Моңғолияның ұлттық ақпарат агенттігі МОНЦАМЭ-нің хабарлауынша, мемлекет басшысы бұл туралы баспасөз мәслихатында мәлімдеген.
«Баршаңызға белгілі, соңғы бір ай ішінде кейбір қылмыстық топтар Моңғолия Президентінің ар-намысы мен мемлекеттік лауазымына қатысты өрескел әрекеттер жасап, оның беделіне нұқсан келтірді. Маған ақылға сыймайтын әрі аса ауыр қылмысқа қатысы бар деген жалған айыптаулар мен қорлаулар айтылды.
Мен болған жағдайды бақылап, біраз уақыт үнсіз қалдым. Алайда жауапты мемлекеттік қызметті атқаратын тұлға ретінде бүгін осы мәлімдемені жасауды жөн көрдім. Заң алдында барлығы тең. Кеше Демократиялық партия ішіндегі бір топ Моңғолия Президенті отставкаға кетіп, тергеу жүргізілуі керек деген ұстанымын білдірді. Мен бұл пікірмен келісемін», – деді ол.
Моңғолия Конституциясына сәйкес, Президент отставкаға кеткен, қызметінен шеттетілген немесе қайтыс болған жағдайда парламент оның өкілеттігін тоқтату туралы қаулы қабылдайды.
Жаңа мемлекет басшысы сайланғанға дейін Президенттің міндеттерін парламент спикері атқарады. Ал мерзімінен бұрын президент сайлауы төрт ай ішінде өткізілуі тиіс, деп хабарлады report.az.