Бұл кешен Кореяның халықаралық ынтымақтастық агенттігі – KOICA-ның 9 миллион долларлық гранты есебінен тұрғызылған. Заманауи кәсіптерді оқытуға қажетті құрал-жабдықтар мен симуляциялық құрылғылар орнатылған. Мұнда автомобильге техникалық қызмет көрсету, дәнекерлеу, жүк көтергіш техника машинисті, электроника және тұрмыстық техника жөндеу, жиһаз жасау, шаштараз және косметология, мобилография, қонақүй қызметі сынды 10 мамандық үйретіледі.

Осы мақсатта шамамен 2 гектар аумақта заманауи оқу ғимараттары, практикалық сабақ бөлмелері, 64 орындық жатақхана және басқа да қосымша нысандар салынған. Орталық жылына 300 тыңдаушыны 6 айлық кәсіптік даярлық курстарында оқыта алады.

Президент оқу-тәжірибелік бөлмелерді аралап көрді. Қонақүй ісі бағыты бойынша білім алып жатқан жастармен шынайы сұхбат өткізді.

– Үргеніш әуежайын Инчхон әуежайымен әріптестік бойынша әлемдік деңгейге көтереміз. Ірі туризм орталықтары мен қонақүйлер салынуда. Енді шетелдік туристер көптеп келуі үшін қызмет те халықаралық деңгейде болуы керек. Олар біздің тарихымыз бен табиғатымызды көруге келеді, ал егер қызмет көрсету жоғары болса – қуанған күйде кетеді. Мұның бәрі қызмет көрсетушілердің қарым-қатынасы, этикасы және деңгейіне байланысты. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып, мамандықты жақсы меңгеріңіз. Болашақта өздеріңіз де кәсіпкер болуға ұмтылыңыздар, – деді Шавкат Мирзиёев.

Орталықта Миграция агенттігі және Кореяның Hyundai, Германияның SBH West компанияларымен серіктестікте электромобильдерге қызмет көрсету мамандығы да енгізілген. Бұл – ішкі және сыртқы еңбек нарығы талаптарына сай мамандар даярлауға жол ашады.

Халықаралық ынтымақтастық кең көлемде жолға қойылған. Биылғы қаңтарда орталықтың басқару қызметкерлері Корея Республикасында екі апталық оқудан өтіп қайтты. Қазіргі уақытта бұл елде 20-дан астам оқытушы мен инструкторлар біліктілігін арттыруда.

Президент білікті кәсіптік дайындық – индустрияландыру мен жалпы мемлекеттік дамудың негізгі іргетасы екенін атап өтті. Жабдықтарды тиімді пайдалану, сабақтардың ауысымдарын дұрыс ұйымдастырып, көбірек жастарды қамту жөнінде тапсырмалар берілді.

Мемлекет басшысы Хорезмге сапарын аяқтап, Ташкентке қайтып оралды.