Соңғы жылдары осы бағытта өңірлерде бірқатар жұмыс атқарылды. Жол құрылысымен жөндеуге 61 трлн сум бөлінген — бұл 2017 жылға дейінгі қаражаттардан 3,5 есе көп.
Онлайн өтініштер жүйесі іске қосылып, жол қозғалысы қауіпсіздігі қызметтеріне жүгінушілер саны 50 пайызға азайды. Салада 3 365 қызметкер электронды планшет және бодикамералармен қамтамасыз етілді. Ережебұзушылықтарды жасанды интеллект көмегімен анықтап, шешім қабылдау тәжірибесі енгізілді. Қалаларда қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтар бөлінді.
Өткен айда жүргізушілерге бірқатар жеңілдіктер енгізілді: алғаш рет ереже бұзғандарға айыппұл емес, ескерту беріледі, жолақтарды басу камерамен тіркеу тоқтатылды, түнгі уақытта қоғамдық көлік жолақтарында басқа көліктердің жүруіне рұқсат берілді. Күндіз жол жөндеу жұмыстарына шектеу қойылды. Радар тұрған жерге міндетті түрде жол белгісі қойылуы талап етілді.
Алайда салада әлі де шешімін таппаған мәселелер бар. Ең өзектісі – жол-көлік оқиғалары. Өткен жылы 9 364 жол апаты тіркеліп, 9 мыңға жуық адам жарақат алды, 2 203 адам қаза тапты.
– Әр төртінші апатта бір адам қаза табуда, бұл күн сайын орта есеппен алты адам деген сөз. Бұл баршамызды қатты ойландыруы тиіс, – деді Шавкат Мирзиёев.
Қозғалыс қауіпсіздігі, ең алдымен, жолдардың жағдайы мен қолайлылығына байланысты. Көптеген аудандарда жол инфрақұрылымы жақсарып, апаттар азайған. Алайда 20 өңірде апаттар саны әлі де жоғары. Жалпы, мұндай апаттардың экономикаға келтіретін залалы ЖІӨ-нің орта есеппен 0,4 пайызын құрайды.
Осыған байланысты жиында «Қауіпсіз жол» ұлттық бағдарламасы басталатыны жарияланды. Бұл үшін «Қауіпсіз жол және қауіпсіз жаяу жүргінші» республикалық қоры қайта құрылып, үкімет қарамағына өтеді. Биыл бұл қорға әртүрлі көздерден 400 млрд сум түседі деп жоспарланған.
Сондай-ақ, әр облыста қордың жеке есепшоты болады. Жол белгілері мен бағдаршам орнату, жол сызбаларын сызу жұмыстарына жауапты кәсіпорындар облыс билігінің құзырына өтеді.
Қор жұмысы ашық болады. Оған облыстық жол қауіпсіздігі басқармасы, жол басқармасы басшылары мен қоғам өкілдері кіреді. Қор қаржысы ең алдымен апат көп болатын қауіпті аймақтарды реттеуге бағытталады. Бұл жұмыстар ұзындығы 175 шақырым болатын 23 магистраль учаскесінен басталады.
Барлық аудандарда жол инфрақұрылымын дамытуға арналған арнайы қорлар да құрылған. Енді жолдарға қатысты тұрғындардың пікірін жинайтын электронды портал іске қосылады. Халық қай жерге белгі, жаяу жүргінші жолы, бағдаршам қажет екенін дауыс беру арқылы білдіре алады. Кейін порталға атқарылған жұмыстардың фото-видеосы жүктеліп, тұрғындар бағалайтын болады.
Осы мүмкіндіктерді пайдаланып, жол қозғалысын жақсартып, ауыр апаттарды күрт азайту міндеті қойылды.
Тағы бір мәселе - қазіргі таңда елдегі автожолдарда 1 200-ден астам бұрылу орны болса, соның тек 146-сында ғана жерүсті немесе жерасты арқылы қауіпсіз өту мүмкіндігі бар. Ал 10 мыңнан астам жаяу жүргіншілер өткелінің тек 154-інде ғана мұндай қолайлы мүмкіндік жасалған.
Сондықтан Көлік министрлігіне Дүниежүзілік банкпен бірлесе отырып, Ташкент – Самарқан – Термез, Ташкент – Ферғана аңғары және Самарқан – Бұхара бағыттарындағы халықаралық жолдардың қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін талдау тапсырылды. Осы талдау негізінде бұрылу және жаяу жүргіншілер өткелдерін қауіпсіз ету, жол белгілері мен сызбаларын ыңғайлы ету бойынша жобалар әзірленеді.
Қазіргі кезде қалааралық қоғамдық көлік жүйесі жолға қойылмаған. Автобустар кестеге сай емес, тек 40–50 жолаушы толғанда ғана жүруге үйреніп қалған.
Осыған байланысты жиында орта және алыс қашықтыққа қатынайтын қоғамдық көлік желісін дамыту шаралары белгіленді. Бұл ретте Ташкент қаласы мен облысаралық қатынауға жеке көзқарас енгізіледі.
Біріншіден, елорда қоғамдық көлігі бірыңғай агломерация жүйесіне өтіп, Ташкент облысының барлық шекаралас аймақтарын қамтитын болады. Қазіргі уақытта қаланың шетіне дейін ғана баратын 20 автобус бағыты 15–20 шақырымға ұзартылып, тағы 6 жаңа бағыт ашылады. Қыркүйекке дейін қалаға 200 автобус, келесі жылы тағы 1 000 автобус жеткізіледі. Соның нәтижесінде Ташкентке келетін 25 мың жеңіл көлік ағыны азаяды деп күтілуде.
Екіншіден, қалалар мен облысаралық қоғамдық көлік қатынасы жақсартылады. Бұл бағыттағы автобус және шағын автобустарға жолаушы басына субсидия берілетін болады. Автобустар үшін утильсбордан үш жылға дейін жеңілдік ұзартылып, бұл жеңілдік шағын автобустарға да таратылады. Туристік автобустар мен шағын автобустар үшін кедендік баж салығынан берілетін жеңілдік үш жыл бойы қоғамдық көлікке де қолданылатын болады.
Көлік тұрақтарының жетіспеушілігі де кептелістің себебі. Нәтижесінде Ташкент пен басқа да ірі қалаларда автотұрақтар тапшылығы жүргізушілерді көлікті жол жиегіне қоюға мәжбүрлейді. Кейбір министрлік, мекемелер мен әкімдіктер орналасқан көшелерде жолдар жабылып қалған.
Жауапты органдарға осындай жағдайлардың алдын алып, барлық ұйымдар мен махалла көшелеріндегі негізсіз тыйым салатын белгілерді алып тастау тапсырылды.
Көлік министрлігіне жүргізушілермен кері байланыс орнату және олардың мәселелерін зерделеу үшін электронды платформа құру тапсырылды.
Жолда жүргізушілік мәдениетін арттыру – маңызды міндет. Өткен жылы 20 миллионға жуық өрескел жол ережесін бұзу жағдайы тіркелген. Кейбір жүргізушілердің мұндай тәртіп бұзушылығы жүйелі түрде қайталанып отырған.
Осыған байланысты «Жиі ереже бұзушылар» бағдарламасы іске қосылады. Қарама-қарсы бағытқа шығу, қызыл шамнан өту, жылдамдықты асыру сияқты әрекеттерді қайталағандар үшін бір жылға дейін айыппұл жеңілдігі берілмейді. Егер бір ай ішінде 10-нан астам тәртіп бұзушылық жасалса, жүргізуші куәлігінен алты айға дейін айырылды. Жылдамдықты 2–3 есе асырғандарға жүргізушілік құқығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Кейбір жағдайларда ереже бұзғаны үшін айыппұл бірнеше айдан кейін ғана тағайындалып, бұл түсініспеушілік пен наразылыққа себеп болуда. Енді ереже бұзылған күннен бастап бір ай ішінде шешім шығарылмаса, жүргізуші ешқандай айыппұл төлемейтін болады.
Бүгінде қауіпсіз, заманауи көліктер саны күн санап артып келеді. Облыстар арасындағы жолдардың көпшілігі жоғары жылдамдықпен қозғалысқа лайықталған. Сондықтан жылдамдық шектеулерін қайта қарау қажеттігі атап өтілді.
Жүргізушілерді даярлау бойынша жаңа жүйе нәтиже бере бастады. Бірақ жаяу жүргіншілердің, әсіресе жастардың бұл тұрғыдағы білімі мен тәртібін арттыру қажет. Осы мақсатта мектептер мен балабақшаларда жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша бағдарламалар жаңартылады. «Жасыл шырақ» сайыстары қайта жанданып, республикалық жеңімпаздарға Президенттің сыйлығы табысталады. Жол ережелері бойынша бейне және анимациялық контенттер әзірленеді.
Жиында белгіленген барлық тапсырмаларды іске асыру бойынша жауапты басшылардың ақпараты тыңдалды.












