Заман талабына орай республикада телекоммуникациялық инфрақұрылымды жақсартуға, салалар мен желілерді цифрландыруға үлкен көңіл бөлінуде. Биылдың өзінде білім, банк, қаржы, кеден, ауыл шаруашылығы, геология, кадастр сияқты салаларды цифрлық трансформациялау аясында 100 бағдарламалық жоба әзірленді. 500-ден астам жаңа IT-компаниялар құрылып, салаға 475 миллион доллар тікелей шетелдік инвестиция құйылды.

Жыл соңына дейін саладағы қызмет көлемі 10 триллион сумға жетіп, оның экспорты 300 миллион доллардан асады деп күтілуде. Бұл көрсеткіш Ташкент, Самарқанд, Әндіжан облыстарында қарқынды өсті. Сұрхандария да алғаш рет IT-қызметінің экспортын бастап, 1 миллион доллардан асты. Өңірлердегі 20 мыңнан астам жас өзін-өзі жұмыспен қамтып, халықаралық онлайн платформалар арқылы өнімдерін сатуда.

Жиында саланы дамытуға қосымша жағдай жасау туралы шешім қабылданды. Осыған орай:

- ІТ-компанияларды аймақтардағы бос ғимараттарға бір жыл мерзімге тегін орналастыру;

- дарынды бағдарламашыларға компьютерлер мен жабдықтар бір жыл ішінде бөліп төлеу шартымен беріледі;

- 50-ден астам IT маманы жұмыс істейтін компаниялардың бір жыл ішінде еңбекақы шығындарының 15 пайызға дейіні өтеледі;

- Шетелдік сарапшыларды тарту және халықаралық конференцияларға қатысу шығындарының 50 пайызы экспорттаушы кәсіпорындарға өтеледі.

Сондай-ақ IT-паркті халықаралық деңгейге шығару үшін Германия мен Сауд Арабиясында оның еншілес компаниялары ашылады.

Жалпы, осындай жаңа мүмкіндіктердің арқасында 2024 жылы ІТ-қызметтердің көлемін екі есеге арттыруға болатыны көрсетілді.

Бұған жету үшін ең алдымен шет тілдері мен технологияларын білетін кадрлар қажет. Сондықтан Цифрлық технологиялар министрлігіне келесі жылы ең дарынды 8 мың жасты іріктеп алып, халықаралық беделді компаниялардың талаптарына сай келетін бағдарлама негізінде оқыту міндеті жүктелді.

Сонымен қатар келесі жылы «Әр ауданда кемінде екі бағдарламашы» жобасы қолға алынып, америкалық серіктестермен «Инклюзивті цифрландыру» жобасы аясында 20 мың адам жұмыспен қамтылатыны айтылды.

2026 жылы Өзбекстанда алғаш рет халықаралық информатика олимпиадасы өтеді. Бұған дайындалу үшін конкурстар өткізіліп, әлеуетті студенттер іріктеліп, шетелден білікті жаттықтырушылар алынады.

Мемлекет басшысы цифрландыруды махалладан бастау керектігін айтты.

Қазір махалла жүйесі қызметкерлері планшет және компьютермен қамтамасыз етілген. Бірақ олар толық пайдаланылмайды. Мәселен, жастар көшбасшысына субсидия алуға өтініш білдірген азамат бұрынғысынша аудан төрағасынан, әкім орынбасарынан немесе жұмыспен қамту бөлімінен жұмыссыздығы туралы анықтама алып келуге міндетті.

Сондықтан шенеуніктерге «Цифрлық махалла» бірыңғай платформасын іске қосып, «махалла жетілігін» цифрлық жүйені пайдалануға үйретуді тапсырды.

Жиында министрлік пен салалардағы цифрландырудың жай-күйі сараланды. Экономика салаларындағы шығындарды азайту тек цифрландыру арқылы ғана жүзеге асырылуы мүмкін екені баса айтылды.

Кейбір министрліктер мен ведомстволарда цифрландыру жұмыстары баяу жүргізілді. Мәселен, «Цифрлық денсаулық сақтау» жобасы, медициналық сақтандыруды енгізу кешіктіріліп жатыр. Онкологиялық науқастардың электронды тізілімінің жоқтығынан оларға жәрдемақы төлеу қиынға соғуда.

Ауыл шаруашылығында пестицидтердің саны мен қолданылуын цифрлық бақылау жүйесі енгізілмеген. Ташкент қаласында халық оң қабылдаған «Халықтық бақылау» жүйесі өз жайына қалған.

Осы артта қалуларды тез арада жою, цифрландыруды әр салада жеделдету қажеттігі қатты айтылды.

«Цифрландырудан бас тартқан басшы – сыбайлас жемқорлықты жоюға ұмтылмайтын басшы», – деді Президент.

Саланың инфрақұрылымы, атап айтқанда, интернет жылдамдығын жақсарту мәселесіне назар аударылды. Кейбір аймақтарда интернет жылдамдығы төмен екені, халықаралық магистрал жолдардың 20 пайызы мобильді интернетпен қамтылмағаны айтылды. Цифрлық инфрақұрылымды дамыту үшін шетелдік инвестицияларды тарту міндеті қойылды.

Бұл ретте киберқауіпсіздікті күшейту және барлық электрондық төлем жүйелеріне бірыңғай талаптарды әзірлеу қажеттігі баса айтылды.

Жалпы, IT-қызметтердің көлемін 20 триллион сумға дейін ұлғайту, экспортты 800 миллион долларға дейін жеткізу, желілерге 130 ақпараттық жүйені енгізу және 750 мемлекеттік қызметті толық цифрландыру жоспарларын әзірлеудің маңыздылығы атап өтілді.

Мемлекет басшысы саладағы өзекті мәселелер бойынша министр, әкім және жас бағдарламашылармен әңгімелесті.