Шавкат Мирзияев әйелдер қауымын мерекемен құттықтады

    Билік 7 Mart 2022 9784

    Ташкент қаласындағы Халықаралық конгресс орталығында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік шара өтті.

    Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияев әйелдер қауымын шын жүректен құттықтады.

    «Халқымыз қашанда әйел затын Жаратушының ұлы нығметі, теңдесі жоқ ғажайып кереметі деп білген және оны әрқашан қастерлеп келеді», - деді Мемлекет басшысы.

    Кез келген қоғамның, мемлекеттің қаншалықты халықшыл, әділетті болуы оның әйелге деген көзқарасымен, қамқорлығымен айқындалатыны белгілі. Елімізде халықтың көңілінен шығу үшін әйелдердің құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Олардың оқуына, жұмыс істеуіне, денсаулығына, отбасына жағдайлары жақсарып келеді.

    Бұл мақсаттар да Даму стратегиясының маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Осыған сәйкес, 1 наурызда өткен бейнеконференцияда әйелдер үшін көбірек мүмкіндіктер нақтыланды. Осы міндеттерді жүйелі әрі тиімді жүзеге асыру үшін Премьер-Министрдің орынбасары лауазымы қалпына келтіріліп, Отбасы және әйелдер істері жөніндегі мемлекеттік комитет құрылды.

    Елдегі 9,5 мыңға жуық махалла төрағаларының әйелдер мен отбасы істері жөніндегі орынбасарлары да комитет жүйесіне ауысты. Әр ауданда белсенді әйелдер лауазымы қайта енгізілді. Осы арқылы әпке-қарындастарымыздың мәселелерімен үздіксіз айналысатын әділ де тиімді жүйе құрылды.

    Әйелдердің білімін қолдаудың 2022-2026 жылдарға арналған ұлттық бағдарламасы қабылданады.

    Мемлекет басшысының бастамасымен қоғамға, әсіресе, жастарға тәрбиелік мәні зор, беделді әйелдерді өз қатарларына біріктіре алатын «Зерделі әйелдер» қозғалысы құрылуда. Сонымен қатар, барлық жұмыс топтарында әйелдер мәселесінің тиімді шешімін табу үшін «Әйелдер кеңестері» құрылуда.

    Кәсіпкер әйелдер санын одан әрі арттыру мақсатында «Іскер әйелдер» бағдарламасы қабылданып, оның аясында 8 триллион сум бөлінеді.

    Сондай-ақ, биылғы жылы ипотекалық субсидиялардың 40 пайызы әйелдерге бөлінеді. Бұл мұқтаж әйелдерді 12 мың қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

    Өзбекстан тарихында бұрын-соңды болмаған осындай ауқымды жұмыстарға 15 триллион сум бөлінетін болды.

    – Қыз-келіншектер және отбасы мәселесі – бүгінгі күнімізді ғана емес, болашағымызды да айқындайтын шешуші фактор. Егер біз мейірім мен адалдықтың белгісі болған әйелдерге бір жақсылық жасасақ, еш шүбәсіз он сауапқа айналары сөзсіз, – деді Шавкат Мирзияев.

    Президент әйелдерге арнаған сөзінде оларды үлкен істерге шақырды:

    – Біз еліміздің жан-жақты дамуы үшін жаңа тарихи кезеңге аяқ бастық. Балаларымыздың жүрегіне ұлы мақсаттар мен асыл идеяларды ұялату – Өзбекстанның барша аналарының абыройлы борышы. Сапалы, батыр да батыл, ұлтжанды жас ұрпақты тәрбиелеу сіздердің қолдарыңызда. Бұл – жарқын болашақ үшін ең үлкен инвестиция және сарқылмас байлық.

    Өзбекстан Республикасы Президентінің биылғы 5 наурыздағы жарлығына сәйкес бір топ қыз-келіншектерге жоғары атақ, орден және медальдармен , Президент Жарлығымен жиырма сегіз қызға Зульфия атындағы Мемлекеттік сыйлық берілген болатын.

    Бүгінгі мерекелік шарада сол марапаттар салтанатты түрде табыс етілді.

    – Баршаңызды бүгінгі көктем және әсемдік, сұлулық пен сымбаттылық мерекесімен тағы да шын жүректен құттықтаймын. Дүниедегі ең асыл байлық – отбасылық бақыт, тыныштық пен бейбітшілік, балалар мен немерелердің кемелдігін көру қуанышын тілеймін. Жүрегіңіз әрқашан осы көктемдей жарқырай берсін, – деді Президент.

    Қарақалпақстан Республикасы, Ташкент қаласы мен облыстардан келген қыз-келіншектер, түрлі министрліктер мен ведомстволардың қызметкерлері мерекені дастархан төрінде тойлады. Шараға шетелдік дипломат әйелдер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері де қатысты.

    Мереке салтанатты концерттік бағдарламамен жалғасты.