Мемлекет басшысы жол саласында атқарылған жұмыстармен танысты

    Президент Шавкат Мирзиёев 16 қазан күні жол қожалығы саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы басым міндеттерді қарастыратын тұсаукесермен танысты.

    Автокөлік жолдары – экономиканың «қан тамыры». Сондықтан республикада бұл салаға ерекше назар аударылып, жұмыс көлемі мен сапасы үнемі артып келеді. Мәселен, 2009-2016 жылдар аралығында 9 триллион сумға мың шақырымнан астам жол салынып, 20 мың шақырым жол жөнделсе, соңғы сегіз жылда бұл көрсеткіштер 6 есе өсті. Яғни, салаға 58 триллион сум бөлініп, 2 мың шақырым жол салынған, 100 мың шақырымы жөнделген.

    2023 жыл 10 қазандағы Өзбекстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, жол қожалығы жүйесі одан әрі жетілдірілді. Атап айтқанда, жобалау, құрылыс және пайдалануға жауапты тұлғалар нақты анықталып, тапсырыс беруші мен мердігердің функциялары өзара бөлінді.

    Жолдарды ғылыми негізделген, заманауи тәсілдермен салуға баса назар аудару күшейтілді. Мысалы, типтік жобалық құжаттамадан бас тартылып, әр аймақтың геологиялық және экологиялық ерекшеліктеріне негізделген тәсілдерге көшу жүзеге асырылды. 1 мың 700 арнайы техника сатып алынып, жол шаруашылығы кәсіпорындарының жабдықталу деңгейі артты. Жаңа типтегі асфальт-бетон, цемент-бетон жабындары енгізілді.

    Нәтижесінде, сапасы да өзгере бастады. Жаңадан салынған жолдардың пайдалану мерзімі 15-20 жылға дейін болады. Олардың жағдайы 42 көрсеткіш бойынша тексеріледі. Дүниежүзілік банктің гранттық қаржысы есебінен алынған техникалар жолдың физикалық қасиеттерін және жер астындағы коммуникация желілерінің жағдайын жабындысын бүлдірмей тексеруге мүмкіндік береді.

    Көшелердің абаттандырылуы «Жасыл мекен» бағдарламасының және жалпы мәдениетіміздің бір бөлігі саналады. Әр маусымда олардың екі жағына көшеттер отырғызылады. Сондай-ақ, ағаштарды күтіп-баптау үшін жол бойындағы жер телімдерін жалға беру жүйесі енгізілді.

    Тұсаукесерде саладағы жобалар мен жоспарлар туралы ақпарат берілді.

    Біріккен Ұлттар Ұйымының талдауына сәйкес, сапалы жолдар Өзбекстан экономикасының кемінде 2 пайызға өсуіне серпін береді. Қазіргі уақытта халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлесіп, 729 шақырым жолды қайта жаңарту бойынша 6 жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, жақын күндері «Қоңырат-Бейнеу» бағытындағы 240 шақырым жол пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, Гүлістан – Әндіжан, Душанбе – Термез, Бұхара – Түркменбашы, Үргеніш – Хазарасп жолдарының кейбір учаскелері қайта салынады.

    Салаға жеке сектор өкілдері де кеңінен тартылуда. Өңірлердегі жалпы 260 шақырым жолдың пайдаланылуы аутсорсинг негізінде кәсіпкерлерге берілді. Азия даму банкі жобасы аясында 841 шақырым жол құрылысында алғаш рет толықтай жергілікті мердігерлердің қатысуына келісілді.

    Мемлекет басшысы саладағы маңызды міндеттерді атап өтті.

    – Өзбекстанның географиялық орналасуын ескерсек, халықаралық жолдардың сыртқы саудадағы маңызы өте жоғары. Сондықтан Әндіжан мен Қоңыратты, Термез бен Ташкентті байланыстыратын жалпы 4 мың шақырымдық халықаралық жолдарымыз ең жоғары талаптарға сай болуы қажет, – деді Шавкат Мирзиёев.

    Ташкент-Самарқанд және Ташкент- Әндіжан бағытындағы ақылы жол жобаларын жеделдету, оларды қозғалыс деңгейі жоғары учаскелерде салу қажеттігі айтылды. Мұндай жағдайда баламалы тегін жолдың болуы арнайы заңмен белгіленеді.

    Қазіргі уақытта 4 700 көпір жөндеуді қажет етеді. Үш жылдық бағдарлама әзірленіп, оларды кезең-кезеңімен жөндеу міндеті қойылды.

    Өңірлерде жол бойындағы инфрақұрылым дамытылып, сауда мен қызмет көрсету нысандары құрылуда. Таныстырылымда айтылғандай, бұл бағытқа қосымша 4 мың шақырым халықаралық автомагистральдарда 70 сервистік кешен салынатын болады.

    Жол және су жүйесі сияқты инфрақұрылымдық жобаларда халықаралық қаржы институттарымен тығыз жұмыс істеу, шетелдік консультанттарды тарту бойынша тапсырмалар берілді.