Бұл туралы Экономика және қаржы министрлігі хабарлады.
Мәлім етілгендей, Келісім аясында Өзбекстанға 252,5 миллион АҚШ доллары көлеміндегі қаражатты қайтару көзделген. Бұл қаражат «Ишонч – 2030» (Uzbekistan Vision 2030 Fund) траст қоры арқылы халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға және адами капиталды дамытуға бағытталады.
Ресурстарды бөлу стратегиясының екінші кезеңі Өзбекстан Республикасы экономика және қаржы министрінің орынбасары Отабек Фазилкаримов, Швейцарияның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Симоне Гигер және БҰҰ-ның Өзбекстандағы тұрақты үйлестірушісі Сабине Мал тарапынан қол қойылған.
Аталған қор Өзбекстан, Швейцария және Біріккен Ұлттар Ұйымының ынтымақтастығы аясында құрылған. Оның негізгі мақсаты – Швейцарияда тәркіленген активтерді Өзбекстан халқына қайтару және оларды халықтың мүддесі үшін тиімді пайдалануды қамтамасыз ету.
Қор қаражаттары Өзбекстан үкіметімен бірлесіп, БҰҰ мен Дүниежүзілік банктің қатысуымен жүзеге асырылатын бағдарламалар арқылы бөлінеді. Бұл ретте жобаларды іріктеу, іске асыру және нәтижелеріне мониторинг жүргізу үдерісінде ашықтыққа, есептілікке және қоғамның қатысуына ерекше назар аударылады.
Мәліметтерге орай, қор ресурстарын бөлудің бірінші кезеңі аясында денсаулық сақтау және білім беру салаларына 87 миллион доллар бағытталған. Бұл қаражат ана мен бала денсаулығын қорғауға, перинаталдық көмекті жетілдіруге, білім беру сапасын арттыруға, мұғалімдердің цифрлық дағдыларын дамытуға және тиісті жүйелердің әлеуетін нығайтуға жұмсалған.
Стратегияның екінші кезеңінде 252,5 миллион доллар көлеміндегі активтерді қайтару және оларды басым әлеуметтік бағдарламаларға бағыттау механизі белгіленген.
Бұл кезеңде екі негізгі бағыт басымдық ретінде белгіленген:
Денсаулық сақтау – балалар мен жасөспірімдерге медициналық көмек көрсету жүйесін жетілдіру, аурулардың алдын алу және оларды ерте анықтау, кейбір онкологиялық ауруларды емдеу мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ медицина қызметкерлерінің кәсіби әлеуетін арттыру.
Білім беру – мектеп инфрақұрылымын жақсарту, соның ішінде жаңа мектептердің құрылысын қолдау, білім беру үдерісіне цифрлық технологияларды енгізу, мұғалімдердің біліктілігін арттыру және сапалы білім алуға қолжетімділікті кеңейту.
Әсіресе, ауылдық жерлерде тұратын халықтың және әлеуметтік қызметтерді пайдалану мүмкіндігі шектеулі азаматтар санаттарының жағдайын жақсартуға басымдық беріледі.
Сонымен қатар қор қызметінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, қаражаттың мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету, жобалардың нәтижелілігін бағалау және азаматтық қоғам өкілдерінің тәуелсіз мониторингке қатысуы маңызды қағидаттар ретінде белгіленген.
Кезекті келісімнің бекітілуі Өзбекстан мен Швейцария арасындағы заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару бағытындағы ынтымақтастықтың жүйелі түрде жалғасып жатқанын көрсетеді.