Жобаның мақсаты – Өзбекстан үкіметінің жібек өнеркәсібін жаңғырту арқылы әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдету жөніндегі іс-әрекеттерін қолдап-қуаттау. Онда COVID-19-дан кейінгі қайта тіктелу кезеңінде жергілікті қауымдастықтардың тұрақты дамуына және шағын және орта кәсіпорындарды нығайтуға ерекше көңіл бөлінген.
Үш жылдық мерзімге арналған жобаның бюджеті 2,48 миллион долларды құрайды.
Аталмыш жобаны әзірлеу барысында «Узбекипаксаноат» бірлестігінің мамандарымен кеңесулер жүргізіліп, халықаралық сарапшылар мен донор елдер өкілдерінің қатысуымен UNIDO-ның Өзбекстанға миссиясы ұйымдастырылды.
UNIDO дайындаған жобаның тұжырымдамасында соңғы жылдарда Өзбекстанның жібекшілік тармағында құрылымдық реформалар жүзеге асырылғаны, шетелдік инвестициялары тартылып, өндіріс технологиялары жетілдіріліп, өндірістің өзі кеңейтілгені атап өтілген. Жібек өнеркәсібін дамытуға, өнім түрлерін көбейтуге және кәсіпорындардың экспорттық қызметін жан-жақты қолдауға бағытталған комплексті дамыту мемлекеттік бағдарламалары мен қолдап-қуаттау шаралары да жүзеге асырылған.
Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде жібекшілік саласында жұмыс істейтін кәсіпорындар негізінде кластерлер мен тармақтарды қалыптастыру күтілуде. Бұл, әрине, аймақтық және халықаралық базарға шығуды жеңілдетеді, деп хабарлайды «Дунё» АА.
Жобаны жүзеге асырудың бір нәтижесі Өзбекстанның ауыл шаруашылығы саласында әйелдер мен ерлер жұмыс орындарының көбеюі болып табылады.