2022 жылғы тамызда Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев іргетасын қалаған Әл-Хорезми қалашығы бүгінде қарқынды дамуда. Осы аралықта инженерлік желілер тартылып, 1773 пәтерден тұратын 72 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл тағы 1000 пәтерлік 28 тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Жалпы, қалашықта 5000-нан астам пәтер болады.
Қалашық 130 гектардан астам аумақта, Үргеніш халықаралық әуежайы маңында бой көтереді. Ұшақтан түскен қонақтардың алғаш көзіне түсетін көрікті мекен — осы қалашық болмақ. Оның орталығында Әл-Хорезми бабамыздың еңселі ескерткіші орнатылады.
Мемлекет басшысына ескерткіш жобасының тұсаукесері ұсынылды.
Монумент қалашықта салынып жатқан 20 гектарлық саябақтың кіреберісіне орналастырылады. Биіктігі 22 метр, тұғырымен қоса 30 метрден асады.
Президент монументті көркемдік және мағыналық тұрғыдан жетілдіру, сондай-ақ қалашықты көгалдандыруды көбейту бойынша тапсырмалар берді.
Бұған қоса, кеше Мемлекет басшысы Әл-Хорезми университеті мен мамандандырылған мектеп ашу туралы жарлыққа қол қойды. Университет құрамында үш: математика және информатика, аэроғарыштық технологиялар инженериясы және жасанды интеллект факультеттері болады. Оқу үдерісі «Жаңа Өзбекстан» университеті тәжірибесіне негізделіп, БАӘ, Қытай және Ұлыбританияның беделді жоғары оқу орындарымен бірлесіп жүргізіледі. Студенттерді қабылдау 2025–2026 оқу жылынан басталады. Жалпы студент саны – 4–6 мың аралығында болады деп жоспарланған.
Сондай-ақ, қалашық аумағында Ташкенттегі Мұхаммед әл-Хорезми мектебінің филиалы ашылады. Оған 4-сыныпты аяқтаған оқушылар арнайы іріктеумен қабылданады. Оқытудың соңғы екі жылы инженерлікке бейімделген бастапқы даярлыққа арналады.
Қалашықта бұдан бөлек, технопарк пен кеңсе ғимараттары, медицина және мәдениет орталықтары, аллеялар, мектеп пен балабақшалар, спорт кешендері мен сауда-сервистік нысандар бой көтереді.