Бұл туралы БҰҰДБ баспасөз қызметі хабарлады.

Жоба аясында елді мекендерге жақын орналасқан мешіттерге арнайы қондырғылар орнатылып жатыр. Осының көмегімен ТЖМ-ның жедел хабарлары мешіттердің сыртқы дауыс күшейткіштері арқылы таратылып, кең жұртшылыққа тез әрі тиімді жеткізіледі.

Қазіргі уақытта Жызақ, Қашқадария, Наманган, Самарқант, Сырдария, Ташкент және Ферғана облыстарындағы 272 мешітке осындай қондырғылар орнатылған.

Мамандардың айтуынша, мешіттер халық арасында үлкен беделге ие әлеуметтік институт болып табылады. Сонымен қатар олар дерлік барлық аумақта бар және 500 метрден 2 километрге дейін естілетін қуатты дауыс күшейткіштермен жабдықталған.

Есеп-қисаптарға орай, бұл жүйе арқылы шамамен 6,5 миллион адамды, соның ішінде әйелдер, балалар және әлеуметтік жағынан осал топтарды қамтуға болады.

Тағы бір маңызды ерекшелігі — бұл жүйе ұялы байланыс немесе электр қуаты үзілген жағдайда да жұмыс істей алады.

Мамандардың пікірінше, климаттың өзгеруі мен табиғи апаттардың қаупі артып отырған жағдайда халықты ерте ескерту, адам өмірін сақтауда және экономикалық шығындарды азайтуда маңызды рөл атқарады.

Сондай-ақ, БҰҰ Даму бағдарламасы мен Жасыл климат қорының қолдауымен халықты ескерту мақсатында негізгі автожолдар мен адам көп жиналатын орындарда 28 сыртқы кең форматты экран орнатылған.