Шараға Денсаулық сақтау министрі Б. Мусаев, Жапония Парламентінің өкілдер палатасы мүшесі Кэидзи Фуруя, Жапонияның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Еошинори Фудзияма қатысты.
Онда атап өтілгендей, COVID-19 пандемиясының алғашқы күндерінен бастап Жапония үкіметі Өзбекстанға алғашқылардың бірі болып гуманитарлық көмек көрсетті.
Атап айтқанда, 2020 жылдың март айында еліміздің денсаулық сақтау жүйесін қолдап-қуаттау мақсатында осы мемлекет 500 миллион иена бөлді.
Осы қаражат есебінен алдымен Жапонияда өндірілген вирусқа қарсы тиімді препараттар әкелінсе, одан кейін Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігі (JICA) арқылы еліміздің медициналық мекемелеріне жоғары технологиялық рентген аппараттары әкелініп, орнатылды.
Бұл жолы осы гранттық жоба есебінен еліміздегі 3 медициналық мекемеге Aquilion Prime SP 160 КТ компьютерлік томографиялық аппараты мен 1 дана арнайы жабдықталған SANSEI медициналық-диагностикалық контейнері тапсырылды.
Жоспарға орай, заманалық компьютер томографиясы құрылғылары Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығына, Республикалық эпидемиология, микробиология, жұқпалы және паразиттік аурулар ғылыми-практикалық медицина орталығына және Бұхара мемлекеттік медицина институтының клиникасына тапсырылды.
Медициналық диагностикалық контейнер еліміздің шалғай аудандарында тұратын тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығына тапсырылды.
Бұл компьютер томографиясының ерекше артықшылықтары сонда ол науқастарды барлық тексеруден өткізе алады. Тіпті бұл жабдықты басқару операциясы ең аз радиациялық әсермен жоғары сапалы кескіндерді алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, SANSEI медициналық-диагностикалық контейнері офлайн режимінде істейтін дербес мобильді диагностикалық жабдықтары болып табылады, ол компьютер томографиясымен, ультрадыбыстық диагностикамен және рентгендік құрылғылармен жабдықталған.
Шарада осындай заманалық құрал-жабдықтар науқастарға дер кезінде нақты нақтама қоюға қызмет ететіні, сонымен қатар сала қызметкерлеріне үлкен қолайлылық туғызатыны баса айтылды, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.