Осыған орай өткен салтанатты шараға мемлекеттік және қоғамдық ұйым мен зиялы қауым өкілдері, жастар қатысты.
Сөзінің басында Мемлекет басшысы халқымызды Наурыз мерекесі және келе жатқан қасиетті Рамазан айымен құттықтады. Ташкенттің көне тарихын еске түсіре отырып, бүгінде републикада өмірдің барлық саласында көш бастап тұрғанын атап өтті.
– Тұрғындардың сұранысын ескере отырып, соңғы жылдары Ташкентте көп құрылыс жұмыстарын жүргіздік. Енді оның даму болашағын ойластыру керек. «келісіп пішкен тон келте болмас» деп айтқандай, бүгін сіздермен Ташкенттің болашағын талқылауға жиналдық, – деді Шавкат Мирзиёев.
Атап айтқанда, Ташкентте кейінгі 6 жылда жұмыс істейтін кәсіпорындар саны екі есеге өсті. Кәсіпкерлік ортаның жақсаруы және кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау нәтижесінде 26 млрд доллар инвестиция тартылды.
Құрылыс процестері жанданып, жаңа үйлер, заманауи кәсіпорындар мен құрылыстар бой көтерді. Сондай-ақ 30 мың орындық мектептер, 20 мың орындық балабақшалар, 2 мың орындық емдеу мекемелері, 200 гектар аумақта саябақтар, 10-нан астам ірі спорт кешендері салынды.
Қалада қоғамдық көлікті дамыту мақсатында 14 метро стансасы іске қосылып, күнделікті жолаушы тасымалы 1 миллионнан асты. Жыл соңына дейін тағы 5 станса пайдалануға беріледі.
Бүгінде Ташекент қаласында тұрып жатқан және жұмыс істейтіндердің саны 5 миллионға жуықтағаны белгілі. Сондықтан қалада 20 мыңнан астам пәтерлі көпқабатты үйлер, 40-тан астам мектеп, балабақша, емхана салу сұранысы бар.
Президент астананың болашағын айқындау үшін алысты ойлау керектігін қадап айтты.
– Бас қаламыздың тұрақты дамуын ойлап, кем дегенде 15-20 жыл бұрын жоспарымызды айқындауымыз керек. Жан-жақты ойластырылған урбанизация саясаты халықтың өмір сүру жағдайына, экономикалық дамуына, адамдар көңіл-күйі мен мәдениетіне үлкен әсер етеді, – деді Мемлекет басшысы.
Осыны ескере отырып, Ұлыбритания, Сингапур, Түркия мамандарымен бірлесіп, Ташкент қаласының 2045 жылға дейінгі Бас жоспарының жобасы әзірленді. Онда халыққа қолайлы жағдай жасау, қаладан тыс құрылыстарды жүзеге асыру, қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз ету, Ташкент қаласының сәулеттік келбетін сақтап қалу көзделген.
Ташкент облысының шекаралас аудандары есебінен астана аумағын кезең-кезеңімен кеңейтіп, Шыршық пен Қарасу өзендерінің арасында Жаңа Ташкент салу жоспарлануда. Халық қалаулыларымен, жұртшылық өкілдерімен талқылаудан кейін 3 түрлі жобаның ішінен ең қолайлысы таңдалды.
«Жаңа Ташкент» жобасы аясында 20 мың гектар аумақта 1 миллион адамның тұруына қолайлы жағдай жасалып, тиісті инфрақұрылымдар тартылады. Атап айтқанда, бірінші кезеңде 60 мың тұрғынға арналған көпқабатты тұрғын үйлер, 30 мектеп, 20 балабақша, көпсалалы аурухана, 5 отбасылық емхана салынады. Мемлекеттік кеңселер, Жаңа Өзбекстан университеті, Ұлттық кітапхананың жаңа ғимараттары, театр, өнер мектептері, сауда және қызмет көрсету орталықтары да осында орналасады.
Тағы бір маңызды жайт, бұл жобаны жүзеге асыруда заманауи урбанизация тәсілдеріне негізделген «ақылды» технологиялар қолданылады. Мысалы, экологиялық көлік жүйесі құрылады. Метро мен электр автобустары үйлесімді қозғалады. «Жасыл және қауіпсіз қала» қағидаты негізінде жаяу жүргіншілер мен велосипедшілердің еркін жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалады.
Осы мақсатта 100 мың көлікке арналған жерасты тұрақтары салынады. Автокөлік қозғалысы үшін 14 заманауи туннель мен Шыршық және Қарасу өзендері арқылы өтетін 7 көпір салынады. Барлық электр, байланыс желілері, газ, су құбырлары жер астынан тартылады.
Орталық Азияда тұңғыш рет «үш генерация» станциясы салынады. Яғни, осы станция арқылы электр энергиясы өндіріліп, ғимараттар күз бен қыста жылытылады, ал жазда салқындатылады.
Жаңа Ташкент жобасында суды үнемдейтін технологиялар есебінен суды тұтыну 2 есеге азаяды. Ағын сулар да заманауи технологиялар негізінде өңделіп, ирригациялық және техникалық мақсатқа жіберіледі.
Жаңа қалада инновациялық технологияға негізделген кірісі жоғары 200 мың жұмыс орны ашылады. Осы мақсатта жаңа технопарктер, IT-парк, білім беру және медициналық кластерлер құрылады.
Президент Шавкат Мирзиёев Жаңа Ташкенттің іргетасына капсула қойып, құрылысын бастап берді.
– Ұлыстың ұлы күні қарсаңында құрылысты ізгі ниетпен бастап жатырмыз. Құдай қаласа, бұл Жаңа Өзбекстан тарихының жаңа парағы болмақ, – деді мемлекет басшысы.
Бұл қала үшін, сондай-ақ, астана үшін де қосымша қуат көзі қажет. Тек Ташкент қаласының өзінде соңғы 6 жылда электр энергиясын тұтыну 30 пайызға артып, 8 миллиард киловатт-сағатқа жуықтады. Бұл сұраныс артып келеді.
Сондықтан Ташкент қаласын электрмен жабдықтау жүйесін түбегейлі жақсартудың үлкен бағдарламасы қабылданды. Оған сәйкес елорданың қажеттілігін өтеу үшін жалпы қуаты 2400 мегаватт болатын 4 күн станциясы салынады. Оның біріншісі – Қибрай ауданында 400 мегаватт фотоэлектр станциясының құрылысы басталған.
Сондай-ақ тағы 3 жоба бойынша қытайлық «CEEC-Gezhouba» және «China Dating Overseas Investment» компанияларымен келісім жасалды. Бұл Ташкент облысының Жоғарғы Шыршық ауданында 700 мегаватты, Ахангаран ауданында 1 мың мегаватты және Бөке ауданында 300 мегаватты станциялар.
Салтанатты шарада осы 3 жоба іске қосылды.
Оларға 2 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция құйылады. Жыл соңына дейін алғашқы 300 мегаватт қуаттар іске қосылады. Бұл станциялар толық іске қосылғаннан кейін жылына 6 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын өндіріп, елорда қажеттілігінің жартысынан астамын өтейді.
Осылайша, Ташкент қаласында жоғары вольтты желілер салынып, ескірген трансформаторлар мен электр желілері жаңартылатыны айтылды.
– Елордамызда жүзеге асырып жатқан барлық мақсат, жоспар мен бағдарламалар тұрғындар үшін, ол бүгін кешегіден, ертең бүгіннен жақсы өмір сүруі үшін, – деді Шавкат Мирзиёев.
Салтанатты шарада атап өтілгендей, Жаңа Ташкент нағыз экологиялық қала болады. «Ташкенттің жасыл белдеуі» жобасы осы жерден басталады. 420 гектар жерге «Орталық саябақ» салынып, 200 мың ағаш отырғызылады.
Мемлекет басшысы қоғам өкілдерімен бірге осы баққа көшет отырғызды және шараға қатысқан дипломатиялық корпус өкілдерімен тілдесті.