Елдің экономикалық және әлеуметтік маңызы бар бұл салаға мемлекет тарапынан кең мүмкіндіктер жасалуда. Соңғы жеті жылда фармацевтика саласында өндіріс екі есе артқан, экспорт 11 есе өскен, 750 миллион доллар инвестиция тартылып, кәсіпорындар саны үш есе көбейген.

Өзбекстанда 3,5 мың түрдегі дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдар өндірілуде. Алайда бұл сұранысты толық қанағаттандырмай отыр.

Соған байланысты Мемлекет басшысы көптеген дәрілерді жергілікті өндіріске ауыстыру және экспортты кеңейту бойынша маңызды бастамалар көтерді.

Асака банк пен Фармацевтика агенттігіне ірі жергілікті кәсіпорындармен бірлесіп 2025 жылда кең таралған 200 түрдегі дәрі-дәрмектерді өндіруді қолға алу және өндірісті екі есе арттыру бойынша бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Бұл жобаларға шетелден 400 миллион доллар көлемінде қолайлы шарттармен инвестиция тартылмақ.

Енді фармацевтика саласында Инновациялық жобалар инвестициялық қоры құрылатын болады. Бұл қор биофармацевтика, жасуша технологиялары, онкология сияқты бағыттардағы жобаларға үлес қосып, оларға катализатор болады.

Тұрақтандыру және даму қоры арқылы Асакабанкке саланы дамыту үшін 100 миллион доллар көлемінде несиелік желі ашылған. Бұл несие лизинг үшін де қолжетімді болады.

Асака банк фармацевтика саласындағы жаңа әзірлемелерді коммерцияландыру және стартап жобаларын қаржыландыру үшін 10 миллион долларлық венчурлік компания ашуды жоспарлауда. Стартап жобалары шетелден қанша қаражат тартса, компания сонша қаржыны қосымша сараптамасыз ұсынатын болады.

Жаңа әзірлемелер үшін Инновация қоры тарапынан 20 миллиард сум грант бөлінеді. Бұл қаржы ғалымдардың жаңа жергілікті дәрілік өнімдерін коммерциялық жобаға айналдыру және стартаптар үшін жұмсалады.

Жергілікті фармацевтика кәсіпорындарына 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін берілген кедендік жеңілдіктер мерзімі тағы үш жылға ұзартылды.

Республика кәсіпорындары жетекші шетелдік фармацевтика компанияларының технологиялары мен рецептері негізінде дәрілер шығарауға дайын. Бірақ бұл үшін құқықтық негіз болмағандықтан, әрбір дәріні жаңа өнім ретінде клиникалық зерттеулерден және тіркеуден өткізу қажет. Бұл ұзақ уақытты талап етеді. Осы себепті бұл тәртіпті жеңілдету маңызды екені айтылды.

Кәсіпкерлердің экспорттық нарықтарын кеңейту үшін АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмектерді бақылау басқармасы (FDA) мен Еуропа медицина агенттігінің сертификаттарын алу шығындары бюджеттен өтеледі.

Өзбекстанда өсімдіктерді өнеркәсіптік әдіспен өсіріп, қайта өңдеу арқылы субстанциялар мен косметикалық компоненттер алу дамуда. Осыған байланысты, Асака банкпен бірлесіп, келер жылы әрқайсысы 5 гектардан болатын дәрілік өсімдіктер плантациялары құрылады және оларды қайта өңдеуге арналған 5 үлгілі жоба іске асырылатын болады.

Жалпы алғанда, фармацевтика саласында 1 миллиард долларлық жобалар жүзеге асырылады. Бұл жобалар жоғары сұранысқа ие дәрілерді шетелдік деңгейде шығарып, нарықта бәсекелестік туғызып, бағаларды төмендетуге бағытталған.

Кездесуде сала өкілдері өндірісті дамыту, өнім сапасы мен экспортын арттыру, ғылым мен білімді ынталандыру бойынша пікірлерін білдірді.