Кейінгі жылдары банктер қызметінің ауылдық деңгейге дейін жетуі оң нәтижелерін беруде. Атап айтқанда, Наманган облысының «Уйчи» ауданында банктер 3 мың 200 белсенді азаматпен жұмыс істеп, оларды қолдағаны үшін 9 мың адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Осы арқылы кедейлер саны 6 мыңға қысқарды.

Сырдария облысы «Сайхұнабад» ауданында 3 мың 200 үйде жобалар іске қосылып, 12 мың адам өз ауласында табыс табуды үйренді.

Жызақ облысының «Зарбдор» ауданында 13 мың 500, ал Бұхара облысының «Ғиждуван» ауданында 28 мың жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде қосымша 10 мыңнан астам адам кедейліктен шығарылды.

Жалпы, осы 4 аудан – «Уйчи», «Сайхұнабад», «Зарбдор» және «Ғиждуван» тәжірибелері аясында жыл басынан бері 3 миллион 300 мың адам тұрақты табысқа ие болды. Жұмыс істейтіндер саны алғаш рет 10 миллион 500 мың адамға жетті.

Сонымен қатар, «Хожелі», «Асака», «Вобкент», «Булунғур», «Янгиер», «Қуштепа», «Шовот» сияқты 57 ауданда жұмыссыздық деңгейі 5 пайызға төмендеді.

Орталық банк пен жергілікті банктер бұл оң тәжірибелерді кеңейтіп, халыққа қолдау көрсетуі қажет екені айтылды.

– 2025 жыл жұмыспен қамтамасыз ету мен кедейлікті азайтуда ең маңызды және шешуші жыл болады, – деді Шавкат Мирзиёев.

Жиында осы бағыттағы жаңа мүмкіндіктер мен жоспарлар қарастырылды.

Соңғы 6 жылда отбасылық кәсіпкерлік бағдарламасы аясында 750 мың адам несиелерін уақытылы қайтарып, табысты бизнеске қол жеткізген. Олардың ішінде 58 мыңы жаңа кәсіпорын ашқан. Енді банктер осындай тәжірибелі клиенттерін қолдап, шағын және орта бизнес деңгейіне көтеруі тиіс.

Сол себепті оларға «Шағын бизнесті қолдау» бағдарламасы бойынша шартсыз 300 миллион сум көлемінде несие беріледі. Бұл арқылы алдағы жылдары 1,5 миллион адам жұмыспен қамтылады.

Бұған дейін банктер отбасылық кәсіпкерлік бағдарламалары үшін қаржыны тек мемлекеттен алған. Халық банкі бастама көтеріп, Азия даму банкімен бірге «қаржылық қолжетімділік» бағдарламасы аясында 50 миллион сумға дейін қосымша құжатсыз және кепілсіз несие бере бастады.

Бұл үрдіс бойынша келесі жылы 9 мемлекеттік банк 1 миллиард доллар несие беріп, 250 мың адамды табысты етуге болатыны айтылды.

Белсенді кәсіпкерлер қатысқан 27 ауданда кооперациялар ашылып, жақсы нәтиже көрсетті. Келесі жылы 30 ауданда балық шаруашылығы, қоян өсіру, мал шаруашылығы және ара өсіру бойынша осындай кооперациялар құрылады. Бұл мақсатқа 500 миллиард сум бөлінеді.

Инвестиция тартып, көптеген жұмыс орындарын ашатын стартап жобалар қолдау табады. Осы үшін мемлекеттік банктер венчурлік компаниялар құрып, махалла стартаптарына жалпы 50 миллион доллар көлемінде өз қаражатын бөледі. Әр банк жеке серіктес тауып, стартаптарды бизнеске айналдыратын акселераторлар ашады.

Жиында күрделі аудандардағы жұмыссыздықты азайту мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл аудандарға тәжірибелі кәсіпкерлерді тартып, жобалары үшін жеңілдетілген несиелер мен инфрақұрылымға қосымша қаржы бөлінеді. Осы арқылы 1 миллион 300 мың адамды табысты етуге мүмкіндік бар.

Мемлекет инфрақұрылым жасап берсе, кәсіпкерлер 31 триллион сум көлемінде 3,5 мың жоба және 200 мың жаңа жұмыс орнын құруға ниетті екені айтылды. Келесі жылы осы жобалардың инфрақұрылымына 1 триллион сум бөлінеді.

Тағы бір талдау: 85 мың гектар жерге табысы төмен дақылдар егілгендіктен, оның тиімділігі төмен деңгейде қалып отыр. Осы себепті мұндай жерлер ірі контурға біріктіріліп, жетекші кәсіпкерлерге қосалқы жалға беріледі. Жер иесіне жалдау ақысы және өнімді сатудан үлес төленеді. Жерін пайдаланбаған халыққа жерін өзгеге жалға беру туралы міндетті талап енгізіледі. Келесі жылы бөлінетін 100 мың гектар жер де осындай тәртіппен беріледі.

60 озық қала мен аудан жұмыссыздық пен кедейліктен толық арылу мүмкіндігіне ие. Ол үшін келесі жылы бұл аудандарда 2 миллион адамды жұмыспен қамтып, 417 мың отбасын кедейліктен шығару қажеттігі атап өтілді.

Бұл мақсаттарға жету үшін банктер қаржылық тұрғыда тұрақты болуы тиіс. Сондықтан тек мемлекет қаржысына тәуелді болмай, сыртқы көздерден 6 миллиард доллар тарту маңызды екені айтылды. Сонымен бірге келесі жылы халықтың депозиттері 11 миллиард долларға жеткізілуі тиіс.

Құқықтық негіздің арқасында биыл 5,5 триллион сум көлемінде микрокредиттер мен факторинг қызметтері көрсетілді. Осы тәжірибені пайдаланып, мемлекеттік банктер микрокредиттік және факторинг компанияларын ашып, оған шетелдік инвесторларды тарта алады.

Жиында банктердегі мәселелер де талданып, оларды шешу жолдары қарастырылды.

Мысалы, банктер балансында 3 мың қозғалмайтын мүлік бар. Олар сатылса, қосымша ресурстар мен 150 мың жұмыс орны пайда болады. Сондықтан банктерге қозғалмайтын мүліктерді нарықтық бағамен тікелей сатуға рұқсат берілетіні айтылды.

Сондай-ақ кредит қарызы бойынша кепілдікті сот арқылы өндіріп алу көп уақыт алуда. Сондықтан бұл саладағы заңнаманы өзгерту, кепілге қатысты банктің құқықтарын күшейту және өндірілген мүліктерді жылдам сату қажеттілігі айтылды.

Әкімдіктер мен банктердің махаллаларда бірлесе жұмыс істеу жүйесі көрсетілді. Бұл жерде аудан әкімдері жобаларды жер және инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді, ал банктер кәсіпкерлерге көмек көрсетіп, олардың мәселелерін шешеді және жұмыссыздарды бизнеске тартады.

Осы мақсатта «махалла банкирлері» қызметін жолға қою ұсынылды. Олар махалланың бизнес әлеуетін зерттеп, тұрғындардың идеялары мен қабілеттерін жобаларға айналдырады, халыққа қаржылық тәртіпті, өнімдер мен қызметтерді сатуды үйретеді және жобаларға қолдау көрсетеді.

Жалпы, әлемдік экономиканың қазіргі күрделі жағдайында қаржы-банк жүйесінің барлық деңгейлерінде қаржылық тәртіп пен жеке жауапкершілікті күшейту маңызды екені айтылды.

Жиында әкімдер мен банк басшылары 2025 жылы 5 миллионнан астам адамды табысты ету, 1,5 миллион адамды кедейліктен шығару бойынша есебін баяндады. Жиын барысында өңірлердегі оң тәжірибелер тыңдалып, тиісті басшылардың баяндамасы тыңдалды.