Бүгінде елімізде 44 мыңнан астам көппәтерлі үйде 7,1 миллион халық тұрады. Оларға 900-ден астам басқарушы қызмет көрсету компаниясы мен 200-ден астам серіктестік қызмет көрсетеді. Сонымен қатар 856 үйде өзін-өзі басқару жүйесі енгізілген.
Кейінгі жылдары көпқабатты үйлер мен оларға іргелес аумақтарды абаттандыру, ортақ мүлікті жөндеу және инженерлік коммуникацияларды жаңғырту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып, тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасы мен ауқымы артты.
Сонымен бірге басқарушы сервистік компаниялардың қызмет тұрақтылығы мен тиімділігін арттыру арқылы қызмет сапасын жақсарту, қосымша сервистік қызмет түрлерін енгізу өзекті болып отыр.
Қолданыстағы басқарушы компаниялардың басым бөлігі міндетті жарналар есебінен жұмыс істейді, ал олардың қызметіне инвестиция салуға дайын кәсіпкерлер саны аз. Бұдан бөлек, сарапшылардың алдын ала есептеулеріне сәйкес, ірі қалалар мен облыс орталықтарында басқарушы сервистік компаниялардың жасырын табыстары ресми кірістерден кемінде екі есе жоғары. Мұның барлығы салаға табыс әкелетін жаңа модель әзірлеу қажеттігін көрсетеді.
Осыған байланысты 2026–2030 жылдары кейбір қала мен аудандарда көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың кластерлік жүйесін құқықтық эксперимент ретінде енгізу ұсынылды.
Эксперимент аясында үйлердің жағдайы талданып, олар «жасыл», «сары» және «қызыл» санаттарға бөлінеді, кемінде 7 мың пәтерден тұратын лоттар қалыптастырылады және 5 жылдық даму бағдарламалары әзірленеді. Лоттар мен мастер-жоспарлар аудандық кеңестер тарапынан бекітіледі, ал басқарушы ұйымдар «Менің үйім» жүйесі арқылы меншік иелерінің дауыс беруі негізінде таңдалады.
Басқарушы ұйымдарға ең төменгі қаржылық және ұйымдастырушылық талаптар белгіленеді. Атап айтқанда, меншікті қаражатының болуы, материалдық-техникалық базасы, тәулік бойы (24/7) диспетчерлік қызмет көрсету жүйесінің жұмыс істеуі міндетті болмақ. Сонымен қатар қосымша табыс көздері ретінде тұрмыстық қызмет көрсету орталықтарын ұйымдастыру, жеңіл конструкциялы нысандар салу және оларды ұзақ мерзімге пайдалану мүмкіндіктері қарастырылады.
Міндетті жарналар мен басқарушы ұйымдардың қызметтерінен түсетін барлық қосымша кірістер тек «Менің үйім» биллинг жүйесі арқылы есепке алынады. Осы тәртіпті сақтамай жарналарды есепке алу бухгалтерлік есеп пен қорытынды талаптарын бұзу болып саналады.
Ортақ мүлікті жалға беру немесе тегін пайдалануға беру жөніндегі шарттар салық органдарында міндетті түрде тіркеледі. Белгіленген тәртіп бұзылған жағдайда басқарушы ұйым электрондық тізілімнен шығарылады. «Менің үйім» ақпараттық жүйесі арқылы жалпы жиналысты бастамалау, талқылау жүргізу, шешім қабылдау, шарт жасасу, есеп тапсыру, сондай-ақ өтініштерді жолдау және қарау мүмкіндіктері толық іске қосылады.
Егер әр тоқсанның қорытындысы бойынша «Менің үйім» жүйесіне қорытынды мәліметтер енгізілмесе, келесі айлар үшін міндетті жарналарды есептеу деректер енгізілгенге дейін уақытша тоқтатылады және кейіннен қайта есептелмейді. Сонымен қатар көппәтерлі үйлердің техникалық жағдайы, жер учаскелері, энергия мен су тұтыну көрсеткіштері туралы мәліметтерді қамтитын «Тұрғын үй» ұлттық ақпараттық жүйесі кезең-кезеңімен іске қосылады.
Көппәтерлі үйді пайдалануға қабылдау кезінде кадастрлық құжаты рәсімделіп, ол «Тұрғын үй» жүйесінде автоматты түрде көрініс табуы, ал орнатылған күн панельдері ортақ мүлік ретінде басқару органына табысталуы міндетті болды. Бұл талаптар орындалмаған жағдайда үй пайдалануға қабылданбайды.
Тағы бір маңызды мәселе – саланы цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу. Ең алдымен басқарушы сервистік компаниялардың диспетчерлік қызметтеріне жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін жүйелерді енгізу, өтініштермен жұмыс істеу және қызмет көрсету жылдамдығын арттыру қажеттігі атап өтілді.
2026–2030 жылдары саладағы институционалдық реформаларды жалғастыру, әкімдіктер жанынан тұрғын үй-коммуналдық саланы бақылайтын аумақтық инспекциялар құру, олардың бюджеттен тыс қорларын қалыптастыру, сондай-ақ әкімнің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жөніндегі орынбасары лауазымын енгізу ұсынылды.
Мемлекет басшысы жауапты тұлғаларға қысқа мерзімде саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру, тұрғын үй меншік иелері мен басқарушы сервистік компаниялар үшін бірдей тиімді, экономикалық тұрғыдан тұрақты әрі ашық жүйе қалыптастыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.