Италияның Триест қаласындағы Халықаралық генетикалық инженерлік орталығы (ICGEB) зерттеушісі Серена Заккинья басшылығындағы топ жүректің тұрақты қозғалысы қатерлі ісік жасушаларының дамуына кедергі келтіреді деген болжам ұсынды.

Зерттеу барысында ғалымдар бірнеше тышқанға екінші жүректі трансплантациялады. Бұл жүрек қанмен қамтамасыз етілгенімен, толық соға алмады және насос қызметін атқармады. Кейін ісік жасушалары жануарлардың ағзасына енгізілді.
Нәтижесінде, соға алмайтын жүрек ісік жасушалары тарапынан толық зақымданған, ал қалыпты жұмыс істейтін жүрек қатерлі ісікке шалдықпаған.
Ғалымдар қосымша зерттеулер жүргізіп, қатерлі ісік жасушаларына ең көп әсер ететін факторды анықтады. Олар жүрек тінін өсіріп, жасушалардың қысым мен созылуға реакциясын бақылаған. Белгілі болғандай, ісіктердің дамуына кедергі келтіретін негізгі фактор — қысым.
Мамандардың айтуынша, бұл жаңалық болашақта қатерлі ісікті емдеудің жаңа тәсілдерін әзірлеуге жол ашуы мүмкін. Алайда бұл нәтижелерді тәжірибеде қолдану мүмкіндігі әлі толық анықталмаған, деп хабарлады kazinform.