Кәсіпорын қаптама өнімдерін шығару бойынша Орталық Азиядағы жетекші өндіріс орнының бірі саналады. Қазіргі уақытта ішкі нарықтағы полипропилен қаптары мен жұмсақ контейнерлердің 60 пайызы, стретч-пленкалардың 40 пайызы дәл осы кәсіпорынға тиесілі.
Кешен 60 гектар аумақта орналасқан, бүгінде онда 2,5 мыңға жуық жұмыс орны ашылған.
Қаптама өнімдері тағам өнеркәсібінен бастап фармацевтика, өнеркәсіп, құрылыс және тұрмыстық химия салаларына дейін көптеген бағытта қажет. Олардың сапасы тауардың қауіпсіз сақталуына, тасымалдануына және нарыққа дер кезінде жеткізілуіне тікелей әсер етеді. Сондықтан мұндай өнімдерді елімізде өндіру импорт шығындарын азайтады, ішкі нарықтың тұрақтылығын қамтамасыз етеді және өндірушілер үшін шығындарды едәуір азайтады.
«Invest Asia» кәсіпорнының тағы бір маңызды тұсы – оның елімізде биоаксал бойынша бағытталған полипропилен пленка өндіретін жалғыз кәсіпорын екендігі. Бұл пленка түрі ең көп қолданылатын қаптама материалдарының бірі, жеңілдігі және берік құрылымымен ерекшеленеді.
Биылғы жылдың он айында кәсіпорында 1,9 триллион сумдық өнім өндіріліп, 23 миллион доллар көлемінде экспорт орындалды. Өндірісте Австрия, Германия, Италия, Қытай және АҚШ-та жасалған жоғары технологиялы жабдықтар қолданылып отыр.
Мемлекет басшысы кәсіпорындағы технологиялық процестерді көріп, жұмысшылармен әңгімелесті. Алдағы жоспарлармен танысты.
Сонымен қатар, жыл соңына дейін мұнда Орталық Азиядағы ең ірі спанбонд және мэлтблаун – тоқыма емес мата өндіріс қуаттары іске қосылуы жоспарланған. Мұндай маталар медицинада, құрылыста, тұрмыстық химияда және ауыл шаруашылығында кеңінен қолданылады.
Барлық жобалар толық қуаттылыққа енгеннен кейін жұмыс орындарының саны 10 мыңға жетеді, полимерді қайта өңдеу қуаты 280 мың тоннаға дейін артады.
Мемлекет басшысы осы жерде өңірде ірі жобаларды жүзеге асырып жатқан және жаңа бастамалармен шығып отырған шетелдік инвесторлармен де сұхбат өткізді. Өңір экономикасын, халықты жұмыспен қамту және олардың тұрмыс деңгейін көтеруге қызмет ететін әрбір жобаның мемлекет тарапынан міндетті түрде қолдау табатыны атап өтілді.
Инвесторлар республикадағы кәсіпкерлік және инвестициялық ахуалды жоғары бағалап, бизнес үшін жасалған жайлы мүмкіндіктер мен көрсетіліп жатқан қолдау үшін Мемлекет басшысына ризашылықтарын білдірді.











