Өзбекстанда өнеркәсіп, энергетика, инфрақұрылым және қызмет көрсету салаларында көптеген ірі жобалар жүзеге асырылуда. Әр өңірде жаңа тұрғын үйлер, білім беру және медициналық мекемелер, туризм және мәдениет нысандары бой көтеруде.

Республиканың өнеркәсіп әлеуетін арттыруда стратегиялық мәнге ие 3-мыс байыту фабрикасы да осындай ауқымды жұмыстар мен халқымыздың еңбекқорлығының жемісі болып табылады.

«Ёшлик -1» кенін игеру бағдарламасы аясында 196 гектар аумақта жүзеге асырылатын 2,7 миллиард долларлық жоба тек қана кәсіпорын емес, еліміздің өнеркәсіп қуатын нығайтатын, табиғи байлықтарды терең қайта өңдеуге арналған заманауи индустриалды кешен болып саналады.

Фабрика жылына 60 миллион тонна кен өңдеп, шамамен 900 мың тонна мыс концентратын өндіру мүмкіндігіне ие. Бұл Алмалықты тек Орталық Азиядағы ең ірі мыс өндіруші кешендердің бірі ғана емес, әлемдегі ірі байыту фабрикалары қатарында тұрады.

Жобаны халықаралық стандарттар деңгейінде жүзеге асыру үшін Италияның «Wood», Ұлыбританияның «Worley Parsons» сияқты компаниялары тартылды. Фабрикада әлемдік жетекші компаниялар – «Metso», «FLSmidth», «Weir Minerals» және «Siemens» технологиялары енгізілді.

Бұл жоба өңірдегі басқа өнеркәсіп салаларының дамуына да серпін берді. Құрылыс жұмыстарына пайдаланылған металл конструкциялар көлеміне сәйкес 10 Эйфель мұнарасын, ал темір-бетонның үлесіне 2,5 Бурдж Халифаны салуға болады. Бұл фабриканың мегажоба екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.

«Жасыл кеңістік» жалпыұлттық бағдарламасы аясында фабрика аумағында кең ауқымды көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Тамшылатып суару жүйелері мен экодизайн шешімдері өнеркәсіп пен табиғат арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді.

Мемлекет басшысы өз сөзінде соңғы жылдары тау-кен өнеркәсібінде жүргізілген реформалардың нәтижелері мен болашақ жоспарлар туралы айтты.

Инвесторларға кен орындарын беру бойынша ашық жүйе жасалғандықтан кейінгі 9 жылда 10 миллиард доллар шетелдік инвестиция тартылды. Бүгінгі таңда салада 65 жеке кәсіпорын жұмыс істейді.

Соның нәтижесінде өндіріс көлемі 1,7 есеге өсәп, өткен жылы 270 триллион сумға жетті. Сала көлемі мен бюджетке түскен кірістің төрттен бірі тау-кен өнеркәсібіне тиесілі. Маңызды жайт, ең көп табысты жұмыс орындары да осы салада қалыптасады.

Шетелдік серіктестермен жоғары білікті кадрларды даярлау жолға қойылғаны да үлкен жетістік ретінде атап өтілді.

Атап айтқанда, Алмалықта «Мәскеу болат және қорытпалар институты» филиалы, Алмалық техникалық институты, Ташкенттегі Геология ғылымдары университеті (Ухань геология университетімен бірлесіп) және Италияның Пиза университетінің филиалы ашылды. Науаи кен-өнеркәсіп технологиялары университетінде Ресей, Канада, АҚШ, Франция және Чилидің ірі университеттерімен бірлескен бағдарламалар жүзеге асырылды.

Осылардың нәтижесінде бұрын негізінен шикізат ретінде экспортталған қымбат және түсті металдар қазір жылына 100 мың тонна көлемінде елімізде қайта өңделіп, жоғары құнды өнімге айналып отыр. Қысқа мерзімде зергерлік өнеркәсіп өндірісі 3,3 есеге өсіп, 13 триллион сумнан асты.

Мемлекет басшысы биыл іске қосылатын жобаларды есепке ала отырып, мыс қайта өңдеу қуаты 240 мың тоннаға жететінін, ал алдағы екі-үш жылда жаңа жобалар арқылы бұл көрсеткіш одан әрі артады деп атап өтті.

Мыс өнеркәсібі, энергетика, электротехника, сандық экономика, жасыл даму және жасанды интеллект үшін стратегиялық шикізатқа айналғаны айтылды.

– Мыс өнеркәсібінде жоғары құндық тізбекті құратын мемлекет болашақ өнеркәсіптің негізін қалайды. Қай мемлекет осы шикізатты терең өңдеу үшін қуатты инфрақұрылым жасаса, ол мыңдаған отбасыларға табыс, өңірлерге даму, елге қуат әкеледі. Сол себепті біз реформалардың алғашқы күндерінен бастап геологиялық барлау жұмыстарына ерекше көңіл бөлдік, – деді Мемлекет басшысы.

Бір ғана «Ёшлик-1» кенінен биыл 20 миллион тонна руда өндіріледі. Келесі екі жылда бұл көрсеткіш 60 миллион тоннаға жетеді.

Жалпы «Ёшлик-1» және «Қалмаққыр» кендерінде 45 миллион тонна мыс, 5 мың тоннадан астам алтын қоры бар, бұл шикізат өндіріс үшін кемінде 100 жылдық кепілді база болып табылады. Кендердегі молибден, селен, теллур, рений сияқты сирек металдар жаңа инновациялық жобаларға мықты негіз береді.

3-мыс байыту фабрикасы толық іске қосылғаннан кейін Алмалық комбинатында мыс концентратының күндік көлемі қазіргі 2 400 тоннадан 5 000 тоннаға жетеді. Жобада 6 мыңнан астам жасқа жоғары табысты жұмыс орны беріледі. Фабрикада АҚШ, Германия, Ресей, Қытай және Финляндияның ең озық тау-кен технологиялары енгізілуде. Барлық технологиялық процесс цифрландырылып, жасанды интеллект негізінде басқару жүйесіне қосылады. Бұл энергия шығынын 10 пайызға, өзіндік құнды 15 пайызға азайтып, еңбек өнімділігін 10 пайызға арттырады.

Сонымен қатар, құны 2,5 миллиард доллар болатын жаңа мыс балқыту зауыты құрылыс жұмыстары басталды.

Екі ірі қуаттың есебінен мыс катоды өндірісі жылына 148,5 мың тоннадан 300 мың тоннаға, алтын – 20 тоннадан 33 тоннаға, күміс – 161 тоннадан 203 тоннаға, молибден – 850 тоннадан 1,7 мың тоннаға жетеді. Сондай-ақ уран өндіру және химия өнеркәсібіне қажет сульфат қышқылы өндірісі 3 есеге артады.

Мемлекет басшысы бұл көрсеткіштерді тағы 1,5 есеге арттыратын 4-мыс байыту фабрикасының жобалық жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын атап өтті.

Өзбекстан 2030 жылға қарай алтын өндірісін 175 тоннаға, күміс – 500 тоннаға, уран – 15 мың тоннаға, мыс – 500 мың тоннаға жеткізуді мақсат етіп отыр. Осыған орай 22 миллиард долларлық жобалар аясында 40 мыңнан астам жоғары табысты жұмыс орны ашылады.

Мемлекет басшысы фабриканы салуға қатысқан барлық жұмысшы, құрылысшы, инженер, геолог, тәжірибелі мамандар және шетелдік серіктестерге ризашылық білдіріп, фабриканың жаңа ұжымына алдағы жұмыстарына табыс тіледі.

Комбинат жұмысшылары, еңбек ардагерлері, профессор-оқытушылармен кездесулер өтті.

Рәсім соңында Мемлекет басшысы символдық батырманы басып, фабриканың жұмысын іске қосты.