Жоба Германияның OHB компаниясының жетекшілігімен халықаралық консорциум тарапынан әзірленіп жатыр. ClearSpace-1 миссиясын 2030 жылы ұшыру жоспарланған.

Құрылғының алғашқы нысанасы 2001 жылы ұшырылған PROBA-1 жасанды жер серігі болады. Ғарыштық қоқыстарды жинайтын құрылғы оған автономды түрде жақындап, төрт роботтық манипулятордың көмегімен ұстап алады. Одан кейін екі құрылғы да Жер атмосферасына бағытталады. Атмосфераға кірген кезде олардың толық жанып кетуі көзделіп отыр.

Орбитадағы ғарыштық қоқыстар көлемінің артуына байланысты мұндай технологияға деген қажеттілік те күннен-күнге өсіп келеді. Еуропа ғарыш агенттігінің мәліметінше, қазіргі уақытта Жер орбитасында 47 мыңнан астам нысан бақыланады. Ал көлемі 1–10 сантиметр болатын ұсақ бөлшектердің саны 1,5 миллионға жетуі мүмкін.

Қозғалыс жылдамдығының өте жоғары болуына байланысты тіпті кішкентай бөлшектердің өзі жұмыс істеп тұрған жасанды жер серіктеріне зақым келтіруі мүмкін, деп хабарлады Kazinform.