Ресми статистика бойынша Өзбекстанда жұмыссыздар саны 1 миллион 300 мың адамды құрайды. Биыл еңбек нарығына тағы 2 миллион 400 мың адам келеді.
Осыны ескере отырып, биылғы жылы сапалы әрі кірісі жоғары жұмыс орындары есебінен 5 миллион адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр. Атап айтқанда, қызмет көрсету саласында 2,5 миллион, ауыл шаруашылығында 2,1 миллион, инвестициялық жобалар мен өнеркәсіпте 250 мың, құрылыста 140 мың жұмыс орнын ашуға болады.
Сонымен қатар, заманауи қаржы құралдарын, оның ішінде микроқаржыландырудың жаңа жүйесін кеңінен енгізу арқылы 2 миллион адамды бизнеске тарту көзделген.
Презентацияда жауапты азаматтар 2024 жылы жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты жұмыспен қамтуға көмектесу бағдарламасы туралы ақпарат берді.
Мемлекет басшысы бұл бағдарламаны мақұлдап, оны жүзеге асыру жөнінде қосымша тапсырмалар берді.
Кейінгі жылдары 2 миллион 400 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтыса, енді олардың қызметін кеңейтіп, кезең-кезеңімен шағын кәсіпкерлікке көшіріп, нарықты табуға көмектесу маңызды екені айтылды. Бұған «Менің бизнесім» платформасы мен «Бизнеске бірінші қадам» банктік карталарын енгізу септігін тигізеді.
Экономикалық айналымға кірмейтін жерлерді инфрақұрылымға қосу, жобаларды іске қосу үшін бастамашыларға қолдау көрсету керектігі айтылды. «Агрегатор» жүйесі негізінде «100 мың экспорттаушы диқан» бағдарламасы енгізіліп, биылғы жылы 15 мың гектар жер аукционға шығарылады.
Сондай-ақ еңбек өтілі жоқ адамдарды кәсіптік оқытудың маңыздылығы, азаматтарды әлеуметтік тіркеуден алатын кәсіпорындарға салық жеңілдіктері туралы сөз болды.
Экономика және қаржы министрлігіне жаңа жұмыс орындарын ашудың қосымша резервтері мен мүмкіндіктерін анықтау тапсырылды.
Сондай-ақ презентацияда кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптарды азайту және лицензиялау рәсімдерін жеңілдету жөніндегі ұсыныстар да қарастырылды.
Биылғы жыл Өзбекстанда «Жастар және кәсіпкерлікті қолдау жылы» болып жарияланғаны белгілі. Ол бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Айта кету керек, осы уақытқа дейін кәсіпкерлерден қосымша ақпарат талап ету жағдайлары бар еді. Биылдан бастап есептің 34 түрі жойылуда. Осының нәтижесінде 21 мыңнан астам кәсіпкер жыл сайын 500 миллион сум үнемдейді.
Жалпы, кәсіпкерлер ұсынған есептердің бірыңғай тізімі бекітілмеген. Сондықтан Мемлекет басшысы есеп берудің бірыңғай жүйесін енгізу туралы өкім шығарды.
Сондай-ақ, кәсіпкерлерге қойылатын міндетті талаптарды азайту мақсатында 16 лицензия мен рұқсаттың күшін жою қажет екені белгілі болды.
Осыған орай, кәсіпкерлерге жасалып жатқан жеңілдіктерді жеткізу, олардың ұсыныстарын үнемі зерделеу, статистикалық есептерді қолайлы ету міндеті жүктелді.