Бүгінгі таңда ақпараттық технология барлық салада қолданылуда. Бұл сала дамыған сайын басқа салалар да ілгерілеп, адамдарға қолайлылық артады.
Сондықтан соңғы жылдары инфрақұрылымды жақсарту, білікті мамандарды даярлау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Қызметтердің сапасы мен көлемі айтарлықтай өсті.
Мысалы, 2017 жылы елді мекендерді мобильді интернетпен қамту 30 пайызды құраса, қазіргі кезде 96 пайызды құрауда. Немесе 2017 жылы сектордағы экспорт көлемі небәрі 600 мың доллар болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 46 миллион долларға, биылғы жылдың бірінші тоқсанында 16 миллион долларға жеткен.
ІТ-парктерде 11 мыңнан астам жастар жұмыс істеуде. «Бір миллион бағдарламашы» жобасы бойынша білім алған жастар саланың болашағына берік негіз қалауда.
Бірақ әлі де біраз проблема мен пайдаланылмай жатқан мүмкіндіктер бар. Атап айтқанда, өңірлердегі талшықты-оптикалық интернеттің қамтылуы мен жылдамдығы қажетті деңгейде емес. Автокөлік жолдарының 38 пайызы ғана мобильді интернетпен қамтылған. Өңірлер бойынша саланың даму жағдайы біркелкі емес – IT-қызметтердің 90 пайызы Ташкент қаласының үлесінде. Қарақалпақстан, Әндіжан, Сұрхандарияда көрсеткіш өте төмен. Кейбір министрліктер мен ведомстволар ескірген, сенімсіз және интеграцияланбаған ақпараттық жүйелерді пайдалануда.
Бүгінгі жиында осыған ұқсас кемшіліктер айтылып, барлық салалар мен өңірлерде цифрландыруды жеделдету қажеттігі айтылды.
Даму стратегиясында цифрлық экономиканы «драйвер» секторына айналдыру арқылы ІТ-қызметтердің санын 2,5 есеге ұлғайту және экспортты 500 млн долларға дейін арттыру көзделген.
Мемлекет басшысы бұл үшін Өзбекстанды аймақтық IT-орталыққа айналдыру қажеттігін баса айтты.
Қызмет түрлерін ұдайы кеңейту, саладағы экспортты осы жылдың соңына дейін 100 миллион долларға дейін жеткізу тапсырылды. IT-парктерге көбірек компанияларды тарту және қашықтықтан қызмет көрсету орталықтарын құру міндеті тұр. Бұл арқылы 5 мыңнан астам жас жоғары жалақы алатын жұмысқа орналасады.
Жиында «Цифрлық Өзбекстан – 2030» бағдарламасы аясындағы жобалардың жүзеге асырылу барысы да талқыланды. Биылғы жылдың соңына дейін 404 аймақтық және 133 желілік жоба іске қосылады.
Ақпараттық технологиялар және коммуникацияларды дамыту министрлігіне Бірыңғай интерактивті мемлекеттік қызметтер порталын тағы 70 қызмет түрімен толықтыру тапсырылды. Осылайша, порталдағы қызметтердің жалпы саны 376-ға жетеді.
Сондай-ақ зейнетақы тағайындау, жеке куәлік алу, сақтандыру сияқты тағы 50 қызмет түрі бойынша мобильді қосымша жасалады. Бұл мемлекеттік қызметті онлайн қолданушылардың санын 4 миллионға дейін арттырады.
Телекоммуникация желісін кеңейту бойынша да көптеген міндеттер тұр. Атап айтқанда, биылғы жылы 6800 жаңа мобильді станса орнату, 80 шалғай ауылды байланыс жүйесіне қосу, талшықты-оптикалық қамтуды 80 пайызға жеткізу, тас жолдарды мобильді интернетпен 60 пайызға қамтамасыз ету жоспарлануда. Ташкент облысында сыйымдылығы жоғары деректерді сақтау және өңдеу орталығы іске қосылады.
«Узбектелеком» ационерлік компаниясын сапалы қызметтерді экспорттайтын жоғары технологиялық компанияға айналдырып, халықаралық рейтингтер алу жөнінде тапсырма берілді.
Жиын барысында киберқауіпсіздікті күшейту мәселесі де сөз болды. Осыған байланысты барлық министрліктер мен ведомстволардың ақпараттық жүйелерін сыни тұрғыдан зерттеп, қажетті шараларды қабылдау міндеті қойылды.
Саладағы тағы бір басымдық – ғылым мен білімді дамыту.
Бүгінде экономиканы цифрландыру үшін тағы 12 мың жоғары білікті маман қажет. Сондықтан Ташкент ақпараттық технологиялар университетін ғылым мен білім кластеріне айналдыру, заманауи IT-парк университетін құру ұсынылды.