Миграция агенттігінің мәліметінше, жұмысқа қабылданатын үміткерлер үшін Ташкент қаласында 8 айлық тегін неміс тілі курстары ұйымдастырылады. Оқу шығындарын Deutsche Bahn компаниясы өз мойнына алады. Курс аяқталғаннан кейін үміткерлер неміс тілі бойынша B1 деңгейіндегі емтиханды сәтті тапсыруы тиіс. Ал неміс тілін алдын ала білуі міндетті талап болып саналмайды.
Ұсынылып отырған жұмыс аясында мамандар теміржол платформаларын, вокзалдарды және басқа да инфрақұрылым нысандарын жөндеу, оларға техникалық қызмет көрсету, кірпіш қалау, қалып орнату, бетон құю, іргетас салу және жер асты құрылыс жұмыстарын атқарады. Сонымен қатар қадаларды қағу, бұрғылау, бағаналар орнату және қарапайым геодезиялық өлшеу жұмыстарын орындау да міндеттер қатарына кіреді.
Айына 3 418,84 еуро көлеміндегі жалақы – салықтар ұсталмағанға дейінгі сома. Бұдан бөлек, жұмыс уақытынан тыс, демалыс және мереке күндері еңбек еткені үшін қосымша ақы төленеді. Қызметкерлерге Германиядан баспана табу және тіркеуден өту рәсімдерінде де көмек көрсетіледі. Сондай-ақ компанияның ішкі біліктілікті арттыру бағдарламалары арқылы кәсіби білімдері мен дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік бар.
Бағдарламаға қатысу үшін үміткерлер құрылыс саласы бойынша кәсіптік білім алған болуы керек. Ғимараттар мен құрылыстар салу, жер асты нысандары, бетон жұмыстары немесе жол құрылысы бағытындағы мамандарға сұраныс бар. Құрылыс алаңдарында жұмыс тәжірибесінің болуы, практикалық дағдылар мен техникалық білімдер қосымша артықшылық береді.
Сонымен қатар үміткерлер ұжымда жұмыс істеуге, дене еңбегін атқаруға, түрлі құрылыс алаңдарында қызмет етуге және қажет болған жағдайда жұмыс нысанының аумағында түнеп қалуға дайын болуы тиіс. B санатындағы жүргізуші куәлігінің болуы да артықшылық етпейді.
Құжат тапсыру кезінде мектеп аттестаты мен бағалары көрсетілген қосымшасын, бар болса, орта арнаулы немесе жоғары білім туралы дипломын және оның қосымшасын, резюме, жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттарын, төлқұжатын және жүргізуші куәлігін ұсыну талап етіледі.
Аталған ұсыныс құрылыс саласында білімі мен тәжірибесі бар, Германияда жұмыс істеп, кәсіби қызметін дамытуды қалайтын өзбекстандық азаматтар үшін жаңа мүмкіндік ашады.