Саммитке Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, сондай-ақ БҰҰ-ның Орталық Азия үшін превентив дипломатия жөніндегі аймақтық орталығының басшысы Каха Имнадзе қатысады.

Кездесу күн тәртібіне Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықты одан әрі нығайту, сондай-ақ басым бағыттар бойынша бірлескен жобалар мен бастамаларды іске асыру мәселелері енгізілген. Аймақтық және халықаралық саясаттың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасу жоспарланған.

Консультативтік кездесу қорытындысы бойынша көпжақты құжаттардың ауқымды топтамасы қабылданады деп күтілуде.

Аймақ елдері басшыларының тұрақты консультацияларын өткізу бастамасы Өзбекстан басшысы тарапынан 2017 жылдың қыркүйегінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 72-сессиясында ұсынылған еді.

Өзбекстанның осы форматтағы төрағалығы кезеңінде ынтымақтастықтың түрлі салаларын қамтитын 20-дан астам ірі іс-шара өткізілді.