Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан әкімшілік реформаларға сәйкес Жастар саясаты және спорт министрлігі құрылған еді. Презентацияда мемлекеттік басқаруды тиімді ұйымдастыру және оларды осы салаларда дамыту шаралары белгіленді.

Жаңа жүйеге сәйкес, жастар арасында фестиваль, форум, байқау және басқа да мәдени-ағартушылық іс-шаралар бірыңғай жылдық күнтізбелік жоспар негізінде өткізіліп, бұл туралы ақпарат «yoshlarportali.uz» бірыңғай электронды платформасында орналастырылады. «Жастар дәптері» арқылы көрсетілетін әлеуметтік-экономикалық қызмет түрлері 2023-2024 жылдары 1,5 есеге ұлғайтылады.

Жастар саясаты және спорт министрлігіне қарасты 3 мемлекеттік унитарлық кәсіпорынның қызметі оңтайландырылып, олардың функциялары жеке секторға беріледі.

Мемлекеттік бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында саладағы 24 бағытты қамтитын «ERP Sport» бірыңғай электронды басқару жүйесі іске қосылады.

Саланы цифрландыруға, спорттық туризмді дамытуға да үлкен көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, келесі жылдан бастап жарыстарға қатысатын спортшылардың жеке басын куәландыратын құжат арқылы біліктілігін анықтау тәртібі енгізіледі. Спортқа демеушілік жасайтын тұлғаларға шетелдегі турнирлерге қатысуға мүмкіндік беріледі. Ол үшін олардың арасында лотерея ойындары өткізіледі.

Сала өкілдерін одан әрі ынталандыру мақсатында Жастар саясаты және спорт министрлігінің шәкіртақысы енгізілуде. Спортшыларға құқықтық және медициналық қызмет көрсету де қарастырылған.

Футбол – республикадағы ең танымал спорт түрі. Сондықтан бұл бағытты дамыту мәселесі арнайы қарастырылды. ФИФА-ның арнайы бағдарламасы негізінде балабақшалар мен шағын махаллаларда «қоғамдық футбол», орта білім беру ұйымдарында «Мектептерде футбол», жоғары оқу орындарында «Студенттер лигасы» бағдарламаларын енгізу ұсынылды.

Талантты ойыншыларды іріктеу мен дайындауда дәйектілікті қамтамасыз ету мақсатында Өзбекстан футбол қауымдастығы жанынан 14 футбол мектебі, «Достық» стадионы базасында барлық жас санаттары бойынша Құрама командалар орталығы құрылады. Футбол мамандарын дайындайтын орталықтың қызметі жетілдіріліп, Хорватия, Жапония және басқа елдерден мамандар тартылады.

Саладағы инфрақұрылымды дамыту үшін Өзбекстан футболын қолдау қоры құрылады. Қарақалпақстан Республикасы Министрлер Кеңесінің Төрағасы, облыстар мен Ташкент қаласының әкімдері аймақтық футбол ассоциацияларының басшылары болып тағайындалады.

Мемлекет басшысы осы ұсыныстарды қолдап, тиімді жүзеге асыру жөнінде тапсырмалар берді.