Іргетасқа алғашқы кірпіш қалау рәсіміне Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Жамшид Хужаев, Инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары Илзат Қасимов, Корея Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Вон До Ён, сондай-ақ Оңтүстік Кореяның ROBOTIS компаниясының президенті Ким Бёнг Су қатысты.

1999 жылы құрылған ROBOTIS автономды робототехника саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі болып саналады. Компанияның активтері 2,5 миллиард АҚШ долларына бағаланған. Оның АҚШ, Жапония және Қытайда өкілеттіктері  жұмыс істейді.

Компанияның өндірген технологияларларын Amazon, Microsoft, Apple, NASA, Google, Samsung және BMW сияқты ірі халықаралық компаниялар кеңінен пайдаланады.

Айтылуынша, бұл стратегиялық жоба Өзбекстан өнеркәсібін жоғары технологиялар деңгейіне көтеруге қызмет етеді. Жоба аясында мыңнан астам жаңа білікті жұмыс орны ашылады, сондай-ақ озық халықаралық технологиялар мен тәжірибелерді елге тарту жоспарланған.

Мамандардың пікірінше, бұл бастама Өзбекстанды Орталық Азиядағы робототехника саласының жетекші орталықтарының біріне айналдыру үшін берік негіз қалыптастырады.