Өзбекстанда көлік инфрақұрылымын дамытуға, түрлі көлік түрлерін өзара ықпалдастыруға және тұрғындар мен туристер үшін қолайлы қатынас жүйесін қалыптастыруға ерекше мән беріліп отыр. Хорезм облысында жүзеге асырылған бұл жоба да осы мақсаттарға бағытталған.

Құны 225 млрд сум болатын жоба аясында Үргеніш халықаралық әуежайы мен теміржол вокзалын байланыстыратын ұзындығы 11 шақырым жаңа теміржол желісі салынды. Мұнда бір теміржол бекеті, көпір, автомобиль жолдарымен қиылысатын учаскелер және 25 су өткізу нысаны бой көтерді.

Жаңа бағыт арқылы жылына шамамен 650 мың жергілікті және шетелдік туристі тасымалдауға мүмкіндік туады. Хиуа мен Үргеніш арасындағы жол жүру уақыты екі есеге қысқарып, 80 минуттан 40 минутқа дейін төмендейді. Сонымен қатар, шамамен 30 жаңа жұмыс орны ашылды.

Айта кетерлігі, әуежай мен теміржолды тікелей байланыстыратын мұндай жоба Өзбекстанда алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Үргеніш халықаралық әуежайы – Хиуа бағыты бойынша Қытайда шығарылған «CR200J» электропойызының қатынауы жолға қойылуда.

Алты вагоннан тұратын электропойыз бір мезетте шамамен 400 жолаушыны тасымалдай алады. Оның ең жоғары жылдамдығы сағатына 160 шақырымға жетеді. Вагондарда VIP, бизнес және эконом-класс орындары, тегін Wi-Fi, электронды құрылғыларды қуаттандыруға арналған құрылғылар, заманауи кондиционер және жылыту жүйелері қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де қажетті жағдайлар жасалған.

Мемлекет басшысы жаңа электропойызбен Хиуа қаласына барды.

Хиуада Президентіміз Үргеніш халықаралық әуежайы мен Хиуа теміржол вокзалын байланыстыратын бағытта қатынайтын жаңа троллейбустарды да көріп шықты.

Биыл шілде айында Қытайдан әкелінген 10 троллейбус заманауи автономды қозғалыс жүйесімен жабдықталған. Олар электр желісіне қосылмай-ақ, 100 шақырымға дейін жүре алады.

Әр троллейбус 87 жолаушыға арналған. Көліктерде мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарттарға және балалы жолаушыларға қажетті жағдайлар жасалған. Сондай-ақ USB және Type-C порттары, ішкі және сыртқы бейнебақылау камералары орнатылған. Бұдан бөлек, жүргізушінің жағдайын бақылау, қозғалыс жолағынан шығып кетуді ескерту және автоматты өрт сөндіру жүйелері қарастырылған.

Бұл заманауи көлік құралдарын әкелу бастамасы Президенттің былтырғы Хорезм облысына сапары кезінде көтерілген болатын.

Мемлекет басшысы көліктің әр түрін өзара ықпалдастыру тұрғындар мен туристерге қолайлы жағдай жасап, жолға кететін уақытты қысқартуға және өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Жауапты тұлғаларға жолаушыларға қауіпсіз әрі сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.