2022 жылдың жағдайы бойынша, еліміздегі 10130 мектептің 4019-ында асхана бар. Оның 2500-інде уақытша буфет қызмет көрсетуде.  Ал 3611 мектепте буфет те жоқ. Соның салдарынан оқушылар арасында дұрыс тамақтанбау, тамақтан улану, салмақ қосу сияқты келеңсіз жағдайлар орын алуда.

Алайда, білім беру орындарындағы асханалардың қызметі  Министрлер Кабинетінің 2016 жылғы 2 майдағы №132-санды қаулысымен бекітілген Жалпы орта және орта арнаулы, кәсіптік-техникалық білім беру орындарында салауатты тамақтануды ұйымдастыру тәртібі туралы ереженің негізінде ұйымдастырылады.

Жалпы орта және арнаулы орта, кәсiптiк-техникалық оқу орындарында оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастырудың санитарлық ережелерi, нормалары және гигиеналық нормативтері (Өзбекстан Республикасы Әдiлет министрлiгi тарапынан 2021 жылдың 21 июлінде 32-санымен есепке алынған) негізінде мектеп асханаларына  жалпы талаптар белгіленген.

Бұған мектеп асханаларында жұмыс істейтін кәсіпкерлер мен аспаздардың сол талаптарды жеткілікті деңгейде білмеуі және мектеп әкімшілігінің асхана қызметін бақылаудағы кемшіліктері себеп болуда.

Балалар мен жасөспірімдердің дамуы мен өсуі тамақ пен азықтық заттардың дұрыс балансын қажет етеді. Дұрыс тамақтану балалар мен жасөспірімдерде әртүрлі аурулардың пайда болуына жол бермейді, сонымен қатар олардың өмір бойы дұрыс тамақтану әдеттерін қалыптастырады. Осы себепті шетелдерде мектептегі білім беруден бастап дұрыс тамақтануды қалыптастыру механизмдері жолға қойылған.

Мысалы, Австралияда мектеп асханаларында азық-түлік қауіпсіздігі бойынша бақылаушы жұмыс істейді. Бақылаушы өз қызметін жүзеге асыру үшін арнайы дайындығы және сертификаты болуы керек. Оның міндеттеріне мектеп асханаларының азық-түлік қауіпсіздігінің заңды талаптарына сәйкестігін бақылау, мектеп оқушылары мен қызметкерлеріне тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы ақпарат беру кіреді. Мектеп әкімшілігі мектепте азық-түлік қауіпсіздігі бақылаушысы қызметінің құрылғаны туралы тиісті органға хабарлауы керек.

Финляндия балаларды мектепте тегін тамақпен қамтамасыз еткен әлемдегі бірінші мемлекет. 1948 жылдан бастап оқушыларды тегін тамақтандыру жүйесі жолға қойылған. 1960 жылдардың басына дейін мектеп тағамдары негізінен көже мен ботқадан тұратын. 1960 жылдан бастап мектеп тағамдарының түрлері көбейген.

Финляндияда мектептегі тамақтану ережелерін белгілейтін арнайы кеңес бар. Бұл елде мектептегі азық-түлікті бақылайтын және бағалау үшін жергілікті әкімдіктер жауапты.

Мектеп асханасы оқушыларды асықпай тамақтануға шақырады. Тамақтану кезінде оқушылардың өзара қарым-қатынасын жақсартуға баса назар аударылады. Тамақтың дәмі мен температурасына да ерекше мән беріледі. Мектеп асханасында мәзірде көрсетілгеннен басқа өнімдерді сатуға тыйым салынады.

Шотландияда 2007 жылы «Мектептерде денсаулықты нығайту және тамақтану туралы» заң қабылданған. Ол мектептегі түскі ас, тамақ пен сусындар үшін стандарттарды белгілейді. Сонымен қатар, мектептерде сатуға тыйым салынған өнімдер мен сусындардың тізімі бекітілген.

Тыйым салынған өнімдердің тізіміне кондитерлік өнімдер, шоколад және шоколад өнімдері, шоколадпен қапталған өнімдер, тәттілер, соның ішінде қантсыз тәттілер (мысалы, сағыз/желатин, қызылмия, жалбыз және басқа тәттілер, лолипоптар, фуж, таблетка, ирис, шырын, зефир) , шоколад, йогурт немесе қантпен қапталған кептірілген жемістер мен жаңғақтар, өңделген жеміс десерттері, қуырылған тағамдар, өндіріс кезіндегі көп қуырылған өнімдер (чипсы, қуырылған шұжықтар, қуырылған гамбургерлер және т.б.),  майлы, натрий және қант  мөлшері белгіленген нормадан жоғары болған және 25 грамнан көп орамдағы тағамдар енген. Оқушыларға қосымша тұз берілмеуі тиіс.

Сондай-ақ салқын сусындар, қантсыз сусындар, қант қосылған жеміс шырыны, тәтті қосылған немесе тұздалған көкөніс шырыны, көңіл көтеретін сусындар, спорттық сусындар тыйым салынған сусындар тізіміне енгізілген.

Мемлекеттік және грант негізіндегі мектептердің басшылығына мектептерде берілетін тамақ пен сусындардың белгіленген талаптарға сай болуын қамтамасыз ету міндеті жүктелді. Мектептерде асхана ұйымдастырғысы келетін кәсіпкерлер де осы талаптарды орындауы тиіс.

Дәл осындай дұрыс тамақтану тәртібі Еуропа мен Азияның елдерінде, сондай-ақ АҚШ мектептерінде де ұйымдастырылған. Мысалы, Италиядағы мектептің тамағына әдетте ет, көкөніс және жеміс қосылған макарон, ал Швецияда салатқа арналған негізгі тағам мен көкөністер кіреді. Оңтүстік Кореяда студенттер күріш, сорпа, кимчи, жеміс-жидек және йогурт сусындарын жейді.

Америка Құрама Штаттарында ұлттық мектеп бағдарламасының көмегінде мектептерде тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Мысалы, бағдарлама арқылы 2016 жылы 13,6 миллиард долларға 30,4 миллионнан астам бала  жеңілдетілген бағамен немесе тегін түскі аспен қамтамасыз етілген.

Жапония мектебі әдеттегі түскі ас күріштен, негізгі тағам (ет, балық немесе тофу), көкөністі тағам, сүттен және жемістерден тұрады. Мәзір баланың күнделікті қызметі үшін жеткілікті  болған 600-700 калорияны қамтамасыз ету үшін мұқият теңдестірілген.

Жапонияда бірінші мектептің түскі ас бағдарламасы 1923 жылы басталған және ол негізінен кедей және дұрыс тамақтанбаған балалардың әл-ауқатына бағытталған. Бұл бағдарлама Жапонияның барлық мектептерінде 1954 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Мектептегі түскі ас туралы заң бірнеше негізгі мақсатты көздейді.

Оның ішінде балалардың дұрыс тамақтану дағдыларын қалыптастыру, мектепте ұжымдық қарым-қатынасты нығайту, дұрыс тамақтану арқылы балалардың денсаулығын жақсарту, балаларды дұрыс тамақтануға үйрету.

Эстонияда үкімет әрбір тағам үшін 1 еуро көлемінде субсидия береді. Қалған шығындарды жергілікті билік органы немесе баланың қамқоршылары яки екі тарап өтейді. Польшада да бастауыш мектеп асханалары да ішінара субсидияланады. Атап айтқанда, ата-аналар тамаққа ақша төлейді. Жергілікті билік органы асүйдің барлық басқа шығындарын өтейді (мысалы, аспаздардың жалақысы мен жабдықтары).

Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, мектеп асханаларын дамыту бойынша мынадай ұсыныстар жасалды:

  • біріншіден, еліміздегі мектеп асханаларында азық-түлік қауіпсіздігі инспекторы қызметін жолға қою;
  • екіншіден, республикалық деңгейде мектептерде тегін тамақтандыру жүйесін жолға қоюдың әлеуметтік-экономикалық негіздеріне талдау жасау;
  • үшіншіден, мектеп асханаларының қызметін ішінара субсидиялау тәжірибесін енгізу.

Адиба САФАРОВА,
Әділет министрлігіне қарасты Құқықтық саясат зерттеу институтының жауапты қызметкері.