Онда Дүниежүзілік мұхиттың жағдайы климаттың өзгеруі, ластану, балықтарды шамадан тыс аулау және биологиялық әртүрліліктің азаюы салдарынан нашарлап бара жатқаны атап өтілген. Бағалауды 86 елден тартылған 600 ғалым дайындаған. Есепте теңіз деңгейінің көтеріліп жатқаны, судың қышқылдану деңгейі артып келуі, маржан рифтерінің жойылып бара жатқаны және балық қорларының азайып жатқаны көрсетілген. Бұл 2015 жылдан бері жүргізілген осындай үшінші бағалау болып табылады, ал алдыңғысы 2021 жылы жарияланған еді.

1352 беттен тұратын есепке сәйкес, адамдар тұтынатын жануар ақуызының шамамен 20 пайызын қамтамасыз ететін балық ресурстары қысқаруын жалғастыруда. 2021 жылы әлемдік балық қорының шамамен 38 пайызы олардың табиғи қалпына келу қарқынынан жылдамырақ қарқынмен ауланған. 2019 жылы бұл көрсеткіш 35 пайыз болған.

Сонымен қатар, құжатта мұхиттардың деградацияға ұшырауының негізгі себептерінің бірі ластану екені атап өтілген. Пластик қалдықтар, ауыл шаруашылығы ағындылары, тұрмыстық және өнеркәсіптік ағынды сулар, сондай-ақ әртүрлі химиялық заттар теңіз түбіне жиналып, азық-түлік тізбегі арқылы адамдар тұтынатын түрлерге де өтеді.

Авторлардың есептеуінше, әлемдік экономикалық қызметтің 45 пайызға дейінгі бөлігі жағалаудағы аймақтарда шоғырланған. Шамамен 3 миллиард адам жағалаудан 100 шақырым қашықтықта өмір сүреді.

Мұхит суларының жылдам жылынуы жаһандық теңіз деңгейінің көтерілуінің 30–50 пайызына себеп болып отыр. Егер 2013–2023 жылдары мұхит деңгейі жылына орта есеппен 4,3 миллиметрге көтерілсе, 1993–2002 жылдары бұл көрсеткіш 2,1 миллиметрді құраған. Мұның негізгі себебі — судың жылынуы нәтижесінде оның көлемінің ұлғаюы.

Бұған дейін теңіз бетінің температурасы 2019 жылдан бері 1980-жылдардың соңымен салыстырғанда 4,5 есе жылдам өсіп жатқаны хабарланған болатын. Сондай-ақ, жиырма жылға жуық келіссөздерден кейін БҰҰ-ға мүше 193 мемлекет Дүниежүзілік мұхитты қорғау жөніндегі тарихи келісімді қабылдаған еді, деп хабарлады korrespondent.net.