ӨзА хабарлауынша, жобаның бірінші кезеңі Ташкенттен Ангренге дейінгі 171 километр жолы және Қамшық асуын қамтиды. 2025 жылдың 21 январында жобаның концепциясы Министрлер Кабинетімен бекітілген.
Дүниежүзілік банктің қолдауымен «Arup and Partner's», «PWC» және «CMS Cameron» сияқты беделді халықаралық кеңесшілер тартылып, олар үкіметке жеке серіктестерді таңдауда кеңесші ретінде көмектесуде.
Тендер үдерісі екі кезеңде өтеді. Бірінші кезеңде қатысушы компаниялар алдын ала біліктіліктен өтуге құжаттарын тапсырады. Екінші кезеңде іріктеліп алынған компаниялар өздерінің техникалық және қаржылық ұсыныстарын ұсынады. Жеңімпаз мемлекеттік-жекеменшік серіктестік заңы негізінде келісімшартқа қол қою арқылы анықталады.
Өзбекстанның жол инфрақұрылымын дамытуда және көлік қызметін жақсартуда Ташкент-Әндіжан ақылы автожолының маңызы зор. Жобаны мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде жүзеге асыру заманауи технологиялар мен халықаралық тәжірибені енгізуге мүмкіндік береді. Бұл көлік саласын дамытып қана қоймай, аймақтық экономикалық байланыстарды нығайтуға септігін тигізеді.