Жаңадан салынған тас жол пайдалануға берілді

    25 қазан күні Қоңырат – Бейнеу автожолының жаңадан салынған 240 шақырым бөлігі пайдалануға берілді. Осыған орай өткен салтанатты шараға Президент Шавкат Мирзиёев қатысты.

    Бұл жол Өзбекстанды Еуропа елдерімен байланыстыратын стратегиялық автомагистраль. Алайда көп жылдық қолданыс және Арал өңірінің күрт континенттік климаты салдарынан жолдың жағдайы жарамсыз болып қалған еді. Сондықтан 2021-2024 жылдары 323 миллион долларлық жоба аясында заманауи жол ретінде қайта салынды.

    Мемлекет басшысы шара барысында осы жолдың маңыздылығын айрықша атап өтті:

    – Енді еліміздің өңірлерінен халықаралық тасымал қашықтығы 1 мың шақырымға дейін, ал көлік шығындары 25 пайызға дейін азаяды. Бұл жол елімізді Каспий және Қара теңіз порттары арқылы Еуропа нарықтарымен сенімді түрде байланыстыратын логистика желісіне айналады. Тағы бір маңызды жағы – «А-380» халықаралық дәлізінің Өзбекстаннан өтетін бөлігінде күнделікті көлік қозғалысы 3 есеге артады, – деді Шавкат Мирзиёев.

    Жол барлық әлемдік стандарттарға сай, тегіс және қолайлы. Ол, ең алдымен, халқымызға, сондай-ақ шетелдік туристер мен жүк тасымалдаушыларға ыңғайлы әрі қауіпсіз қозғалыс мүмкіндігін береді.

    Бұған дейін «Ғузар – Бұхара – Нөкіс – Бейнеу» халықаралық автожолының басқа бөліктері жөнделген болатын. Биыл 29 ақпан күні Әмудария үстінде Қарақалпақстан мен Хорезмді байланыстыратын жаңа көпір ашылды. Мұндай жұмыстар адамдардың қозғалысына ыңғайлылық жасап, экономикалық белсенділіктің артуына, кәсіпкерліктің дамуына қосымша серпін береді.

    Есептеулерге сәйкес, жаңа жол бойында 200-ден астам сауда-қызмет көрсету нысандары мен өнеркәсіп орындары пайда болады. Осы арқылы бастапқыда 2 мың, ал кейіннен тағы 5 мың жұмыс орны ашылады. Осылайша, Қарақалпақстанда транзит және басқа да қызметтердің көлемін жылына 200 миллион долларға, ал республика экспортын кемінде 300 миллион долларға ұлғайтуға мүмкіндік жасалады.

    Бұл магистраль жол өтетін «Төрткүл», «Элликқала», «Беруни», «Нөкіс», «Хожелі», «Шоманай», «Қанлыкөл», «Қараөзек» және «Қоңырат» аудандарындағы 1 миллионнан астам тұрғынның өміріне оң өзгеріс әкеледі.

    Президент осы жобада еңбек еткен құрылысшылар мен жұмысшыларға, Азия даму банкіне, Түркия, Әзербайжан және Қытай мердігерлеріне, Оңтүстік Корея мен италиялық кеңесшілерге алғысын білдірді.

    – Жол мен көпір салып, халықтың алысын жақын, қиындықтарын жеңілдету – ең сауапты істердің бірі. Біз құрметті жол салушылар бейнесінде осындай ізгі, елдің батасын алып жүрген еңбекқор жандарды көреміз. Жаңа Өзбекстанның экономикалық әлеуетін, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға қызмет ететін осындай игі істеріміз одан әрі көбейе берсін, – деді Мемлекет басшысы.

    Осы 240 шақырым жолдың екі жағындағы Қарақалпақстанның Қоңырат ауданы мен «Дәуіт ата» кеден бекетінде болғандар телекөпір арқылы байланысқа шықты. Президент Шавкат Мирзиёев қуана жолдың ашылуына рұқсат берді және осы қуанышты оқиғамен барлығын құттықтады.

    Салтанатты шараға мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық өкілдер де қатысты.

    Осы жерде Мемлекет басшысына инженерлік құрылымдарды бақылау жүйесі таныстырылды. Оған сәйкес, көпірлердің нақты нүктелеріне электронды таратқыштар орнатылады. Бұл арқылы беріктік пен қауіпсіздік деңгейі бұрынғыдай белгіленген мерзімде емес, тұрақты бақылауда болады. Күнделікті нормадан ауытқу байқалса, мәселе тез анықталып, уақытында қажетті шаралар қабылданады. Бұл көпірлердің ұзақ уақыт бойы жақсы сақталуын қамтамасыз етеді.

    Сонымен қатар, осы жүйе арқылы қаражат үнемделеді. Шамамен 20 қағаз түріндегі есеп сандық форматқа көшіріледі. Мониторинг мәліметтері 30 жылға дейін сақталады.

    Мұндай алғашқы жоба Ташкент халықаралық әуежайына апаратын, Бабыр көшесіндегі жаңа жол өткелінде қолданылды. Салтанатты шарада осы көлік торабы да толықтай ашылды. Оның жалпы ұзындығы 702 метр, ені 46 метр. Сондай-ақ 2 айналма және 4 доға тәрізді «қанаттар» салынып, Кіші айналма жол және Садиқ Талипов көшелерімен тиімді байланыстырылған. Бұл көліктердің қозғалысын жеңілдетіп, айналып жүруді қажет етпейді. Жалпы, бұл көлік торабы бір сағатта 5 мың, тәулігіне 132 мың көлікті өткізуге қабілетті.

    Президент бұл жүйені алдымен Ташкент қаласындағы 114 көпірде, кейіннен барлық көпірлерде қолдану қажеттігін атап өтті.

    Айта кетейік, республикада соңғы сегіз жылда 2 мың шақырым жол жаңадан салынды, 100 мың шақырымы жөндеуден өтті. Ең бастысы – сапа артуда, жаңа полимер-бетон, цемент-бетон жабындары кеңінен қолданыла бастады. Нәтижесінде жолдарды пайдалану мерзімі 1,5 есеге дейін ұзарды.

    Шетелдік компаниялармен бірлесіп, келесі жылы тағы мың шақырым жол салу бойынша 10 ірі жоба жоспарланған.