Мемлекет басшысы осы жердегі құрылыс жұмыстарымен танысты.
Ұлы мұхаддис бабамызға бүкіл ислам әлемінде үлкен құрмет көрсетіледі, оның кесенесін көруге ынтық жандар көп. Сондықтан зияратшыларға жағдайды кеңейту мақсатында мұнда ауқымды кешен салынып жатыр.
Кешеннің жалпы аумағы 44 гектарға кеңейтілді. Мұнда 10 мың адамға арналған мешіт және әкімшілік ғимарат салынды. Кешеннің төрт бұрышындағы 75 метрлік мұнаралар оған айрықша салтанат береді.
Қазіргі таңда әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Кешен қабырғаларына «Сахихи Бұхари» еңбегінен хадистер жазылуда.
Мемлекет басшысы бұл кешен тек зиярат орны ғана емес, сонымен қатар білім, тәрбие және өнеге орталығы болуы керек екенін атап өтті. Имам Бұхаридің ұлы ізденістері, білімі мен кемелдігі мұнда келушілер, әсіресе жастар үшін үлгі болуы керек екені айтылды.
Осы мақсатта жаңа кешенде инновациялық музей де құрылуда. Ол ислам әлемінде «мұхаддистер сұлтаны» атанған Имам Бұхаридің өмірі мен ғылыми мұрасын, ислам ағартушылығын дамытуға қосқан үлесін паш етпек. Сондай-ақ музейде Құранда аты аталған 25 пайғамбар тарихы, Мұхаммед пайғамбардың шежіресі, Мекке мен Мәдинадағы өмірі, хадистердің жинақталуы мен жазылуы туралы мәліметтер орналастырылады.
Зияратхана айналасында қонақ үй мен басқа да қызмет көрсету нысандарының құрылысы соңғы кезеңге көшті.
Мемлекет басшысы құрылысты сапалы орындау, адамдарға қолайлылықты арттыру және кешеннің айналасында жасыл аймақтарды көбейту жөнінде тапсырмалар берді.