Бүгінде Өзбекстанда шамамен 45 миллион гектар жер қоры бар. 2021 жылға дейін соның небәрі 1 миллион гектары ғана мемлекеттік тіркеуден өткен еді. Соңғы жылдары бірыңғай жүйе құрылып, цифрландыру енгізілгенінің арқасында 42 миллион гектар, яғни жалпы жер қорының 94 пайызы мемлекеттік тіркеуге алынған.
Атап айтқанда, орман және су қорына тиесілі жерлер, қорғалатын табиғи аумақтар толықтай мемлекеттік есепке енгізілді. Транспорт, байланыс, геодезия, энергетика, жол секілді 13 бағыт бойынша мемлекеттік кадастр деректері толық қалыптастырылды, тағы 7 бағыт бойынша жұмыстар аяқталу сатысында тұр.
Саладағы ең өзекті мәселе – жылжымайтын мүлік қатынастарын ретке келтіру. Осы мақсатта жылжымайтын мүлікке қатысты деректердің шынайылығын және сенімділігін мемлекет кепілдік ететін UZKAD атты бірыңғай ақпараттық база іске қосылды. Барлық ғимараттар мен құрылыстар түгендеуден өтіп, жүйеге енгізіліп жатыр. Қазіргі таңда жүйеде 150 мың тұрғын үй, 707 мың тұрғын емес нысан және 44 мың көпқабатты үй туралы деректер тіркелген.
Жуыр ғана уақытқа дейін миллиондаған азаматтар өз үйіне заң жүзінде меншік иесі бола алмай келген еді. Бұл мәселені шешу мақсатында 2024 жылғы 5 тамызда қабылданған «Өз бетінше иеленіп алынған жер учаскелері мен солардағы құрылыстарға құқықты тану туралы» заңға сәйкес, 2025 жылдың қаңтарынан бастап құжаттарды рәсімдеу және меншік құқығын беру жұмыстары басталды.
Таныстырылым барысында алдағы жоспарлар мен басым бағыттар қаралды.
Атап айтқанда, биыл 400 мың жеке үйді UZKAD жүйесіне енгізу көзделген. Бұл тұрғындарға мүлікті сату, жалға беру, мұраға қалдыру, кепілге қою сияқты құқықтық әрі экономикалық әрекеттерді оңай әрі заңды түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта 6 миллион 300 мыңнан астам жеке үй толықтай осы жүйеде көрініс табады.
Қазіргі таңда жылжымайтын мүліктің кадастрлық құны мен нақты нарықтық бағасы арасында үлкен алшақтық бар. Бұл – құқықтық қатынастар мен сауда-саттықта теңсіздікке себеп болып отыр.
Осыған байланысты, 2025 жылғы 5 наурызда қабылданған Президент жарлығына сәйкес, жылжымайтын мүлікті жаппай бағалау жүйесі енгізілуде. Бұл мақсатта Кадастр агенттігінің жанынан Жаппай бағалау бойынша Ұлттық орталық құрылып, оған 40 миллиард сум қаржы бөлініп, білікті мамандар тартылып, нақты жұмыстар басталып кетті.
Аталған бағалау жүйесі биыл алдымен Ташкент қаласында жүзеге асырылады, ал келесі жылдары Нөкіс қаласы мен облыс орталықтары, сондай-ақ қалған өңірлер кезең-кезеңімен қамтылатын болады.
Мемлекет басшысы кадастр деректерінің елдің экономикалық жоспарларын тиімді жасау үшін аса маңызды негіз екенін атап өтіп, салада жүйелілік пен нақтылықты қамтамасыз ету, бюрократиялық кедергілерді азайту, қызмет сапасын арттыру және кәсіпкерлерге қолайлылық туғызу жөнінде нақты тапсырмалар берді.