Президент Шавкат Мирзиёев Хорезмді халқымыздың даңқты тарихы мен жаңа реформалар тоғысқан торабынa балады.
Логистикалық тізбектен алшақ, табиғи ресурстары шектеулі бұл өлкеде өткен жылды «шағын және орта бизнес жылы» деуге болады. 2024 жылы облыста 7 мың жаңа кәсіпкер жұмысын бастаған, 47 кәсіпорын шағыннан орта санатқа өткен. 1 700 кәсіпорын қызметін қайта жандандырған. Осы нәтижелер арқылы бір жылдың ішінде 290 мың тұрғын жұмысқа орналасқан.
Алайда шешілуі тиіс мәселелер әлі де көп. Облыста кедейлік деңгейі шамамен 12 пайыз, 45 мың адам жұмыссыз. Сондықтан әкімдер мен олардың орынбасарларына әр мүмкіндікті нақты жобаға айналдырып, жаңа жұмыс орындарын құру, өнеркәсіп, қызмет көрсету, туризм, ауыл шаруашылығы мен экспорт әлеуетін арттыру қажет екені айтылды.
Мемлекет басшысы бұл салалардағы мүмкіндіктер мен оларды іске асыру шараларын нақтылап берді.
Мәселен, еліміздің туризм экспорты әлеуеті 10 миллиард долларды құраса, соның 2 миллиарды тікелей Хорезмге тиесілі. Өкінішке қарай, бұл әлеует толық пайдаланылып жатқан жоқ.
Облыс аумағында 263 тарихи-мәдени мұра нысаны бар. Егер олар кәсіпкерлермен бірлесіп туристік орынға айналдырылса, қосымша табыс және жұмыс орындары пайда болады. Сондай-ақ шетелден тәжірибелі археологтарды тарту және тарихи орындарды анықтап, қалпына келтіруге қаражат бөлінетіні айтылды.
Хорезмде қолөнердің 40-тан астам түрі дамыған, ал туристер өнімдердің қалай жасалатынына да қызығушылық танытады.
Туризм саласында қоғамдық тамақтану орындарының маңызы зор. Мемлекет басшысы ұлттық тағамдарымызды шетелдерде насихаттап жүрген рестораторларды қолдау қажеттігін атап өтті. Шетелде өзбек мейрамханаларын ашу кезінде тіркеу, рұқсатнама және құжат рәсімдеуге байланысты шығындардың бір бөлігі өтелетіні белгілі болды.
Сондай-ақ қонақ үй орындарын көбейту, көлік қатынасын кеңейту, жаңа ойын-сауық және тематик орындар құру, гидтер мен даяшыларды дайындау мәселелері де талқыланды.
Жалпы, биыл құны 200 миллион доллар болатын 91 жоба жүзеге асырылып, туризм мен қызмет көрсету саласында 100 мың жұмыс орны ашу міндеті тұр. Сонымен бірге, 2 миллион шетелдік және 10 миллион отандық турист тарту арқылы туризм экспортын 700 миллион доллардан асыру мүмкін екені айтылды.
Экономика саласында да үлкен әлеует бар. Биыл Хорезмде кемінде 6 пайыздық экономикалық өсімге қол жеткізіп, жалпы аймақтық өнімді 60 триллион сумнан асыру жоспарланған. Сонымен қатар, 265 мың адам жұмыспен қамтылып, 104 мың адам кедейліктен шығарылады.
Мәселен, жекешелендіру бағдарламасы аясында 2025 жылы облыста 41 мемлекеттік нысан мен 350 гектар жер учаскесі саудаға қойылады. Бұл — қызмет көрсету, туризм және өндіріс салалары үшін үлкен мүмкіндік.
Соңғы сегіз жылда Хорезмде жиһаз өнеркәсібі 3 есеге өсті. Хонқада 10 гектар жерде жиһаз өндірісі аймағы құрылған. Бұл саланы одан әрі дамыту үшін шетелден дизайнерлер, маркетологтар, инженер-технологтар әкелінеді.
Жалпы, елімізде бұл салаға қосымша серпін беру үшін арнайы бағдарлама әзірлеу тапсырылды.
Бүгінгі күрделі жаһандық жағдайда инновация мен инвестицияны тарта алған елдер ғана алға шықпақ. Осы бағытта Хорезм облысында да ауқымды жоспарлар жасалған. Атап айтқанда, биыл 900 миллион долларлық 12 ірі және 480 аймақтық жоба іске қосылады. 65 түрлі өнім мен 5 түрлі құрал-жабдық өндіріліп, локализация көлемі 1,7 триллион сумға жетеді. Сонымен қатар, 1,5 миллиард доллар шетелдік инвестиция тартылып, 510 миллион доллардың өнімі экспортталады.
Мысалы, «Қушкупир» ауданындағы 175 гектар жерде «Өзбекстан – Қытай технопаркі» құрылып жатыр. Мұнда 1 миллиард долларлық 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылады.
«Тупроққалъа» ауданында құны 10 миллиард доллар болатын газ-химия кешенінің бірінші кезеңі басталады. Жоба аясында жыл сайын 2 миллион тонна жоғары қосылған құнға ие 14 түрлі базалық полимер өнімдері өндіріледі.
Хорезмде құрылыс материалдарын шығаратын 663 кәсіпорын жұмыс істейді және бұл сала облыстың жетекші бағыттарының біріне айналды. Енді олардың өнімдерінің сатылымы қаржылық қолдаулар арқылы ынталандырылатын болады. Салада 100 миллион долларлық тағы 40 жоба қолға алынады.
Словакия компаниясы «Тупроққалъа» ауданында 170 миллион доллар инвестиция есебінен рапс өсімдігін өсіріп, одан биоэтанол өндіру жобасын жүзеге асырады.
Ауыл шаруашылығы саласында 60 миллион долларлық 56 жоба іске қосылады. 3 400 гектар жер қайта айналымға енгізіліп, 1 200 гектар индустриалды жеміс бауы құрылады.
Австрияның «Bauer» компаниясымен бірлесіп, Хорезмде 7,5 мың гектарға жаңбырлатып суару жүйесін енгізу жоспарланған. Бұл үшін фермерлерге дайын техника лизинг негізінде, жылдық 2,5 пайызбен 10 жылға берілмек.
Хорезмдік фермерлер шығынды азайту үшін тракторларға заманауи «автопилот» жүйесін орнатқан. Бұл арқылы тұқым дәл себіледі, өнім сапасы артады. Бұл бастаманы қолдау үшін жеңілдетілген несие берілетіні айтылды.
Аймақта егіс алқаптарын сумен қамтамасыз ету қиын. Республикадағы су айдайтын насостардың 21 пайызы Хорезмде орналасқан. Сондықтан оларға күн панельдерін орнату арқылы электр энергиясын үнемдеу қажеттігі айтылды.
Балық шаруашылығын дамыту, сүт өнімдерін қайта өңдеу, алқаптарда қосымша өнім өсіру шаралары жоспарға енгізілді.
Халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында құрылыс жұмыстары да жоспарланған. Атап айтқанда, биыл 7 мың пәтерлі 200 көпқабатты үй, 1 500 шақырым жол және 20 көпір жөнделіп, осы салада 20 мың адам жұмыспен қамтылады.
Әлеуметтік салаларды дамыту да назардан тыс қалған жоқ. Медициналық мекемелер мен жоғары технологиялы операцияларды көбейтіп, халықтың денсаулығын жақсарту, колледждер мен университет студенттерін дуальді оқуға тарту, жастарды жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Жиында белгіленген шараларды іске асыру жөніндегі жауапты басшылардың баяндамалары тыңдалды.









