Аймақтық және халықаралық экономикалық байланыстарды жақсарту мақсатында осы салада ауқымды жұмыстар атқарылды. Онға жуық мемлекетпен алдын ала ақпарат алмасу жүйесі іске қосылды, кедендік ресімдеу және мәліметтерді өңдеу орталықтары құрылды. 4 ірі кеден бекетінде терминалдар салынды, 20 астам жаңа құрал-жабдықтар орнатылды. Кәсіпкерлер үшін 35 ақпараттық жүйе енгізіліп, экспорттық рәсімдер 9 кезеңнен 3 кезеңге дейін қысқартылды.
Бұл шаралар нәтижесінде шекара арқылы өтетін көлік ағыны 8 есе артып, шамамен 5 миллионға жетті. Мемлекеттік бюджетке түсетін кіріс 9 есеге өсіп, өткен жылы 63 триллион сумнан асты. Жүктерді ресімдеу уақыты импортта 3 сағатқа, экспортта 20 минутқа дейін қысқарды.
Жалпы, жүйенің оңтайландырылуының арқасында 6 мыңға жуық экспорттаушы мен 20 мыңға жуық импорттаушының шығындары мен уақыты үнемделді. Халықаралық логистика рейтингінде Өзбекстанның кеден көрсеткіші 140-тан 74-і орынға көтерілді.
Алайда әлі де цифрландыру, процестерді жеделдету және қолайлылықты арттыру бойынша бірқатар міндеттер бар. Осы бағыттағы іс-шаралар таныстырылымда талқыланды.
Соңғы жылдары кеден аумағында қайта өңдеу түрлері кеңейтілді. Осы шаралар нәтижесінде қайта өңдеуден өткен тауарлардың экспорты өткен жылы 1 миллиард доллардан асты. Бұл жүйені одан әрі оңтайландыру арқылы биыл экспорт көлемін 1,5 миллиард долларға дейін жеткізуге болады.
Көрші мемлекеттермен сауда және туризм байланыстары кеңейіп жатқандықтан, шекарадағы жолаушылар мен автокөлік ағыны кемінде 2 есеге артуы мүмкін. Бұл қосымша инфрақұрылым құруды және бекеттердегі өткізу қабілетін арттыруды талап етеді.
Осыған байланысты халықаралық тасымалдарды көбейту мақсатында автобустар үшін жолаушылар туралы алдын ала мәлімет алу жүйесі енгізілмек. Нәтижесінде, автобустар шекарадан жеңілдетілген тәртіпте өтіп, ресімдеу уақыты екі есе қысқарады. Сондай-ақ, ірі кеден бекеттерінде жеңіл көліктер мен автобустар үшін «қызыл» және «жасыл» дәліздерді енгізу ұсынылуда.
Кедендік бақылауда жасанды интеллектті кеңінен қолдану мәселесіне ерекше назар аударылды. Осы мақсатта Дүниежүзілік банк сарапшыларының көмегімен «тәуекел жүйесі» жетілдірілетін болады. Бұл жүйе қаржылық тұрақтылық, сауда тарихы секілді 122 критерий бойынша кәсіпкерлердің сенімділік деңгейін бағалайды. Сондай-ақ, рентген суреттері жасанды интеллект арқылы талданып, қауіпті тауарлар автоматты түрде анықталады.
Мемлекет басшысы ұсыныстарды мақұлдап, халыққа жеңілдіктер жасау, кәсіпкерлер мен туристерге жедел қызмет көрсету қажеттігін атап өтті. Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру процесінде кеден заңнамасын толық үйлестіру міндеті қойылды.
Кеден институтының әлеуетін арттыру, жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және қауіп-қатерді талдау бойынша білікті мамандар даярлау, дуальды білім беруді кеңейту және тәжірибені жетілдіру маңызды екені айтылды.