Әлемдегі бүгінгі күрделі экономикалық жағдайда жұмыс орындарын көбейтетін, инвестиция мен экспортты арттыратын салаларға қолдау көрсету қажет. Туризмде осындай үлкен әлеует бар. Бұл салаға құйылған әрбір доллар болашақта 3-4 есе көп табыс әкеледі. Әрбір жаңа жұмыс орны басқа салаларда тағы 2 жұмыс орнын ашады.

Өзбекстанда тарихи-мәдени, көрікті орындар көп. Олардың негізінде туристік орталықтар мен қонақ үйлер салынды. Тәртіп жеңілдетіліп, туристік бизнеске қолайлы жағдай жасалды. Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында туризм полициясы құрылды.

Өткен жылдың қазан айында Самарқандта өткен Дүниежүзілік туристік ұйым форумы аясында 2 миллиард 300 миллион долларлық инвестициялық келісімдерге қол жеткізілді. Олардың ішінде туризм инфрақұрылымын дамытуға, жаңа мекен орындарын салуға бағытталған жобалар көп.

Атап айтқанда, шетелдік инвесторлар Шахрисабз ауданына қарасты «Ғелон» мен «Сарчашма» ауылдарының арасында 3 мың гектар аумақты алып жатқан шаңғы кешенін салуды бастады. «Мираки» ауылының бас жоспары да әзірленуде.

Бұл ауданның тарихы да, табиғаты да тамаша. Сонымен қатар, Шахрисабз қаласы Экономикалық ынтымақтастық ұйымының «2024 жылғы туристік астанасы» болып жарияланған.

Сондықтан, онда туризмді дамытудың бірқатар шаралары белгіленді. Алдымен, Шахрисабз қаласы мен Шахрисабз ауданында туристік кластер құрылады. 33 шақырымдық «Хисорак-Ғелон» және «Хисорак-Сарчашма» жолдары кеңейтіліп, жөнделеді. «Чироқчи-Шурқудуқ» тас жолы жақсартылып, Самарқандтан Шахрисабзға дейін жол жүру уақыты қысқарады.

«Ғелон» арқылы өтетін «Оқсу» өзенінде қуаты 24 мегаватт 3 су электр станциясы іске қосылады. Нәтижесінде туристік кластерде электр қуатына қатысты мәселе болмайды. Шахрисабз туризм техникумында Швейцария бағдарламасы бойынша жылына 100 маман дайындалады.

Дәл осындай жұмыстарды «Охангарон», «Үргут», «Нурота», «Янгиқорған», «Поп», «Чортоқ», «Бойсун», «Сариосиё», «Бахмал», Ферғана сынды туристік әлеуеті жоғары 20 ауданда жүргізуге болатыны айтылды. Шенеуніктерге осыған байланысты шетелдік кеңесшілерді тарта отырып, бас жоспар әзірлеу тапсырылды.

Жақында «Бойсун көктемі» халықаралық этнофестивалі өткені белгілі. «Бибиширин» махалласында 6 миллион доллар тұратын 4 жұлдызды қонақ үй, амфитеатр, бірнеше отау салынды. Ойын-сауық шоулары өтті. Нәтижесінде Сұрхандарияға туристердің келуі 4 есеге артты.

Жалпы, жастардың экстремалды туризмге деген қызығушылығы жылдан жылға артып келеді. Бұл бағытты дамыту бағдарламасын қабылдау міндеті қойылды.

Жаз мезгілінде аквапарктер мен бассейндерге сұраныстың артуы заңдылық. Салаға бөлінген қаржыға қонақ үйлерде бассейндер салынуда. Бірақ өңірлерде туристерді қызықтыратын заманауи аквапарктер жоқ.

Табиғи көлдердің айналасындағы туристік мүмкіндіктер де пайдаланылмай отыр. Мәселен, «Миришқор» ауданындағы «Сечанкул» мен «Ачинкул» жағасында бірде-бір демалыс орны жоқ. «Айдар-Арнасой» көлдер жүйесі аңшылық пен экотуризмге өте қолайлы.

Осының негізінде аквапарктер мен көлдер бойындағы жобаларды салу үшін жер телімдерін аукционға қою туралы шешім қабылданды.

Пандемиядан кейін емдеу және сауықтыру туризміне сұраныс артты. Өткен жылы Өзбекстандағы санаторийлер мен емдеу мекемелерінде 60 мыңнан астам шетелдік турист емделді. Соңғы бес жылда жекеменшік клиникалар көбейсе, тек екеуі ғана халықаралық аккредитацияға ие. Әрине, бұлар өте аз.

Өйткені бізде емдік және сауықтыру туризмін үйлесім тауып дамытудың біртұтас жүйе жоқ. Шын мәнінде, тек медициналық туризмнің өзінен жыл сайын 300 миллион доллар экспорт жасауға болады.

Сондықтан Оңтүстік Корея, Түркия және Үндістан тәжірибесіне сүйене отырып, «Медициналық қызметтердің қонақжайлығы» бағдарламасы іске қосылатыны айтылды.

Енді жекеменшік клиникалардың халықаралық аккредитациясы мен шетелдік көрмелерге қатысуы бюджет есебінен өтеледі. Емханаларға келген шетелдіктер үшін қосылған құн салығы қайтарылады. Шетелге шығып, жарнамалық-диагностикалық қызмет көрсететін дәрігерлердің көлік және тұру шығындары төленеді.

Осы мақсатта ауруханалар мен санаторийлерді халықаралық сертификаттау, білікті басшыларды тарту жөнінде тапсырмалар берілді.

Дәстүрлі фестивалдердің нақты күндерін белгілеудің және шекарадан өтуді жеңілдетудің маңыздылығы атап өтілді.

Туризмнің дамуын тежейтін тағы бір мәселе көлікпен байланысты. Шет елдерде туроператорлар билеттерді кем дегенде алты ай бұрын сатып алады, сондықтан «пакеттік саяхат» арзан. Біздің елде ұшақ пен пойыз билеттерін алу қиын, тіпті бір-екі айда табылмайды да.

Сондықтан Көлік министрлігіне халықаралық рейстердің санын көбейту, барлық бағыттар мен билеттер туралы ақпарат беретін бірыңғай онлайн платформаны іске қосу тапсырылды.

Мемлекет басшысы республиканың туристік әлеуетін толық көрсететін жаһандық насихаттау науқанын бастау қажеттігін айтып, бірқатар бастамаларды атап өтті.

«Жергілікті туризм бренді» контентін жасау бойынша байқау өткізіледі. Биыл Ташкентте, келесі жылы Хиуа қаласында халықаралық гастрономиялық фестивальдер ұйымдастырылып, 300-ден астам ұлттық тағам түрі насихатталмақ. «Электрон-виза» жүйесі одан әрі жетілдіріліп, мобильді қосымша іске қосылмақ.

Үгіт-насихатта телевидениемен қатар әлеуметтік желілер де кеңінен қолданылады. Аудиториясы көп шетелдік блогерлер үшін инфотурлар ұйымдастырылады.

Жиында Мемлекет басшысы саладағы кәсіпкерлермен ашық сұхбаттасты. Олардың проблемалары мен ұсыныстары негізінде туристік қызметтерді экспорттық қаржыландыруды жолға қою, туроператорларға қосылған құн салығын субсидия ретінде қайтару мерзімін ұзарту, туризм географиясын кеңейту, ұлттық қонақ үй брендтерін жасау, орта буын мамандарын даярлау және олардың біліктілігін шетелде арттыру.сынды көптеген ұсыныстар бойынша тиісті тапсырмалар берілді.

Президент туризмді дамыту жөніндегі қоғамдық кеңес құруды ұсынды. Сала өкілдері мен кәсіпкерлер оны қуана қолдады.

Шенеуніктер биылғы жылы 11 миллион шетелдік турист тартуға және туризм экспортын 2,5 миллиард долларға жеткізуге болатынын айтып, жоспарлары туралы ақпарат берді.