражаты. Сондықтан биыл осы мақсаттарға Кәсіпкерлікті дамыту банкінен 1,5 триллион сум қаражат бөлінеді. Бұл қаражаттың орнына экспорттаушы компанияға фермер және дайындау қоймасымен жасалған келісім-шарт сомасының 50 пайызына дейін жеңілдікті несие беріледі. Несие 18 пайыздық мөлшерлемемен 6 айлық жеңілдікпен 1,5 жыл мерзімге беріледі.

Өнеркәсіп өнімдеріне қарағанда жеміс-көкөністер тез бұзылып, сапасын жоғалтатыны белгілі. Сондықтан өнім түріне қарай шығын мөлшері 10 пайызға дейін анықталады. Салқындатылған жүк контейнерлері дымқыл жемістер, шырындар, кондитерлік өнімдер сияқты бірдей температурада жеткізілуі керек өнімдер үшін әкелінеді.

Табиғи жоғалту мен сапаның нашарлауын азайту үшін қаптамаға да ерекше назар аудару керек. Бұл бағытта заманауи кәсіпорын құрудың және тәжірибелі дизайнерлерді тартудың маңыздылығы айтылды.

Тұрғындардың бақшасы мен егістік алқабында жеміс-жидек пен көкөністің түр-түрі өсіріледі. Оларды қолма-қол ақшаға сатып алып, экспортқа дайындайтын жеткізушілер көп. Олар енді өзін-өзі жұмыспен қамтыған жеке тұлға ретінде жұмыс істейді және олардың айналымына қарамастан барлық салықтардан босатылады.

Жиында тамақ өнеркәсібіндегі мүмкіндіктер де сараланды.

Биылғы жылы кемінде 100 триллион сумдық өнім өндіріп, 1 миллиард доллар экспорттау, өңірлік бағдарламалар аясында 833 миллион долларлық 528 жобаны іске қосу жоспарланған. Осы саладағы жобаларға бағытталу үшін банктерге 310 миллион доллар бөлінген. Бұл шаралар арқылы дайын азық-түлік экспортын 200 миллион долларға жеткізу мүмкіндігі бар екені көрсетілді.

Жиында қаралған мәселелер негізінде Премьер-Министрдің жетекшілігімен жеміс-жидек, көкөніс және азық-түлік экспорты жөніндегі комиссия құрылуы белгілі болды.

Сондай-ақ, егуден бастап өнімді сақтау, орау, қайта өңдеу және сатцдың барлық тізбегін қамтитын үш жылдық бағдарлама дайындалады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаумен айналысатын 2362 кәсіпорынды қолдау, олардың қатарын кеңейту шаралары қолға алынбақ. Экспорттаушылармен тұрақты жұмыс істейтін «коммуникация аймағы» құрылып, өңірлерде бар өнімдер, сыртқы нарықтағы сұраныс пен бағалар туралы ақпарат үнемі алмасылып тұрады.